«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МЕШІТ — МЕЙІРІМДІЛІК МЕКЕНІ

МЕШІТ – МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ ҚҰЛШЫЛЫҚ ЖАСАЙТЫН ОРНЫ. БҰЛ ЖЕРГЕ КЕЛУДЕГІ БАСТЫ МАҚСАТ ТА — АЛЛАҒА ҚҰЛШЫЛЫҚ ЕТІП, ПАРЫЗ ЕТІЛГЕН ҮКІМДЕРДІ ОРЫНДАУ. РЕСМИ ДЕРЕКТЕРГЕ СҮЙЕНСЕК, ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАН ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДА ЕЛДЕ 3 МЫҢҒА ЖУЫҚ МЕШІТ БОЙ КӨТЕРГЕН. АЛ МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНДА 30 ЖЫЛ ІШІНДЕ 11 МЕШІТ САЛЫН-ҒАН. БҮГІНДЕ АУДАН АУМАҒЫНДАҒЫ ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰРҒАН 10 МЕШІТКЕ ШАМАМЕН 3250 АДАМ КІРІП, БІР УАҚЫТТА НАМАЗ ОҚИ АЛАДЫ.

КӨНЕНІҢ КӨЗІ — КӨК МЕШІТ

Аудандағы көне мешіттердің көшін Көк мешіт бастайды. Ол Құмсай ауылына қарасты Ор ауылында орналасқан. 1902-1905 жылдары тама руынан жиналған қаржыға тұрғызылған, сондықтан да мешіт «Таманың көк мешіті» деп аталады. Ел аузынан жеткен деректерге сүйенсек, басында мешітті басқа жерден салу жоспарланған, жерді таңдап жүрген татар шебері сөйлегенде дауысының жаңғырығы жақсы естілетінін көріп, осы жерге салуды ұйғарған.

Елек, Ор, Жем өзендері бойындағы бұл жалғыз мешіт тіктөрт-бұрышты, солтүстіктен оңтүстікке қарай созыла орналасқан бір қабатты ғимарат. Оның іргетасы тастан қаланып, қабырғасы өңделген қара тастардан саз балшықпен қаланып салынған. Ғимараттың үстіңгі жабыны ағаш бөренелер арқылы, ал шатыры жалпақ қаңылтырмен жабылған. Мешіттің жанында кезінде балалар оқып, білім алған, тастан қаланған медресе бар. Мешіт төрт есік және жеті терезе

ойықтарынан (шығыс жағындағы бір терезе есікке айналған) тұрады. Мешіттің ашылу салтанатында Тама Қосуақ ақсақал шамамен бір жарым сағат бойы бата берген. Бұхарадан діни білім алып келген Тобажан деген кісі мешітке алғаш рет имамдық еткен. Оны халық Сары ишан деп атаған. Халық аузындағы әңгімеге сүйенсек, Тобажан ишанның даусының зор болғандығы соншалық, ертеңгі таң намазына азан шақырған кезде дауысы 15-20 шақырым жерге дейін естілетін болған.

Ембі, Ащысай ауыл тұрғындарының барлығы Көк мешітке жұма намазына барып намаздарын оқыған. Кеңес үкіметінің кезінде мешіт айшығы мен күмбезін сол жердің басқарушысы бол-ған Беляков және Боранбай деген кісілер трактормен тартып құлатқан. Бірақ бір жылға жетпей екеуінің де бүкіл отбасымен қырылып қалғаны туралы дерек уикипедияда кездеседі. Қазіргі таңда ғасырлар бойына бабалар мұрасы болып тұрған мешіт қабырғалары құламай, қаз қалпында сақтаулы тұр.

Бүгінде көне мешіт ғимаратын мемлекеттің қорғауына алу үшін жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Себебі аталған тарихи ғимарат Ақтөбе облысының киелі жерлері тізіміне енген. Жуырда қандыағаштық Базарбай Құлбаев және Дүйсенбай Қонақов бастаған қоғам белсенділерінің ұйымдастыруымен мешітті қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, толығымен күрделі жөндеуден өткен.

