«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

СПОРТ — ОТАНШЫЛДЫҚ ДӘНЕКЕРІ

2003 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖАРЛЫҒЫМЕН ТАМЫЗ АЙЫНЫҢ ҮШІНШІ ЖЕКСЕНБІСІ СПОРТ КҮНІ ДЕП БЕКІТІЛДІ. СОЛ УАҚЫТТАН БЕРІ ЕЛІМІЗДЕ СПОРТ САЛАСЫ КЕҢ ҚОЛДАУҒА ИЕ БОЛЫП КЕЛЕДІ. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СПОРТШЫЛАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ, ӘЛЕМДІК ДОДАЛАРДА ЕЛІ НАМЫСЫН ҚОРҒАП, КӨК ТУЫМЫЗДЫ ЖЕЛБІРЕТІП, ӘНҰРАНЫМЫЗДЫ АСҚАҚТАТЫП ЖҮР. ОЛАРДЫҢ АРАСЫНДА МҰҒАЛЖАРЛЫҚ СПОРТШЫЛАР ДА БАР. БҮГІНДЕ АУДАНДА СПОРТТЫ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ТҮРЛІ ШАРАЛАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП, СПОРТ КЕШЕНДЕРІ САЛЫНУДА.

166 СПОРТТЫҚ НЫСАН БАР

Аудан аумағында тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен шұғылдануына арналған 166 спорттық нысан бар. Оның 89-ы жаздық спорт алаңдары. Атал-ған спорт алаңдарының 32-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Ал екеуі Қандыағаш және Ембі қалаларындағы орталық стадион. Қал-ған 55-і аудан мектептерінің жанындағы ашық аспан астындағы жаздық спорт алаңдары. Сонымен бірге аудандағы түрлі әлеуметтік нысандар 70-ке жуық спорт залмен жабдықталған. Оның 38-і жалпы білім беретін мектептердің жанында орналасқан. Орта арнаулы оқу орындарында-4, мектептен тыс мекемелерде-12, басқа мекемелерде-16 спорт залы бар. Сондай-ақ Ембі және Қандыағаш қалаларындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде оқушылар спорттың түр-түрімен шұғылдануда. Өңірде жалпы саны 12 Workoutтар жастарға есігін айқара ашып, 3 ату тирі және 1 теннис корты жұмыс жасайды.

23 МЫҢНАН АСТАМ МҰҒАЛЖАРЛЫҚ СПОРТҚА ЖАҚЫН

Аудандық спорт бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылғы статистикалық деректерге сәйкес дене шынықтыру және спортпен ауданда 23559 адам шұғылданады. Бұл аудан тұрғындарының 34 пайызын құрайды. Ал жастардың спортпен қамтылуы — 61 пайыз.

— Аудандағы білім беру мекемелерінде 12 мыңнан астам оқушы оқиды. Оқушылардың 5 мыңнан астамы түрлі дене шынықтыру ұжымдарында спортпен шұғылданады. Сонымен бірге спорт саласының маңызды бағыттарының бірі — студенттік спортты дамыту. Бүгінде аудандағы арнаулы оқу орындарында 1200 студент оқиды. Олардың 725-і түрлі спорт секцияларына барады. Ал кәсіпорындар мен мекемелерде, ұйымдарда және ауылшаруашылық құрылымдарында 14 638 адам спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Дене шынықтыру-сауықтыру клубтарында 1065 бала спортпен айналысады. Олардың көпшілігі «Ақтөбе» ФК филиалы, аула және SD-Family спорт клубтарының оқушылары, — дейді спорт бөлімінің басшысы Талғар Әбдірзақ.

Оның айтуынша, балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінде 1706 оқушы спортпен айналысады. Ауданда дене шынықтыру және спорт жұмыстарын ұйымдастыратын штаттық бірлікте 225 қызметкер жұмыс жасайды. Олардың 2-еуі аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінде, 130-ы жалпы білім беретін мектептерде дене тәрбиесі пәнінен сабақ береді. Арнаулы оқу орындарында 9 оқытушы жұмыс жасайды. Спорт мектептерінде 38 жаттықтырушы, 5 әдіскер, 21 нұсқаушы қызмет атқарады. Спорт саласында елеулі еңбек етіп жүрген 171 адамның жоғары спорттық білімі бар.

14 ТҮРЛІ СПОРТ СЕКЦИЯЛАРЫ ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ

Спорт мектептерінде спорттың 14 түрінен түрлі спорт секциялары жасақталған. Ауданда бокс, волейбол, дзюдо, еркін күрес, футбол, қол добы, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, ауыр және жеңіл атлетика секілді спорт түрлері жақсы дамып келеді. Сонымен бірге шахмат, пауэрлифтинг, самбо секілді спорт түрлерінен әлемдік додаларда ауданның намысын қорғап, жүлделі орындардан көрініп жүрген спортшылар жетерлік. Сондай-ақ аудан жастары қазақ күресі мен ат спорты секілді ұлттық спорт түрлерімен де айналысады.

— Спортпен айналысатындардың қатарын ауылдық елді мекендердегі жастар толықтырады. Ақкемер ауылының жастары бокс және қазақ күресімен, Жұрын ауылының жастары бокспен шұғылданады. Ал Сағашилі ауылында дзюдо, еркін күрес, волейбол ойындары жүйелі дамып келеді. Талдысай мен Құмсайда қазақ күресімен, Басшилі ауылында дзюдомен, Құмсай ауылында қазақ күресімен айналысатын жастар көп. Бірлік ауылының жастары футбол, ат спорты, тоғызқұмалаққа жақын. Бұлақты ауылында еркін күрес секциясы жұмыс жасайды. Мұғалжар ауылының жастары қазақ күресін, жеңіл атлетика және футбол ойынын, Қайыңды ауылының тұрғындары еркін күрес және ат спортын дамытуды қолға алды, — дейді Талғар Шамшатұлы.

