«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БЕЙНЕБАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІ: МЕКТЕП ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК

«Мектепте балалар өздерін қай жағынан да жайлы сезінуі керек. Бөгде адамдардың мектепке кіруіне жол беруге болмайды. Сондықтан, білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесі орнатылады. Көп жыл бұрын салынған ескі мектептер талапқа сай емес. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, мектептердің қауіпсіздігін толық тексеруі керек. Сондай-ақ, жаңа мектептердің жобасын жасағанда бұл мәселе мұқият ескерілуге тиіс». Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті

БҮГІНДЕ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МЕМЛЕКЕТТІҢ АСА МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕРІНІҢ БІРІНЕ АЙНАЛЫП ОТЫР. ОСЫ МАҚСАТТАҒЫ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ТАПСЫРМАСЫНА СӘЙКЕС, ҚАЗІРГІ ТАҢДА ЕЛ БОЙЫНША БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА БЕЙНЕБАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІ КҮШЕЙТІЛУДЕ. БІЗ ДЕ БҮГІНГІ МАҚАЛАМЫЗДА АУДАН МЕКТЕПТЕРІНДЕГІ БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАСАЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАР, ОНЫҢ ІШІНДЕ БЕЙНЕБАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІ ТУРАЛЫ ТАРҚАТАМЫЗ.

МИНИСТР: ОҢ ДИНАМИКА БАЙҚАЛАДЫ

Еліміздегі мектептердің барлығы дерлік бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Бұл ақпаратты Үкіметтің кеңейтілген отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты. Оның мәліметінше, 2020 жылмен салыстырғанда бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету – 2,5 есеге, жедел басқару орталықтарына қосылу – 11 есеге, лицензияланған күзетпен қамту – 7 есеге және дабыл түймесін орнату – 21 есеге артқан. Сонымен бірге жүргізілген мониторинг нәтижесінде білім беру ұйымдарында қауіпсіздіктің оң динамикасы байқалған. Министр өз баяндамасында: «Білім мекемелері бейнебақылау жүйелерімен 100 пайыз қамтылған, әкімдіктер оларды нұсқаулықтың жаңа талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын жүргізуде. Ал жедел басқару орталықтарына 6 мыңға жуық білім ошақтары қосылған. Лицензияланған күзетпен 2 мыңға жуық, дабыл түймелерімен 2400-ден аса білім беру нысандары қамтылған», — деді.

МЕКТЕПТЕРДЕ ЖАЛПЫ САНЫ 688 БЕЙНЕКАМЕРА БАР

Аудан мектептерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аудандық білім бөлімінің басшысы бүгінде аудан аумағындағы жалпы білім беретін 37 мектептің барлығы да бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілгенін айтты.

Аудандағы барлық мектепте бейнебақылау камералары бар. Бұл — оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда аудан мектептерінде жалпы саны 688 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 290-ы мектептердің сыртын, 327-сі мектеп дәліздерін, 21-і актзалдарын, 23-і спортзалдарын, 24- і асханаларды бақылап тұр. Ал оқу кластарында әзірге 3 қана бейнекамера қойылған, — деді аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол.

Оның сөзінше, аудандық білім бөліміне қарасты 11 мектепте 18 дабыл түймесі бар. Бүгінде оның барлығы жасап тұр. Ал 12 мектепке 21 турникет құрылғысы қойылған. Қалған мектептерге дабыл түймесі мен турникет құрылғысын орнату үшін облыстық білім басқармасына бюджеттік өтінім берілген.

Біздің маңызды міндеттеріміздің бірі – мектептегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ата-аналар да мектептегі баласының жағдайы мен қауіпсіздігі үшін алаңдайтыны анық. Қауіпсіздік үшін жасалып жатқан жұмыстардың барлығы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жүргізілуде. Осы уақытқа дейін атқарылған шараларға қарамастан, ауданда бейнебақылау мәселесі әлі де бар. Алдағы уақытта бейнебақылау камерасын, дабыл түймесін, турникет құрылғысын қажет ететін мектептерді аталған құрылғылармен қамтамасыз ету үшін жұмыстанудамыз. Облыстық білім басқармасына қажетті қаржыға байланысты ұсыным бердік, — деді бөлім басшысы.

