«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАДІР-ҚАСИЕТКЕ ТОЛЫ РАМАЗАН АЙЫ

БИЫЛ ДА АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫН ҮЙДЕ ӨТКІЗБЕК. ЖҰРТШЫЛЫҚ БҰРЫНҒЫДАЙ КЕШКІЛІК АУЫЗАШАРДА ЖҮЗДЕСІП, ЖҰМА ЖӘНЕ ТАРАУИХ НАМАЗЫН МЕШІТТЕ БІРГЕ ОҚЫМАЙДЫ. БҰЛ — ӘЛЕМ БОЙЫНША МИЛЛИОНДАҒАН АДАМДЫ ТӨСЕККЕ ТАҢЫП, ҚАНШАМА ЖАННЫҢ ӨМІРІН ЖАЛМАП ҮЛГЕРГЕН ДЕРТТІҢ ӘЛЕГІ.

ДЕГЕНМЕН АУДАНДЫҚ «НҰРТАЙ» МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ АСЕМХАН ЕРҒАЗИН КАРАНТИНДІК ШЕКТЕУЛЕР ЖАҒДАЙЫНДА ДА САУАПТЫ АМАЛДАР ЖАСАУҒА БОЛАТЫНЫН АЙТЫП, ОНЫҢ ЖОЛДАРЫН ТҮСІНДІРІП, ОРАЗА АЙЫНЫҢ ҚАДІР-ҚАСИЕТІ МЕН ЖАСАЛАТЫН ҚҰЛШЫЛЫҚТАРЫ, БЕРІЛЕТІН ПІТІР САДАҚАНЫҢ КӨЛЕМІ ЖӨНІНДЕ БАЯНДАДЫ.

ТІЛЕКТЕР ҚАБЫЛ БОЛАТЫН АЙ

Рамазан — айлардың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Бұл айдың басты ерекшелігі Алла тағала исламның бес парызының бірі болған оразаны осы айда ұстауды парыз еткен. Ауданның бас имамы Асемхан Ерғазин қасиетті Құранның осы айда түсірілгенін айтады.

— Құран — адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, сауап пен күнә арасындағы парықты айқындап беретін киелі кітап. Рамазан айында оқылған Құран аяттарының сауабы мен атқарған ізгі амалдардың сауабы өзге айларға қарағанда 700 еселеп артады. Құдси хадисте Алла тағала былай дейді: «Ораза тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін. Өйткені, пенде Мен үшін шақуат қалауы мен ішіп-жеуден бас тартты». Рамазан айында құлшылығын арттырған мұсылманның әрбір жасаған іс-әрекеттеріне еселеп сауап жазылады, — дейді Асемхан Бақтиярұлы.

МЕШІТТЕРДЕ АУЫЗАШАР БЕРІЛМЕЙДІ

Ораза айы басталғанда баршамыз ауызашар беріп, өз қалауымызбен сауапты іс жасауға асығатынбыз. Мешіттерде жаппай ауызашар асы дайындалып, намаз оқып, уағыз айтылып, жамағат бір жасап қалатын. Алайда аты жаман індеттің өршіп тұруына байланысты бас мүфтият мешіттерде және үйде көп адам шақырып, ауызашар жасауға болмайтынын ескертті. Асемхан Бақтиярұлы бұны адамзаттың амандығы үшін жасалып жатқан қарекет екенін айтады.

— Бүгінде баршамыздың басты тілегіміз — жақындарымыздың аман болуы. Мол дастарқан жайып, аста-төк ас әзірлеу міндетті емес. Ораза тұтқан кісіге бір құрма немесе бір кесе сүт берген адам да ауызашар бергендей сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):»Кімде-кім Рамазанда ораза тұтқан кісіге ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Ораза тұтқан кісінің сауабына тең сауап бұған да беріледі» дегенде, сахабалардың біреуі бір адамға да ауызашар беретін мүмкіндігі жоқтығын айтты. Оларға жауап ретінде: «Бір құрмамен ауызашар берген немесе тек сумен ғана ауыз аштырған, әлде болмаса аздаған сүт берген адамға да бұл сауап жазылады» деп жауап берген, — дейді ол.

ПІТІР САДАҚАНЫ МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАСЫ АРҚЫЛЫ ТӨЛЕУГЕ БОЛАДЫ

Мұсылман қауымы үшін Рамазан айында қайырымдылық жасауға мол мүмкіндік туады. Бұл айда жасалған игі істердің қайтарымы еселеніп қайтады. Биыл ораза айында берілетін пітір садақаның мөлшерін бас мүфтият, адам басына 420 теңге деп бекітті. Биылғы эпид-ахуалға байланысты пітір садақа мен зекетті өткен жылғыдай мобильді қосымшалар арқылы аударуға болады.

