«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МЕЙІРІМ МЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ СЕРІК ЕТКЕН АЙГҮЛ

Жұрын ауылының тумасы Айгүл ИМАҒАМБЕТОВА мектеп қабырғасында жүріпақ адам жанына араша болуды армандапты. Осы арманы орындалып, сүйікті мамандығы бойынша еңбек етіп жатқанына 39 жыл болыпты.

1985 жылы Жұрын орыс орта мектебін аяқтаған соң, сол арманы жетелеп, Алға қаласындағы Ақтөбе медицина училищесінің филиалына оқуға түсіп, 1987 жылы дипломалып шығады. Сол жылдың тамыз айында туған ауылындағы Жұрын учаскелік ауруханасының балалар бөлімшесіне медбике болып жұмысқа орналасады.

— ,Мен медицина саласын жүрек қалауымен таңдадым. Ақ халат кию – мен үшін жай ғана жұмыс емес, үлкен жауапкершілік еді. Алғаш жұмысқа келген кезім әлі есімде. Ол кезде Жұрын учаскелік ауруханасы үлкен болатын, терапиялық, балалар, инфекциялық бөлімдер жұмыс істеді, амбулаториясы болды. Ауысыммен еңбек еттік. Түнгі кезекшілікке түскен кездерде кішкентай сәбилердің жылаған дауысы, аналардың алаң көңілі – бәрі жүрекке әсер ететін. Жас болсам да, әр баланың тағдырына жауапты екенімді сезіндім — дейді Айгүл Мұсағалиқызы.

1996 жылы халық саны азайып, учаскелік аурухана қысқартылып, дәрігерлік амбулатория болып қайта құрылды. Қазіргі таңда кейіпкеріміз осы амбулаторияда жалпы тәжірибелік мейірбике.

Уақыт өзгерді, мекеме атауы өзгерді, бірақ менің мамандығым деген сүйіспеншілігім өзгерген жоқ. Қазір негізт інен әйелдермен жұмыс істеймін. Жүкті аналарды есепке аламыз, тексерулерден өткіземіз, скрининг жасаймыз, профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Кейде әйелдер дәрігерге қаралуға жүрексінеді, уақыт таппайды. Сондайда түсіндіріп, денсаулықтың маңызын айтып, сенімін оятуға тырысамын. Себебі әйелдің денсаулығы – отбасының тірегі, — дейді ол.

Көп жылдық тәжірибе оны сабырлы, байыпты маман ретінде қалыптастырған. Бүгінде оның негізгі жұмысы – әйелдер денсаулығы. Жүкті аналарды бақылау, профилактикалық жұмыстар жүргізу, скринингтер ұйымдастыру – күнделікті міндетінің бір бөлігі. «Әйелдің саулығы – отбасының берекесі» деген ұстаным оның кәсіби қағидасына айналған.

Әрине, әр жұмыстың өз қиындығы болады. Кейде адамдар ауыр дертпен келеді, көңілі түсіңкі болады. Кейбірі ашуланып, ренжіп те жатады. Ондай кезде қарсы жауап бермей, сабыр сақтауға тырысамын. Ақ халат киген соң, сен тек ем жасап қана қоймайсың, адамға психологиялық қолдау да көрсетесің. Бір жылы сөздің өзі науқасқа күш береді, — дейді тәжірибелі мейірбике.

39 жыл бойы бір салада табан аудармай еңбек ету – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ұзақ жыл бойы үздіксіз еңбек еткенмаман үшін ең үлкенмарапат – алғыс. Жылдар өткен соңбұрынғы науқастардың ризашылық білдіруі, “сіздіңкөмегіңіз тигенеді” деген сөздері – қажырлы еңбектің шынайы бағасы.

Кейде көшеде немесе ауруханада баяғыда қаралған науқастар кездесіп жатады. “Сіз мені бала күнімде емдеген едіңіз, сол кезде көмектескеніңіз есімде” деп ризашылық білдіргенде ерекше сезімде боламын. Сол сәтте еңбегіңнің зая кетпегенін түсінесің. Мен үшін марапат та, алғыс хат та – халықтың ықыласындай болмайды, — дейді ол.

Мейірбике Айгүл 1988 жылы тұрмыс құрып, бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген аяулы ана. Отбасы мен қызметті қатар алып жүру оңай болмағанын жасырмайды. Айтуынша, анаболкумен мейірбике болу – бір-біріне жақын ұғымдар. Екеуінде де қамқорлық пен жауапкершілік қатар жүреді.

Ана болу да, мейірбике болу да – үлкен жауапкершілік. Үйде балаңды күтесің, жұмыста халықтың баласын, аналарын қарайсың. Бірақ мен ешқашан осы мамандықты таңдағаныма өкініп көрген емеспін. Қайта осы жолды таңдағаныма қуанамын, — дейді ол. Оның ойынша, мейірбике мамандығы әйел затынажақын. Ол жас қыздарға мейірбике мамандығын таңдаудан қорықпауға кеңесбереді. Бірақ бұл жолдың жауапкершілігі зор екенін ескертеді, үздіксіз ізденіс, кәсіби білім және адал қызмет қана абырой әкеледі.

— Әйел адамның бойында табиғатынан мейірім, төзім, жанашырлық бар. Бұл қасиеттер медицина саласында аса қажет. Жас қыздарға айтарым – егер осы мамандықты таңдасаңдар, шын ниетпен таңдаңдар. Білім алып, үнемі ізденіп, науқасқа адал қызмет етіңдер. Сонда ғана ақ халаттың абыройын көтере аласыңдар, — дейді кейіпкеріміз.

Ол үшін «ақ халатты абзал жан» деген сөз – жай атау емес, үлкен сенім мен жауапкершіліктің белгісі. — “Ақ халатты абзал жан” – адамның жанын түсіне білетін, көмегін аямайтын, адал қызмет ететін маман. Мен әрдайым сол атқа лайық болуға тырысып келемін, — деп аяқтады ол сөзін.

Ұқсас ақпараттар

Жаңатұрмыс ауылында апатты көпірдің орнына жаңасы салынды

admin_mugalzhar

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫНДА ҚЫМБАТШЫЛЫҚ БАЙҚАЛАДЫ

admin_mugalzhar

Елнұр Бейсенбаев: Конституциялық реформа саяси партиялардың институционалдық рөлін арттырады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.