ҚАУІПСІЗДІК ҚҰРЫЛҒЫЛАРЫНЫҢ БОЛУЫ – МАҢЫЗДЫ

Қандыағаш қалалық№5 орта мектебінің директоры Сапарғали Бердібеков мектептерде бейнебақылау жүйесінің көптеп қондырылғаны дұрыс деп есептейді. Себебі бейнебақылау мектепте орын алатын қандайда бір қылмыстың алдын алуға, құқықбұзушылықты болдырмауға септігін тигізеді. Ол өзі басшылық ететін мектепте жалпы саны 52 бейнекамера орнатылғанын, оның 13-і аудандық полиция бөліміне қосылғанын жеткізді. Ал Ембі қаласындағы №2 жалпы білім беретін орта мектебінің директоры Естібай Құлымшин мектеп аумағында орнатылған бейнекамераларды өзі тікелей бақылап отыратынын жеткізді.

Мектебіміз қауіпсіздік жүйесімен толықтай қамтылған. Мектепте жалпы саны 41 бейнабақылау құрылғысы бар. Оның 29-ы аудандық полиция бөліміне қосылған. Сонымен бірге турникет құрылғысы, дабыл түймесі, жедел басқару күзеті барлығы де жүйелі жұмыс жасап тұр. Біздің мектепке камера орнатылғанға дейін де, кейін де анау айтарлық құқықбұзушылықтар орын алмады. Дегенмен бейнабақылау жүйесі түрлі тәртіп бұзушылық пен қылмыстың алдын алады, — деді мектеп директоры. Жұрын ауылындағы Қ.Жұбанов атындағы орта мектепке қауіпсіздікті толыққанды қамтамасыз ету үшін дабыл түймесі мен турникет құрылғысы қажет. Бұл туралы мектеп директоры Нұрбол Ибраев айтты. Сондайақ аталған мектепте жұмыс жасап тұрған 13 бейнекамераның барлығы дерлік аудандық полиция бөліміне тіркелген.

Мектепке аталған құрылғылардың қажет екенін айтып, аудандық білім бөліміне ұсыныс жасалды. Алдағы уақытта ақырындап барлық мәселе шешімін табады деп ойлаймын, — деді ол.

Еңбек ауылдық округінің орталығы Сағашилі орта мектебінде жалпы саны 16 бейнекамера бар. Бейнебақылау құрылғыларының 10-ы мектеп ішіне, 6-уы мектеп сыртына орнатылыпты. Бұлардың барлығы да аудандық полиция бөлімінің қадағалауында екен.

Мектеп жанындағы интернатта 8 бейнекамера бар. Төртеуі іште, төртеуі сыртта орналасқан. Мектептің кіреберісінде турникет орнатылған. Бүгінде барлығы тыныш, бақылауда ұстап отырмыз. Осы уақытқа дейін оқыс оқиғалар орын алмады. Ұжым да, балалар да өздерінің бақылауда екендерін толық сезінеді. Өзім және шаруашылық ісі жөніндегі орынбасарым мектеп аумағындағы бейнекамераларды ұялы телефонымызға қондырып алдық. Бейнебақылау жүйелері балаларға қатысты жасалған құқық-бұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді, — деді мектеп директоры Қайрат Сарсенбаев.

Бүгінде дабыл түймесі қондырылып жатқан мектептердің бірі – Ақкемер жалпы білім беретін орта мектебі. Аталған мектеп директоры Асел Бүркіталинаның айтуынша, мектепте жалпы саны 23 бейнекамера бар екен.

Мектептің іші мен сыртына қондырылған бейнекамераларды күзет қарап отырады. Құрылғылар аудандық полиция бөліміне қосылған. Мектепке турникет қойылды. Балалардың кіріп-шыққанын, бөгде адамдардың кірмеуін үнемі қадағалап отырамыз. Білім ордасында төтенше жағдай орын алған кезде дұрыс, әрі шұғыл әрекет жасау үшін қауіпсіздік құрылғылары аса қажет. Қауіпсіздік жүйелері толық орнатылған жағдайда мектеп аумағында орын алатын барлық жағдай бақылауда болады. Бұл мектеп қабырғасында тәлім алып отырған әрбір оқушының қауіпсіздігіне, бөгде адамдардың және қоғамдық тәртіпті бұзуға ниеттенгендердің ішке еніп кетуінен қорғаудың тиімді тәсілі, — деді мектеп директоры.

БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАСЫН АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАҚЫЛАЙДЫ

Жалпы, мектептегі қауіпсіздік мәселесі тек қана аудандық білім бөліміне тиесілі емес. Осы орайда аудандық полиция бөлімімен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңдамектептерде орнатылған бейнебақылау камераларының 230-ы аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығына қосылған. Атап айтатын болсақ, Қандыағаш қалалық№1 орта мектебінде — 13, №2 орта мектебінде — 16, №3 мектеп-гимназиясында — 12, №4 орта мектебінде — 11, №5 орта мектебінде — 15, Ембі қалалық№1 орта мектебінде — 14, №2 орта мектебінде — 32, №3 орта мектебінде – 8, №4 орта мектебінде — 16, №7 орта мектебінде — 16, Жем қалалық №5 орта мектебінде — 8, Жаңажол орта мектебінде — 16, Сағашилі орта мектебінде — 16, Ақкемер орта мектебінде — 10, Мұғалжар орта мектебінде — 13, Жұрын ауылындағы Қ.Жұбанов атындағы жалпы білім беретін орта мектепте – 14 бейнекамера орнатылған.

Балалардың қауіпсіздігі – келешегіміздің кепілі. Бұл барлық тиісті органдардың – басты міндеті деп ойлаймын. Сол себепті де бұл мәселе – аудандық полиция бөлімінің ерекше бақылауында. Бұрын терроризмге осал нысандар қатарына 200 адамнан тұратын білім ошақтары кіретін. Бүгінде бұл өлшем 100 оқушыға дейін өзгертілді. Осыған байланысты лаңкестікке қарсы, оқушыларды қорғау жөніндегі нұсқаулық бекітілді. Енді адам саны 300-ге дейінгі мекемелерде бейнебақылау мен дабыл жүйесі болуы керек. Ал 700 адамға дейінгі объектілер бейнекамераларды Жедел басқару орталықтарына қосып, дабыл түймелерін орнатуы қажет. Егер оқушылар саны 700- ден асса, бұл ұйымдарда турникеттер және лицензиясы бар күзетпен жасақталған келісімшарт болуы қажет, — деді аудандық полиция бөлімі, ақпараттандыру және байланыс тобының аға инспекторы, полиция майоры Райхан Махамбетова.

Аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығына мектептерден өзге бөбекжай-бақшалар қосылған. Ақкемер ауылындағы «Әділ», Құмсай ауылындағы «Бәйтерек», Қандыағаш қаласындағы «Самал», «Күншуақ», «Жансая», Көтібар ауылындағы «Балдырған», Жағабұлақ ауылындағы «Балауса» бөбекжайбақшаларын аудандық полиция бөлімінің мамандары бейнебақылау арқылы бақылап отырады.

Мектептерде оқыс оқиғалар орын алған жағдайда бейнебақылауға жауапты адам дабыл түймесін басу арқылы бізге белгі береді. Біз шұғыл түрде баянат толтырып, 102 нөміріне хабарласамыз. Олар дереу оқиға орнына шұғыл тергеу тобын жібереді. Әрі қарай құқықбұзушылық бойынша өз жұмыстарын атқарып, құқықбұзушылықтың деңгейіне қарай әкімшілік немесе қылмыстық хаттамалар толтырады. Осы уақытқа дейін оқыс немесе құқықбұзушылық оқиғалар орын алмады. Тек қана мектептермен бірлескен жұмыс аясында дабыл тетігін басу арқылы оқу-жаттығу, тәжірибе жұмыстары жүргізілді, — деді ол.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

БЫТОВОЕ НАСИЛИЕ: БЕЖАТЬ НЕЛЬЗЯ ОСТАТЬСЯ

admin_mugalzhar

26 сәуірден бастап ХҚКО кейбір қызметтерді тоқтатады

admin_mugalzhar

«Банкроттық түсінігінің үш түрі енгізілмек»: Қазақстандықтардың қандай жағдайда кредиті кешіріледі

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.