«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

САНЖАРДЫҢ ЖҰЛДЫЗДЫ СӘТІ

14-16 мамыр күндері Алматы қаласында Бекет Махмұтовтың құрметіне арналған жастар мен жасөспірімдер арасында дзюдодан Азия кубогі өткен болатын. Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) күнтізбесіне сәйкес өткен әлемдік додаға Мұғалжар ауданының намысынқорғауға Қандыағаш қалалық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Санжар Әли қатысты. 50 келі салмақта шаршы алаңда бақ сынаған Санжар 4 белдесуде де оқ бойы оза шауып, елге жеңіспен оралды. Азия кубогінің жеңімпазы атанған жерлесіміз шілде айына жоспарланып отырған Макао мемлекетінде өтетін Азия чемпионатына жолдама алды.

Бүгінгі таңда Алматы қаласының Республикалық спорт интернатында білім алып жүрген мұғалжарлық Санжар Әли жеңіске оңай жетпегенін айтады.

-Жарыс өте тартысты өтті. Кіл мықтылар жиналған екен. Белдесу барысында қарсыласты бағындыру қиындау болды. 1-ші кездесуде Қырғыз елінің палуанының атына «вазари» ұпайы беріліп жатты. Алайда кездесудің аяқталуына 3 секунд қалғанда бойымдағы күш-қайратымды жинап, ұпай теңестіргеннен кейін, тағайындалған қосымша уақытта тағы да «вазари» ұпайын қанжығама байладым. Сөйтіп алғашқы кезеңнен өткеннен кейін, келесі белдесулер оңайлау болғандай… Осыдан кейінгі 3 кездесуде де қарсыластарды жеңіп, жеңіске қол жеткіздім,- дейді спортшы Санжар.

«Шәкіртімнің ерекше қасиеті — айтқанды нақты орындауы», — дейді Санжардың жаттықтырушысы Нұрсұлтан Иманғазин.

— Санжар 7-8 жасынан бері менімен бірге дамып, жаттығып келеді. Оның ерекше қасиеті — айтқанды бұлжытпай орындауында. Бұл — спортшыға ең керекті қасиет. Себебі нақты айтқан тапсырмалар мен ережелерді, режимдерді ұстанса, одан мықты жеңімпаз шығады. Санжар да дәл осындай. Уақытымен ұйықтап, жаттығу сабақтарына кешікпейді. Дұрыс тамақтанып, артық жүктелмеген тапсырмаларды орындамау керек болса, орындамайды. Міне, нағыз спортшыға керек қасиеттер де осы. Соның нәтижесінде биіктерді бағындырып, жеңіспен ортамызға оралды. Бұл жарысқа Санжар ұзақ дайындалды. Әрі 3 іріктеу сынынан тұратын үлкен кезеңдер 3 бөлімнен тұрды. Яғни Шымкентте, Алматыда 11-18 күндік кездесулерді өтті. Нәтижесі, міне, сіз бен біз көргендей. Бұған дейін де біраз республикалық, халықаралық дүбірлі додаларда қанжығасына жеңіс байлап жүр. Шәкіртімнен зор үміт күтемін. Алдымызда өткелі отырған Азия чемпионатында да жеңіспен оралып, көк туды желбіретеміз деген ойдамыз, — дейді жеңімпаздың бапкері.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

МҰҒАЛЖАР ЖАСТАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

admin_mugalzhar

АУДАНДА ЖАСТАР КҮНІ ТОЙЛАНАДЫ

admin_mugalzhar

АҚКЕМЕР АУЫЛЫНДА СПОРТ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.