«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНЫП ЖҮРСІЗ БЕ, ЖАС МАМАН?..

АСТАР ТӘЖІРИБЕСІ» БАҒДАРЛАМАСЫ БІРНЕШЕ ЖЫЛДАН БЕРІ ӨЗ ТИІМДІЛІГІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ. ОН БЕС ЖЫЛҒА ЖУЫҚ АТАЛҒАН БАҒДАРЛАМА АРҚЫЛЫ ҚАНШАМА ЖАС МАМАН ТӘЖІРИБЕ ЖИНАҚТАП, АЛҒАШҚЫ ЕҢБЕК ЖОЛЫН ҚАЛЫПТАСТЫРДЫ. ОЛАРДЫҢ АРАСЫНДА ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСҚАНДАРЫНЫҢ ДА ҚАРАСЫ КӨП. АЛАЙДА СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ АТАЛҒАН БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖОЛДАМАСЫН АЛУҒА ЫНТАЛЫ ЖАСТАРДЫҢ ҚАТАРЫ АЗАЙЫП БАРАДЫ. БҰЛ ТУРАЛЫ АУДАНДЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНДАРЫ МӘЛІМДЕДІ. ОСЫ ЖЫЛДЫҢ ЖОСПАРЫ БОЙЫНША АУДАНДА 321 ЖАС МАМАН «ЖАСТАР ТӘЖІРИБЕСІ» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСУЫ КЕРЕК БОЛСА, ОНЫҢ 171-І ҒАНА ОРТАЛЫҚТЫҢ ЖОЛДАМАСЫН АЛҒАН. ТӨМЕНДЕ КЕҢІРЕК ТАРҚАТАМЫЗ…

«ЖАСТАР ТӘЖІРИБЕСІНЕ» 131МЛН 191МЫҢ ҚАРЖЫ БӨЛІНДІ

Мұғалжар ауданы бойынша жыл сайын 500-ден астам түлек мектеп бітіреді. Олар 3- 4 жылдан кейін жоғары немесе арнайы оқу орнын тәмамдайды. Айтпақшы, 9-сыныптан кейін арнаулы орта оқу орындарына түсетіндері де бар. Орташа есеппен олардың 60-65 пайызы ауданға оралып, өңірдің дамуына үлесін қосатыны сөзсіз. Сондай жастардың алғашқы еңбек жолының басталуына, мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауына мол мүмкіндік беретін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына жасы 29-ға дейінгі жастар қатыса алады. Олар алты ай бойы тәжірибе жинақтайды, сонымен бірге мемлекет тарапынан 64 804 теңге көлемінде еңбекақы алады. Мекемеде өзін көрсете білгендердің сол жерде тұрақты жұмыс істеп қалуына мүмкіндігі де бар. Аудандық жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Венера Урумбаева «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен 2017 жылы — 417, 2018 жылы — 381, 2019 жылы — 404, ал 2020 жылы 343 жас мамандықтары бойынша тәжірибеден өткенін айтады. Олардың қатарында медбике, фельдшер, экономист, қаржыгер, бухгалтер, тіс дәрігері және кадастр, техник, мұғалім т.б. мамандықтарды меңгерген жас мамандар бар. Жас мамандарды еңбекақымен қамтамасыз ету үшін биыл республикалық бюджеттен 21 млн 878 мың теңге, жергілікті бюджеттен 109 млн 313 мың теңге бөлінген.

— Жыл соңына дейін 321 мұғалжарлық жасты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Алайда биыл «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысушы жастардың қатары аз. Өткен жылдары біз жоспарды артығымен орындайтынбыз. Ал 2021 жылдың 9 айының есебі бойынша 171 жас қана бағдарлама жолдамасын алды. Бұл дегеніміз, жастардың оқудан кейән ауданға оралмағандығын байқатады. Аталған бағдарламаға соңғы үш жылда оқу бітірген мамандар да қатыса алады. Олар өз мамандықтары бойынша тәжірибе жинақтау арқылы тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Еңбекақылары тұрақты түрде беріліп отырады. Биылғы жоспар — дың орындалмау себебін іздеп, өз тарапымыздан талдау жұмыстарын жүргізіп көргенбіз. Нәтижесінде оқу орнын бітіруші жастар ауданға оралмай, үлкен қалаларда жұмыс жасауды жөн көргенін байқауға болады. Ал бүгінде қолында дипломы бар, әлі жұмыс таба алмай жүрген жастардан біздің орталыққа хабарласуларын сұраймыз. Жолдама беру жыл аяғына дейін жалғасады, — деді Венера Урумбаева.