АУДАНДА 11 АЛЛАНЫҢ ҮЙІ БАР

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ауданда алғаш болып бой көтерген құлшылық орны «Нұртай» мешіті 1997 жылы 17 қазанда салтанатты түрде ашылды. Мешіттің құрылыс жұмыстары 1992 жылы басталған. Жалпы жобасы Ташкент қаласында жасалған. Мешітте иман негіздері, ислам тарихы, құран әліппесі-тәжуид, ахадық, фиқһ тұрғысында дәрістер беретін ер және әйелдердің дәріс тыңдау бөлмелері ашылды. Мешіттің алғашқы имамы Оразалы қажы Шынболатов болды. Содан кейін мешіттің бас имамы Ғабит Мәткәрімов, Мәди Орынбай, Нұрсұлтан Тұрсынқұлов, Ерболат Жүсіповтер болған. Бүгінгі таңда бас имам — Асемхан Ерғазин.

Мешіт Кеңес Одағы кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған жергілікті дін қайраткері және бұрынғы «Жұрын» мешітінің имамы Нұртай Құрманалиннің есімімен аталады. 1995 жылы Нұртай Құрманалиннің аты ақталғаннан кейін немересі Бауыржан Хайруллаұлы Құрманалин алдымен Қандыағашта (1997), содан кейін Жұрында (2004 ж.) атасының құрметіне мешіт салды. 2011 жылы «Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында «Нұртай» мешіті күрделі жөндеуден өтті. Күрделі жөндеу кезінде ерлер мен әйелдердің намазханаларына бөлек кіруге мүмкіндік жасалды.

Құмсай ауылындағы «Тама Төлжан» мешіті 1998 жылы бұрынғы совхоз директоры Сағнадин Салықбаевтың бастамасымен салынған. Сыйымдылығы 80-100 адамға арналған ауыл мешітінің имамы Ұзақбай Құлымшиннің айтуынша, мешітке бүгінде ауыл кәсіпкері Қайрат Дарқұлов демеушілік көрсетіп, жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Едендері жаңартылып, терезелері мен жылу жүйелері алмастырылуда.

Жұрын ауылындағы «Хайролла» мешітін Бауыржан Құрманалиннің салдырғанын жоғарыда тілге тиек еттік. Аталған құлшылық орны 2005 жылдан бастап жұмыс жасайды. Бүгінде ауыл тұрғындарының жұмада жиналатын орнына айналған мешіттің бас имамы — Нұржан Ержанов.

Сағашилі ауылында орналасқан «Ерболат Камалұлы» мешіті 2004 жылы салынып, 2006 жылдың 8 қыркүйегінде пайдалануға берілген. Мешіттің бас имамдық қызметін Жалғас Орынбасар атқарады. Ол Ақтөбе облыстық мешітінің жанындағы екі жылдық сауат курсын аяқтап, Алматыдағы білім жетілдіру ислам институтында оқыған. Бүгінде ауылдың 20-30 жамағаты мешітке барып, құлшылық жасайды.

Ақкемер ауылында орналас-қан «Нұралы» мешітінің құрылыс жұмыстары 2006 жылы басталып, 2007 жылы пайдалануға берілген. Имамы — Ануар Хусанов.

Талдысай ауылынан 2008 жылы «Ақ қанат» шаруа қожалығының басшылығымен және ауыл азаматтарының қолдауымен күмбезделіп, айшықталып, ауыл мешіті бой көтерді. Алайда ауылда намаз оқып, мешітке баратын адамның жоқтығынан бүгінде мешіт жұмысын тоқтат-қан. Ауыл әкімі Қазбек Аққайыр ауылға келіп, діни насихат айтатын имамға ауыл кәсіпкерлерінің үй тұрғызып қойғанын мәлімдеді. Сонымен бірге жаңадан салын-ған үйге көгілдір отын мен ауызсу кіргізіп, келетін имамның ауласына сауынды сиыры мен бірнеше саулық беретінін жеткізді.

Жаңа жол вахталық кентіндегі мешіт вахталық қызметте жұмыс жасайтындарға арналып тұрғызылған. 2009 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде ол жерде бас имамның міндетін Жаңаберген Балсеріков атқарады.

