ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНДА «АЛАШ ТУЫ АСТЫНДА», «БӨРІЛІ БАЙРАҚ» ТІРКЕСТЕРІНІҢ ҚОЛДАНЫСТА ЕРТЕДЕН БОЛҒАНЫ КӘРІ ТАРИХТАН БЕЛГІЛІ. БҰЛ — ЕЛДІГІМІЗДІҢ БЕЛГІСІНІҢ БІР БҮГІН ЕМЕС, КӨНЕ КӨМБЕДЕН КЕЛЕ ЖАТҚАН СИМВОЛДАР ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕГЕНДЕЙ… АЛ ЕЛІМІЗ ӨЗ ТӘУЕЛСІЗДІГІН АЛҒАННАН КЕЙІН ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ӨЗ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРІ ДЕ ӨМІРГЕ КЕЛДІ. АРАҒА ЖЫЛДАР САЛЫП, 2007 ЖЫЛЫ 4 МАУСЫМДА «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРІ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ҚАБЫЛДАНДЫ. СОДАН БЕРІ ДӘЛ ОСЫ КҮНІ РӘМІЗДЕР КҮНІ АТАЛЫП ӨТЕДІ. БИЫЛҒЫ МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ГАЗЕТ ТІЛШІЛЕРІ МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАР АРАСЫНДА САУАЛНАМА ЖҮРГІЗІП, МЕМЛЕКЕТТІК СИМВОЛДАР ТУРАЛЫ БІЛЕРЛЕРІМЕН БӨЛІСУГЕ ШАҚЫРДЫ. СОНЫМЕН…
Айару ЖАҢАБАЙ, Қандыағаш қаласы:
— 4 маусым — Рәміздер күні. Бізге ол туралы ұстаздарымыз айтқан болатын. Туымыз, елтаңба мен әнұранымызды қастерлеудің маңызы мен олардың еліміз үшін өте ерекше белгілер екенін түсіндірді. Үнемі мереке, жиындарда әнұран қосылғанда, қолымызды кеудемізге қойып, қосылып орындаймыз. Бұл бізге үлкен жігер береді.
Гүлзия ҚАРАБАЛАҚОВА, Сағашилі ауылы:
-Байқасаңыз, өзге мемлекеттің рәміздері бір-біріне қатты ұқсас келеді. Ал біздің Туымызды қараңызшы, қандай керемет, үлкен мағына жатыр! Көк түс — бейбітшілікті, ашық аспанды бейнелесе, қыран құс — еркіндік пен биік шыңды бағындыратын ержүректілікті, күннің шапағы — әрқашан нұрланып, көркеюді білдірсе, ою — қазақтың ұлттық нақышы ғой. Сіздерге рақмет, осылай игі іс ұйымдастырып, жастардың отансүйгіштік қасиетін оя-туға өз үлестеріңізді қосып жүрсіздер.
Гүлзада ҚҰЛМАҒАМБЕТОВА, Қандыағаш қаласы:
— Шынымды айтсам, бұл мереке жайлы көп айтылмағаннан ба, біразға дейін есіме түсіре алмай тұрдым. Сіздер айтқаннан кейін барып есіме түсті. Жалпы рәміздерді білгенімізбен нақты қай күні тойланатыны, бекіткені туралы білмеппін. Енді біліп жүретін болдым.
Бибатпа МЕЙІРМАНОВА, қала қонағы:
— Рәміздер күні 4 маусым екенін ұмытып қалыппыз . Негізінен мемле — кеттік әрбір мерекені білген дұрыс, жәй ғана біліп қоймай, сол туралы хабардар болып, артымыздан келе жатқан ұрпағымызға айтып отыруымыз керек қой. Жалпы елтаңба дөңгелек алтын түстес келген. Ортасында шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі бар. Жоғарғы бөлігінде — бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Атаулы күнін естен шығарып алсам да, мемлекеттік символдардың бейнесі көз алдымда, әрине.
Бағдат ОРЫНБАСАРОВ, Қандыағаш қаласы:
-Мемлетекттік әнұранды жатқа білемін, әрине. Әрі ол маған патриот — тық сезім сыйлайды. Әсіресе түрлі жарыстарда орындалса, тіптен көзіме жас та келетін кездер кездеседі. Рәміз — біздің елдігіміздің белгісі. Сондықтан оны баладан қартқа дейін білу керек деп ойлаймын. Әннің авторы: Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Несібелі ҚОЖЫҚОВА, Қандыағаш қаласы:
— 4 маусым — Рәміздер күні екенін білемін. Мектепте оқып жүргенде ұстаздарымыз айтатын еді. Бір қуантатыны, бүгінде үлкендерден гөрі кішкентай бүлдіршіндер бұл мерекемен жақсы таныс. Себебі қазір балабақшада да айтылып, арнайы ашық сабақтар өтеді. Бұл — өте дұрыс! Мемлекеттік символдар туралы, оның маңызы жайында бала жастан бойына сіңіріп өскен бала нағыз патриот болып өседі деп ойлаймын.
