«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Еш жерде жарияланбаған: Әлия Молдағұлованың 17 жастағы ФОТОсы табылды

Фотоның 90 жылға жуық тарихы бар.

Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 17 жастағы фотосы жеке альбомнан табылды. Фотоның 90 жылға жуық тарихы бар. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі Қобда бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлбаршын Ерғалиева айтып, арнайы мақаласын берді.

«Қобда жері әйгілі ұлы дала дарабоздарымен тарихта қалған өңірлердің бірі. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жерлестеріміз сол батыр бабалардың ізін жалғап, ерліктің, елжандылықтың үлгісін көрсетті. Оған деректі жазбалар дәлел. Жерлестеріміз Иманғали Білтабанов, Абдолла Жанзаков, Михаил Колесников, Михаил Прохоров, Иван Пятковский, Николай Терещенко, Михаил Кошелев және бүгінде ерлігі аңызға айналған, отан үшін от кешіп, жанын пида еткен батыр қызымыз Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлова өшпес атын тарихқа жазып кетті. Кеңес Одағының Батыры атанған жерлесіміз Әлия Молдағұлованың ерлігі киелі өңіріміздің шоқтығын биіктетті. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Әлия Молдағұлованы ұлықтау жаңа қырынан көріне бастады. Республикамыздың әр түкпірінде ескерткіштер салынып, саябақтар, скверлер, аллеялар, демалыс орындары пайдалануға берілді. Рухани қазынамыз толықты. Әлия туралы жазылып, жарыққа шыққан мақала мен кітапты, деректі фильмді зерделесек, батырдың қысқа ғұмырының қамтылмаған қалтарысы жоқ сияқты. Дегенмен де «Ел іші – сыр кеніші». Биыл Алматы қаласынан Қобда ауданына Мамбетов Батыр Нәрібайұлы келді. Қобда музейінің қызметкері болып жұмыс істейтінімді білген Батыр Нәрібайұлы «Гүлбаршын, сіз білесіз бе? Анамның жеке мұрағатында Кеңес Одағының батыр қызы жерлесіміз Әлия Молдағұлованың бұрын еш жерде жарияланбаған, басылмаған фотосуреті бар» деп жаңа деректін бетін ашты. Батыр Нәрібайұлының Қарағанды облысында тұратын қарындасы Әлияда анасынан қалған жеке мұрағаты, аманаттары сақтаулы екенін айтты», — деп жазды Гүлбаршын Ерғалиева.

Батыр Мәмбетовтің қос қарындасының аты Әлия мен Мәншүк. Қобда бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлбаршын Ерғалиева бірден апалы сіңлілі Әлия, Мәншүк Нәрібайқыздарымен байланысқа шығып, іздеп, әңгімелесті.

«Эксклюзив суретті халыққа таныстырып, сырын ашайық« деп рұқсат сұрадым. Әлия соғыс жылдары, яғни, 17 жасында фотоға түскен. Майданға аттанар алдында, басына қызыл жұлдызды пилоткасын, үстіне әскери формасын киген. Ленинградтағы бейнесі. Сөйтіп құрбысы Бәтимаға хат арқылы жіберген», — деп жазылған мақалада.