Ембі қалалық «Нұр» мешіті 2011 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Құрылыс жұмыстары 2008 жылы басталған. Мешітте бір уақытта 400 адам намаз оқи алады, оның 320-сы ер адамдар үшін, 120-сы әйел адамдар үшін жасалған. Мұнарасының биіктігі — 18 метр. Мешіттің салынуына жергілікті кәсіпкер Сарсенбай Құлмұрзин себепші болған. Мешіттің алғашқы имамы Әлижан Бекболов болған. Бүгінгі таңда аталған мешіттің бас имамы міндетін атқаратын Нұрсұлтан Тұрсынқұлов жұма намазына шамамен 300-дей адамның қатысатынын мәлімдеді. Ал арабша оқу-жазу курстарына 50 шақты адам келеді екен. Сонымен бірге 20-ға жуық ембілік жас өзге қалаларда ислам дінін толықтай меңгеру үшін медреселер мен жоғары оқу орындарында оқуда.

Батпақкөл ауылдық округінің орталығы Жағабұлақ ауылындағы «Жағабұлақ» мешіті 2012 жылы пайдалануға берілді. Мешіттің бой көтеруіне кәсіпкер Сұлтанғали Мамытов өз үлесін қосқан. Ауыл имамы Елдос Оңғарбаев бүгінде мешітке жұма намазға 50-ге жуық адамның жиналатынын айтады. Ауылда егде адамдарға қарағанда намаз оқитын жастардың үлесі басым екен.

Мұғалжар ауылындағы «Мұғалжар мұсылман мешіті» 2015 жылы іске қосылған. Мешіттің бой көтеруіне «Көктас» АҚ-ы демеушілік көрсеткен. Мешітке бір мезгілде 50-ден астам адам сыяды. Коммуналдық шығындарының барлығын аталған мекеме төлейді. Сонымен бірге мешіт имамының еңбекақысын да мойнына алған. Өткен жылы осы мекеменің

көмегімен мешітке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, күмбездері жаңартылған. Бүгінгі таңда ауыл мешітінде имамның жоқ болуына байланысты есігі жабық тұр.

Қандыағаш қаласындағы «Қадырәлі ата» мешіті 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап жұмыс жасап келеді. Мешітті жергілікті кәсіпкер Бақытжан Қадыралин өз қаржысына салды. Мешіт жанынан арнайы арабша сауат ашу курстары ашылған. Мешіттің бас имамдық жұмысын исламдық білімді Бестамақ-Ақтөбе медресесінен алған Дархан Өксікбаев атқарады.

Дерек пен дәйек

Ең көне мешіт – Таразда

Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ жерінде исламның таралуы VII ғасырдың соңында Жетісу мен Сырдария өзендерінің отырықшы елдерінде басталған көрінеді. Ежелгі бабаларымыз мұсылмандықты өз еріктерімен қабылдаған. Еліміздегі ең ежелгі мешіт Тараз қаласында орын тепкен. Ол бүгінгі таңда туристер көптеп баратын орынға айналған. Аталған құлшылық үйі VII ғасырға тиесілі.

Ұлы қазақ даласының тарихы мен мәдениетінің ислам дінімен, діни дәстүрлерімен, оның құрамдас бөлігі саналатын мешіт, медресе, мектеп, араб мәдениеті мен тілімен және тағы басқа діни-дәстүрлік әдет-ғұрыптармен біте қайнасқаны белгілі. Халқымыз исламды қабылдаған сәттен бастап діни білімділікке үлкен мән бере тұрып, отырықшылыққа ауысқан аймақтарында мешіттер салуға да ерекше мән артқан. Мешіт салу жұмыстары 18-19 ғасырларда кең қанат жая бастаған. Атақты Қожа Ахмет Иассауидің кесенесі салынғаннан кейін Түркістан маңайында зәулім үлкен мешіт ғимараттарын салу көбейе бастаған. Егер олардың саны 1864 жылы 20 болса, 1910 жылы 41-е жетіпті (Р.Мұстафинаның деректері бойынша).

Өкінішке орай, тарихымыздың маңызды бір бөлігі саналатын мешіттеріміздің өткені, оның ғимараттарын салған, тұрғызған, қаражат бөлген кісілер жайлы білетіндеріміз өте аз. Мешіт ғимараттарының кейбірі уақыт жетіп тозып құласа, көпшілігі кеңес заманында қиратылып, сүрілген.

Нұрғаным КЕСІКҚҰ

Ұқсас ақпараттар

ЕСЕПШІНІҢ ЕРЕКШЕ ӨНЕРІ

admin_mugalzhar

Ақтөбеде банкир әріптестерін алдап, бірнеше миллион теңге алған

admin_mugalzhar

2022 жылға Қазақстан қалаларына арналған ораза кестесі жарияланды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.