Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирустың үнді штамына байланысты Қазақстанда карантин күшейтілуі мүмкін екенін айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты, алайда Нұр-Сұлтанда үнді штамы табылды деген күдік бар.
«Вирустың репродуктивті индексі 1-ге тең, бірақ біз әлемде және шекаралас елдерде жағдайдың қандай екенін көріп отырмыз. Яғни, коронавирустың жаңа штамдары тез тарайды. Нұр-Сұлтанда скрининг жүргізілді, сондықтан мұнда Цой (Алексей — денсаулық сақтау министрі. — автор.) дельта-штамм (үнді штамы) барын айтты. Осыған байланысты өңір әкімдері ахуалды бақылауға алуы тиіс. Бүгінгі таңда ВАК отырыс өткізіп, Нұр-Сұлтан қаласында және басқа да өңірлерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды күшейту жөніндегі шараларды қарайды», — деді Тоғжанов Үкімет отырысында.