Фото Қобда музейінің «Даңқ» бұрышына қойылды. Әлия Молдағұлованың ең құнды құжаттарының қатарында тұр. Музей қызметкері тарихқа сүйеніп, Әлия мен Бәтиманың достығын айтып берді.
«Батыр аға, Әлия апай, Мәншүк апайлардың туған анасы Бәтима Өрбісінқызы Әлия Молдағұлова апамызбен бір шаңырақ астында тұрып, бір бидайды бөлісіп, бір табақтан дәм татқан, апалы – сіңлідей боп тел өскен құрбы, туыс екен. Тарихқа шегінсек, Әлияның әкесі Нұрмұханбет Сарқұлов Өрбісіннің жақын ағайындарының бірі, інісі болып келеді. 1930-1932 жылдардағы ашаршылықта күнкөрістің қиыншылығынан халықтың босып кеткені белгілі. Қонысын тастап, жан сауғалау қамымен ел кентті жерлерге көшеді. Сол тұста Әлияның әкесі Нұрмұханбет Сарқұлов қуғындалып кетеді. Қуғынға ұшыраған Нұрмұхамбеттің отбасы ауылдас тумасы Өрбісін ағасы мен Қанипа апасының қарауында болып, заманның қиын кезінде бірге тұрады. Кейін Әлияның анасы Маржан Қобда бойындағы қонысын тастап, Қурайлыда тұратын үлкен әжесі Әубәкір Молдағұловтың анасы Тәженді сағалап, паналайды. Қурайлыда күздің қара суығында егістікте қалған келдектің қалғанын жинап жүріп, бау-бақша күзетшісінің оғынан мерт болған Маржанның қазасы Бұлақтағы бас көтерер Нұрмұханбеттің ауқатты ағайыны Өрбісінге жетеді. 11 баласын, өзге де жоқ-жітікті бағып, көмектесіп, бір ауылды үйіріп отырған Өрбісінге Маржанның қазасы аяздай батады. Өрбісін ақсақал сүйекті жат жерде қалдыруға болмайды деп шешіп, түйе палуан інісі Өсербайды жіберіп, жеңгесі Маржанның сүйегін атқа өңгертіп, ауылға әкеледі. Кеңес үкіметі кезінде аң аулап, құс айдаған Нұрмұханбет серілік қылықтарымен жақпай, қуғындалғаны белгілі. Нұрмұхамбет Сарқұлов 1922 -1932 жылдары «байдың баласы, байсың» деп айыпталып, 10 жылдың ішінде 3-4 рет сотталып, Қобда, Қарағанды түрмелерінде 3-4 жыл отырған. Сол кезде НКВД-дан бой тасалап жүрсе де, зайыбын жерлеуге ретін тауып қатысады.

Мәмбетовтердің анасы Бәтима Көдебасов Өрбісін Жанғылышұлының 11 баласының бірі. Өрбісін Көдебасов сауатты, өте ауқатты адам болған. Балалары Бәтима, Бақдәулет (1926 жылы туған), Бақтығали (1928 жылы туған) Әлиямен қатар, бірге өскен. Қобданың Көксай, Бұлақ, Бесқопа жазығы бойында бір жылы дүниеге келген Әлия мен Бәтима тай құлындай тебісіп, қатар бойжетті. Шешесі қазаға ұшырағанға дейін де Әлия Өрбісіннің қызы Батимамен бірге өседі.

Кейін нағашы әжесі Тәженнің қолына тапсырады. Әлияны нағашы ағасы Әбубәкір Ленинградқа сол кездегі ауыр кезеңдерге байланысты алып кетеді. Құрбысы Бәтимамен хат арқылы байланысып отырған. Бәтима Өрбісінқызы (1924-1964) мектепті бітіріп, Ақтөбе мұғалімдер даярлайтын институтты тәмамдады. Еңбек жолын Қобда ауданы Қонтарбасы елді мекенінде бастады. Ауыл балаларын оқытты. Темір қаласында мұғалім болып, білім саласында қызмет еткен.

Ойыл ауданының азаматы Нәрібай Мәмбетовке тұрмысқа шығады. 37 жасында өмірден озған. Бір өкініштісі Нәрібай балалары аналарынан жастай қалғандықтан Әлияның Бәтимаға жазған хаттары сақталмаған. Нәрібай мен Бәтима — Батыр, Әли, Әлия, Мәншүк, Амангелді атты балаларын тәрбиелеп өсірген ұлағатты отбасы. Батыр Нәрібайұлы медицина институтында оқып жүріп, ішкі істер саласына ауысып, қызмет жасаған. Бүгінде зейнеткер, Алматы қаласында тұрады. Қобда аудандық тарихи-өлкетану музейі Нәрібай Мәмбетов ұрпақтарына ризашылығын білдіреді. Аталар аманаты ұрпақтар есінде мәңгілік сақталсын», — деп жазды Гүлбаршын Ерғалиева.

sn.kz

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбе облысында көлікті мас күйінде жүргізетіндер азаймай отыр

admin_mugalzhar

Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Мұғалжар ауданында болды

admin_mugalzhar

СПОРТ АЛАҢЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.