Спорт бөлімінің басшысы ауданда өткізілетін спорттық жарыстарға жастардың белсенді қатысатынын, жыл сайын спортпен айналысушылардың қатары артып келе жатқанын айтып, ауданда әлі де болса спорт алаңдары жеткіліксіз екенін жеткізді.

— Халықтың ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндікті пайдалану керек. Қандыағаш және Ембі қалаларында спорт алаңдары мен кешендері аз. Біз жастардың уақытын тиімді өткізу үшін оларға толық мүмкіндік жасап беруіміз керек. Заманауи құрылғылармен жасақталған спорт кешендері жастарды еріксіз тартатыны сөзсіз. Спортпен айналысқан жастар жат қылықтарға бармайды, бұзақылық жасаймайды. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, мәдениеттілікке жақын болады. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады, — дейді ол.

МҰҒАЛЖАР МАҚТАНЫШТАРЫ

Өңірде спортты өрге сүйреп, жалпы спорттың дамуына бар үлесін қосқан жандардың қатары көп. Спорт майталмандарының алғашқы легін марқұм Есет Әміржанов бастайды. Ол ауданға алғаш рет әйелдер арасындағы қол добын әкеліп, оның дамуына сүбелі өз үлесін қосты. Ауданда алғаш рет Олимпиада ойындарына жолдама алған, бокстан Әлем чемпионы Галиб Джафаровтың да есімі ел есінде.

Мұғалжарлқтар болашақ спортшылар мен чемпиондарды тәрбиеліп, жарыс додасына қосқан футболдан спорт ардагері Хайбул Исаевтың, волейбол спортынан Бауыржан Кенешов пен Берікқали Бакиевтің, пауэрлифтингтен Сергей Ведюшкиннің, күрес спортынан Али Алтыбай мен Эдуард Саламаттың, үстел теннисінен Көбеген Саламаттың, спорт ардагері Рүстем Төлешовтің, тоғызқұмалақ спортының жанашыры, ҚР чемпионы Гүлзат Бақтарбаеваның, ҚР спорт саласын дамытуға зор үлес қосқан Алексей Семкиннің, әрі спортшы, әрі спорт жанашыры Асылбек Құлмағамбетовтың еңбектерін жақсы біледі.

Аудан спортының мақтанышына айналып, спорттық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрген жастардың да қатары көп. Атап айтатын болсақ, бүгінде Нұртас Әжбенов пен Айдос Медет кәсіпқой бокстан әлемдік рингте өнер көрсетіп жүр. Жандос Қалабай, Жеңіс Қалабай, Әліби Ідіріс, Ершат Байбол, Нұрсұлтан Иманғазин, Гүлмира Сағилар аудан мақтаныштары. Санжар Әли дзюдодан Азия кубогінің жеңімпазы, дзюдодан Жанболат Бағытбергенов жастар арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Саламат Маликов еркін күрестен жастар арасында жеңімпаз, Ануар Амиртаев мен Таисия Дьяченко пауэрлифтингтен Әлем чемпионатының жүлдегерлері, ал Еламан Қойшыбаев қазақ күресінен жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатының жеңімпазы болды. Мұғалжарлық спортшылар спорттың дамуына үлестерін қосып, өзге елдерде көк байрағымызды көкке көтеріп, желбіретіп жүр.

СПОРТ КЕШЕНДЕРІ КӨБЕЙМЕК

Өздеріңіз көріп отырғандай, байрақты бәйгеде қанжығаға жүлде байлап жүрген жерлестеріміз аз емес. Осы үдеден төмендемей, жеңісімен ауданның ғана емес, елінің атын шығарар спортшыларды тәрбиелеу үшін мықты жаттықтырушылармен бірге дайындық жүргізуге сақадай сай спорт кешендері қажет-ақ. Осы мақсатта жүйелі жұмыстар да жүргізіліп келе жатқанын айта кету керек. Атап айтар болсақ, өткен жылы Қандыағаш қаласының Байкунова және Шынтасов көшелерінен елді мекендерді абаттандыру бағдарламасымен көпсалалы спорт алаңы, ал Ембі қаласының Н.Бекенбаев көшесінде және Мұғалжар ауылында 23 млн теңгеге көпсалалы спорт алаңы салынды. Сонымен қатар құны 76 млн теңге тұратын Орталық стадионға толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Қазіргі таңда 500 адамдық трибунасы және 25 метрлік ату тирі бар стадион толықтай пайдалануға берілді. Ал биыл Қандыағаш қаласында құны 403 млн теңге тұратын дене шынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстарын ПК «Ерзат» компаниясы жүргізуде. Дене шынықтыру және сауықтыру орталығында тереңдігі 1,8-2 метрлік болатын бассейн және әмбебап 36х18м шаршы метрлік спорт залы салынуда. Сонымен қатар Ембі қаласында көлемі 60х27 жабық спорт алаңының құрылыс жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстарын демеушілік аясында «Самұрық-Қазына» АҚ-ы қолға алды. Құрылыстың жалпы құны 228 млн теңгені құрайды. Алдағы уақытта бұл саладағы жоспарланған жұмыстар да қомақты. Мәселен, Жем қаласында және Қожасай, Саға, Ақкемер, Алтынды, Бірлік ауылдарында көпфункционалды спорт алаңдарын, Сағашилі және Жағабұлақ ауылдарында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында типтік спорт алаңын салу жоспарлануда.

Н.ІЗТҰРҒАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Финляндия хоккейден әлем чемпионы атанды

admin_mugalzhar

Головкиннің келесі қарсыласы белгілі болды

admin_mugalzhar

ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.