«Жастар тәжірибесіне» қатысу үшін жұмыссыз жастар жұмыспен қамту орталығына жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, еңбек кітапшасының көшірмесі (бар болса), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуын растайтын құжаттың көшірмесін тапсырады. Айта кететін бір жайт, тәжірибеден өту мерзімі еңбек кітапшасында жазылады. Венера Александрқызының айтуынша, біздің ауданда туризм, мұнай-газ, экология, геодезия саласын бітірген жас мамандарға тәжірибеден өтуге мүмкіндік жоқтың қасы. Себебі аталған салалар бойынша жұмыс жасайтын мекемелер аз. Болса да олар тәжірибесіз жас мамандарды жұмысқа алуға құлықсыз.

— Орталық мамандары мүмкіндігінше барлық сала бойынша оқу бітірген жастарға жұмыс тауып беруге тырысады. Дегенмен техникалық қауіпсіздікті қатаң талап ететін кәсіпорын, зауыт секілді мекемелер жас мамандардың жеке басының қауіпсіздігін алға тартып, тәжірибеден өткізуді мақұл көрмейді. Ал туризм саласы ауданда дамымаған десек те болады. Сол себепті де бізге жоғарыда аталған салаларды бітірген жас мамандарға тәжірибеден өтуге жолдама жазып беру қиынға соғады, — дейді ол.

АУДАН ЖАСТАРЫ МАМАНДЫҚ АЛУДА

Өзге қалалардағы оқу орындарын айтпағанда, Қандыағаш қаласында екі арнайы оқу орны бар. Олардың бірі — Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжі. Аталған оқу орнын 2020 жылы 109 бітіруші «Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика бойынша слесарі», «Локомотив машинисінің көмекшісі», «Электромонтер», «Электр газымен пісіруші», «Аспаз» мамандықтары бойынша диплом ал-ған. Олардың 26-сы тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал «Жастар тәжірибесі» бойынша 31-і жолдама алып, 6-айлық тәжірибеден өткен. 10 адам әскерге шақырылып, 11 адам оқуын әрі қарай жалғастырған.

— Біз үнемі біздің оқу орнын бітірген жастардың жұмыспен қамтылу — ын қадағалап отырамыз. 2021 жылы колледжді жоғарыда аталған 5 мамандық бойынша 110 жас маман бітіріп шықты. Оның 15-і жұмысты өздері тапқан. 32 жас маман «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмысқа орналасты. 18 жас әскер қатарына алынды. 7-уі оқуын әрі қарай жалғастырды. 8 қыз бала бала күтімімен үйде отыр. Ал 5 жас маман өзін-өзі жұмыспен қамтыған, — деді Бек Аманов.

Ашылғанына 10 жылдан астам уақыт болған Қандыағаш қаласындағы Мұғалжар гуманитарлы-техникалық колледжінен осы уақыт аралығында 8 мамандық бойынша 1 611 түлек шыққан. Олар — бастауыш пәнінің мұғалімдері, заңгерлер, мұнай және газ технигтері мен технологтары, теміржолшылар, электриктер, радио байланыс және телекомуникация мамандары, экономистбухгалтерлер, программистер. Колледждің атқарушы директоры Иляш Ниязова бітірген жас мамандардың осы жылы жұмыспен қамтылуы 84,6 пайызды құрайтынын жеткізді.

— Гуманитарлы-техникалық колледжін бітірген радио байланыс және телекомуникация мамандарын Қандыа — ғаш қаласындағы цифрлық телевидение тарататын мекеме, заңгерлерді аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы мен сот орындары, теміржолшыларды осындағы теміржол мекемелері жұмысқа жақсы алады. Ал мұнай саласы мен электрик мамандығын бітірген жастарымыз Жаңажолдағы, Атыраудағы мұнай өндіретін мекемелерде еңбек етіп жүр. Биылғы оқу жылында балабақша тәрбиешілеріне сұраныс көбейіп отыр. Алдағы уақытта осы мамандыққа студенттер қабылдаймыз, — деді Иляш Ниязова.

ЖАСТАРҒА МҮМКІНДІК МОЛ

Кез келген жұмыс беруші қол астында тәжірибелі маманның жұмыс жасағанын құптайды. Осындай жағдайды басынан өткерген Жұрын ауылының тұрғыны Әміржан Өміртаевтың айтуынша, еңбек өтілі болмаса, оқу орнын кеше ғана бітірген жастардың мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы қиын.