Тілекжан СҮЙІНШӘЛІ, Саға ауылы:
— Иә, 4 маусым — Рәміздер күні екенін білемін. Рәміздерге: ту, елтаңба , әнұран жатады. Тудың авторы: Шәкен Ниязбеков, елтаңба — ның авторы: Шотаман Уалиханов болса, әнұранның сөзін: Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев жазса, әні Шәмші Қалдаяқовтікі.
Айдария СӘЛІМЖАН, Қандыағаш қаласы:
-Мен Қазақстан Республикасының рәміздерін таныдым. Оны біз балабақшада үйрендік . Және суреттерін де салдық . Тудың түсікөк, елтаңб а — алтын түстес . Әнұран орындағанда, оң қолымызды жүрек тұсына қойып, бірге шырқаймыз. Біз әнұранды да жатқа білеміз. Мен рәміздеріммен мақтанамын!
Айару САПАРҒАЛИ, Қандыағаш қаласы:
-Ту, елтаңба, әнұран туралы бізге балабақшада апайымыз айтты. Тудың түсі көгілдір екенін, ортасына алтын түстес қыран құс салынғанын білемін. Ал елтаңбаны үйде анашым да үйретеді, жаттап жүрмін.
МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР:
1. Елтаңба көрінісі Қазақстан азаматының кез келген құжатында болады. Туу туралы куәліктен бастап зейнетақы кітапшасына дейін Елтаңбаның белгісі қолданылады.
2. Ту үнемі оң жаққа қарай желбіреуі керек.
3. 1992 жылы қабылданған Әнұран 750 жоба ішінен таңдалып алынған.
4. Мемлекеттік мекеме маңдайшаларында Ту міндетті түрде болуы керек.
5. Қазақстан Республикасының заңнамалар жинағында рәміздерге арнайы 3 бап берілген.
6. Қазіргі Әнұранымыз заңды түрде 2006 жылы 7 қаңтарда қабылданды. Жаңа Әнұран бірінші рет сол жылы 11 қаңтарда Тұңғыш Президент Н.Назарбаевты салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
7. Қазақстандағы ең үлкен ту елордадағы «Атамекен» этномемориалдық кешеніндегі Мемлекеттік рәміздер алаңында орналасқан. Биіктігі — 111 метр. Кешен 2009 жылы салынған.
8. 1994 жылы 1 шілдеде Талғат Мұсабаев тұңғыш рет қазақтың Туын ғарышқа апарды.
9. Монблан шыңында (4 810 м), Памир тауының Ленин шыңында (7 134 м) және Эверест шыңында (8 800 м) еліміздің Туы желбіреп, Әнұранымыз шырқалды.
10. 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары кезінде Қазақстанның Туы Жерді 150 рет айналып ұшты.
Қазақстан Pеспубликасының мемлекеттiк Елтаңбасы — Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi. Қазақстан Республикасының Президентінің “Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституциялық заң күшi бар Жарлығымен (24.1.1996) белгiленген. Қазақстан Pеспубликасының мемлекеттiк Елтаңбасының авторлары — Жандарбек Мәлiбеков пен Шотаман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк Туы – Қазақстан Республикасының мемлекеттiк негiзгi рәмiздердiң бiрi. ҚР Президентiнiң “Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституциялық заң күшi бар Жарлығымен (24.1.1996) белгiленген. Мемлекеттік ту көгiлдiр түстi тiк бұрышты кездеме. Оның ортасында арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекiтiлген тұста — ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және оюөрнек — алтын түстi. Тудың енi ұзындығының жартысына тең. ҚР мемлекеттік туының авторы — суретшi Шәкен Ниязбеков. Түркi және әлемнiң өзге де халықтарындағы көк түстiң мәдени-семиотикалық тарихына сүйене отырып, мемлекеттік тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi деп қорытуға болады.
1993 ж. Қазақстан Конституциясы бойынша «республика азаматы мемлекеттік рәміздерді – Елтаңба, Ту, Әнұранды құрметтеуге міндетті» (31- бап). 1995 жылы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін, 1996 жылдың 24 қаңтарында президентті Жарлық ретінде республиканың рәміздері туралы бірыңғай Конституциялық заң шығарылды, ол 2007 жылдың 4 маусымында жаңа «мемлекеттік рәміздер туралы»Конституциялық заңға ауыстырылды.
Қылмыстық кодексте мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін жауапкершілік белгіленген: 317-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қорлау – бір мыңнан екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ, ОҚЫРМАН?.. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі[1]