— Пітір садақа беруші жандар Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады. Ол үшін осы қосымшаның «Төлемдер» батырмасын басып, облыспен өзіңіз бергіңіз келген мешітті таңдап, әр адам өз өңіріндегі мешіттің есепшотына пітір садақа мен зекетін үйден шықпай-ақ, онлайн режимде аудара алады. Пітір садақаның құны — екі келі ұнның республика бойынша есептегендегі нарықтың орташа бағасымен шығарылды, — дейді бас имам.

ТАРАУИХ НАМАЗЫ ОҚЫЛМАЙДЫ

Бір жылда бір-ақ рет келетін Рамазан айының түнін құлшылықпен безендірудің сауабы мен пайдасы ұшан-теңіз. Ал тарауих — өткен күнәлардың кешірілуіне жол ашатын, Алла Тағала үшін ең сүйікті намаз. Алла разылығы үшін тарауих намазын оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі» (Мүслім).

Тарауих намазын мешітте жамағатпен оқу — сүннет. Алайда қазіргі таңда еліміздегі індет жағдайына байланысты, ҚМДБ ғұламалары шешімімен мешіттерде уақытша жұма намаз оқылмайды. Осыған орай, Асемхан Ерғазин әркім тарауих намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береді.

— Тарауих намазын оқудың шарттары: Алланың разылығын көздеу, Пайғамбардың (өткен күнәлардың кешірілуі туралы айтқан) уәдесіне шынайы түрде сену, содан үміт ету риядан алыстау. «Тарауих» сөзінің негізгі мағынасы — демалу, тынығу дегенді білдіреді. Яғни, ұзақ уақыт 20 рәкағаттан оқылатын намаз болғандықтан, 2 немесе 4 рәкағаттан кейін тынығып алуға болады. Тынығу уақытында үйіңіздегі жандарға уағыз-насихат айтып, не бір хадис оқуға да болады, — дейді ол.

ҚАДІР ТҮНІ МЫҢ АЙДАН ДА ҚАЙЫРЛЫ

Рамазан айының тағы бір қадір-қасиетке ие болуы — қайырлы Қадір түнінің осы айда орын алуы. Бұл түн Жаратушының пендесіне берген тартуы. Осы түні тілек тілеген адамдардың тілегі қайтарылмайды. Барлық дұға қабыл болады. Осы ораза айындағы Қасиетті Қадір түні сәуірдің 8-нен 9-на қараған түні.

— Жаратушы Иеміз осы түнде жасалған құлшылықтарды мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды. Құранның: «Қадір түні мың айдан қайырлы» деген аятындағы «мың» сөзі де «өте көп» деген мағынаны береді деп есептейді. Сол себепті Алла тағала алақан жайып, медет сұраған пендесінің тілегін қабыл ететіні сөзсіз, — дейді Асемхан Бақтиярұлы.

ЕКПЕ ОРАЗАНЫ БҰЗБАЙДЫ

Негізінде шариғат бойынша кез келген нәрсе табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірсе, оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірсе, оразаны бұзбайды. Бұл туралы «Фәтауа Һиндия» кітабында «Терідегі ұсақ тесіктер арқылы май секілді заттың ішке кіруі оразаны бұзбайды» делінген.

Екпе (вакцина) — бактерия, вирус секілді микроорганизмдерден алынып, адам организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Ол қажетті азық немесе организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе егу оразаны бұзбайды.

Қазіргі заман ғалымдары екпе арқылы салынатын дәрілерді ас-су сияқты денеге азық, қуат болатын және емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) етіп, екіге бөліп қарастырады. Олар: «Тері астына және бұлшық етке емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) ине салса, ауыз ашылмайды», — деп айтады. Бірақ көк тамырға екпе салу (қан құюдан басқа) мәселесінде ғалымдардың көзқарасы әртүрлі. Ғалымдардың көбі «Тамырға салынатын ине денеге қуат, азық болмаса, ораза бұзылмайды» дейді («Әл-муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи», 276-бет).

Дайындаған: Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

11 АДАМ ЖАНУАРЛАРДАН ЗАРДАП ШЕККЕН

admin_mugalzhar

Әр өңірде нақты іс-қимыл жоспары болуға тиіс – Үкімет басшысы

admin_mugalzhar

ЖАҒЫМСЫЗ ИІС «ЖЫРЫНЫҢ» НҮКТЕСІ ҚАШАН ҚОЙЫЛАДЫ?

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.