— Арнаулы оқу орнын бітіріп, қолыма диплом алған соң өз мамандығым бойынша жұмыс іздеп, біраз мекеменің табалдырығын тоздырдым. Түрлі мекемелерге жүгіндім. Барлық жер менен еңбек өтілін сұрады. Оқуды жаңа бітірген жас маманда еңбек өтілі қайдан болсын ? ! Сөйтіп , аудандық Жұмыспен қамту орталығына барып, аудандық «Мұғалжар» газетіне жолдама алдым. Алғашқы еңбек жолымды бастаған газет редакциясы менің маман болып қалыптасуыма өзіндік үлесін қосты. Тәжірибе жинақтап қана қоймай, еңбекақы аласың, зейнетақы аударымдарың жүріп тұрады. 6 айлық тәжірибеден өту мерзімім аяқталғаннан кейін де, жұмыссыз қалмадым. Бүгінде осы орталық арқылы ақылы қоғамдық жұмысқа қабылданып, еңбек етудемін, — дейді ол.

Бүгінде «Жастар тәжірибесі» арқылы «екі қолға бір күрек» тапқандардың бірі — Мирас Баймурзин. Ол «Еңбек» бағдарламасының 3-бағыты аясында «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бағдарламасы бойынша жұмыссыз ретінде тіркелген. Қандыағаш қалалық әкімдігінен тәжірибеден өткен ол бүгінде «Транстелеком» АҚ-на мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа қабылданған.

— Тәжірибеден өту барысында мен өзімді жақсы жағымнан көрсетіп, мықты маман болуға деген ынтамның барын дәлелдеуге тырыстым . Еңбегім зая кетпеді . Бүгінде тұрақты жұмысы бар жастардың қатарындамын. Өзімді болашақта білікті де білгір маман ретінде көремін. Ауданымыздың дамуына өз үлесімді қосатыныма сенемін, — дейді жас маман.

Қандыағаш қалалық №4 орта мектебінің 2019-2020 оқу жылының түлегі, бүгінде Алматы қаласында Қ.Сәтпаев атындағы қазақ-ұлттық техникалық университетінің 2-курс студенті Нұргүл Бисен болашағын үлкен мегаполиспен байланыстырады.

-Үлкен қалада мүмкіндік көп, бақталастық мықты болады. Бақталастық болған жерде өсу де, даму да бола бермек. Мен болашақта өзімді биіктен көремін. Еліміздің дамуына өз үлесімді қоссам деген ниеттемін. Армандарым көп. Алла қаласа, соның жолында сабағымды жақсы оқып, мамандығымды толық меңгеріп, дипломымды қолыма алғым келеді, — дейді ол.

ДИПЛОМ АЛЫП, АУЫЛҒА БАРАМЫСЫҢ?

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы тәжірибеден өткен жас мамандарға тағы да бір мүмкіндік бар. Ол «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы. Бүгінде осы бағдарлама арқылы 2018 жылдан бері 70-тен астам маман елді мекендерден тұрақты жұмыс тапқан. Оларға мемлекет тарапынан біржолғы көтерме жәрдемақы төленген. Тұрғын үй сатып алуы үшін бюджеттен төмен пайызда несие де беріледі. Аудандық экономика бөлімінің басшысы Ғайният Асқаровтың берген мәліметіне сүйенсек, осы жылы ауылға барып жұмыс жасаймын деушілерге біржолғы көтерме жәрдемақы үшін жергілікті бюджеттен 3 971 000 теңге бөлінген. Бұл қаржыны15 жас маманға беру жоспарланған. Ал тұрғын үй сатып алуға 21 877 000 теңге қарастырылған. Аталған қаржыны 6 жас маман пайызы аз мөлшерде бюджеттік несие етіп алатын болады.

— Бүгінгі күні тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие алуға кезекте 6 маман тұр, оның 5 маманының қаржысы толықтай аударылды, қалған 1 маманның ақшасы осы қыркүйек айында беріледі. Көтерме жәрдемақы алуға жыл басынан бері 15 маман кезекте тұр, бүгінгі күні 12 маманға 3 459 000 теңге көлемінде қаржылары толық аударылып берілді, — деді Асқар Сүлейменұлы.

P.S. Ойшыл Әбунасыр әлФарабидің «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонсоң айтып берейін» деген сөзі бар. Яғни, жас буынның таным-түсінігі, азаматтық көзқарасы қай кезеңде де маңызды болғанын аңғаруға болады. Осыны ескерген ел үкіметі жалынды жастарға барынша қолдау көрсетіп келеді. Ал мүмкіндіктерді жіберіп алмай, тиімді пайдалану, әрине, жастардың өз қолында.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ӨМІРІН СПОРТҚА АРНАҒАН

admin_mugalzhar

Қазақстандық әнші және композитор Ескендір Хасанғалиев қайтыс болды

admin_mugalzhar

Жыл басынан бері 447 млрд-тан астам теңгеге зейнетақы төленді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.