«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТӘРТІП САҚШЫСЫ — АСЫЛБЕК

23 маусым — Қазақстан полициясы күні. Ел арасынан шыққан жүгенсізге тыйым салып, тыныштық сақшысына айналған полиция қызметкерлеріне артылатын жауапкершілік пен жүктелетін міндеттің жеңіл емес екені белгілі. Дегенмен жауапты істі өз мойнына алған билік пен заң өкілінің қызметіне адал болуы, қауіпсіздікті сақтап, қылмысты дер кезінде ашуы, адамгершілік тұрғысынан қателікке жол бермеуі — бұлжымайтын парызы.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Асылбек Қоңыратбаев Отан алдындағы борышын адал атқарып жүрген жауапты полиция династиясының өкілі. Құқық қорғаушылар отбасында тәрбиеленген Асылбек өзінің болашақ мамандығын бала күнінде таңдап қойған болатын. Атасы Ұзақбай Қоңыратбаев осы салада елеулі еңбек етті. Жұрын ауылында учаскелік полиция инспекторы қызметін абыроймен атқарды. «Түрлі қылмыс пен заңсыздыққа тұсау боламын» деп жүріп, қызмет бабында қаза тапты. Ал ағасы Артур Қоңыратбаев ішкі істер саласында елеулі еңбек етіп, Қандыағаш полиция бөлімінде бастықтың орынбасары, Алға ауданында бөлім бастығы қызметтерін атқарды. Бүгінде зейнетке шыққан — отставкадағы подполковник.

Ата жолын қуған Асылбек Қоңыратбаев алғашында Медициналық сауықтыруда қызмет атқарды. Одан кейін потрульдік полиция тобының жүргізушісі, кезекші бөлімнің жүргізушісі, бөлімнің кезекші көмекшісі болды. Бүгінде өзі туып-өскен Жұрын ауылында учаскелік полиция инспекторы болып қызметін атқарады. Ауылда тәртіпсіздіктің алдын алып, жастармен жүйелі жұмыс жасап, заңсыз қару тасушылардың жолын кесіп, ұрыларға тұсау болып абыройлы еңбек етіп жүр.

— Ішкі істер саласын таңдауыма атам мен ағамның атқарған қызметі ықпал етті. Кішкене кезімнен сол кісілердің киген киіміне, жүріс-тұрысына, өз-өздерін ұстауына қарап, қатты қызығатынмын. Солардай болуды армандайтынмын. Бүгінде арманыма қол жеткізіп, еліме елеулі, адал қызмет етуге тырысып жүрмін. Полиция қызметінің талабы қатал. Ешқандай өкінішім жоқ. Бұл менің өз таңдауым, — дейді кейіпкеріміз.

Ішкі істер органында 15 жыл қызмет атқарған Асылбек Қоңыратбаев үнемі аудан, облыс деңгейінде ұйымдастырылатын түрлі кәсіби оқу-жаттығуларға негізделген шараларда белсенділік танытып, жетістіктерге жетіп жүр. Спортты жаны сүйеді. Соның ішінде футбол, кросс секілді спорт түрлерімен үнемі шұғылданды. Асылбек Жанғазыұлы өмірлік жан жары екеуі болашақ ел қорғайтын үш ұл, қылықты қыз тәрбиелеп, балаларының болашағынан үлкен үміт күткен үлгілі отбасы.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

 

Ұқсас ақпараттар

COVID-19: БОСАҢСУҒА НЕГІЗ ЖОҚ

admin_mugalzhar

ТАЛАНТЛИВЫЙ РЕБЕНОК, ТАЛАНТЛИВ ВО ВСЕМ!

admin_mugalzhar

Оксана ДРУЩЕНКО: КӨПҰЛТТЫ ОТБАСЫНЫҢ ЕРКЕСІМІН

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.