ДҮЙСЕНБІДЕ АУДАНДА ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КҮНІ МЕН ҚР АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН «ҰЛТТЫҢ МИРАСЫ» АТТЫ АУДАНДЫҚ ЭТНОФЕСТИВАЛЬ ӨТТІ. АТАЛҒАН ШАРАҒА АУДАННЫҢ БАРЛЫҚ ҚАЛАЛЫҚ ЖӘНЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРІНІҢ ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАРЫ МЕН ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛЕРІ ҚАТЫСТЫ.
Аудан әкімдігі мен Ақтөбе облыстық іскер әйелдер қауымдастығының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен байқауда ауыл шаруашылығы өнімдерінің, қолөнер шеберлерінің жалпы 4 бағыт бойынша көрмелері қойылды. Шаруа қожалықтарының өздері өндірген ет және сүт өнімдері, шеберлердің қолдарынан шыққан туындылары көрменің сәнін келтірді. Көрмеге қатысушы шаруалар бүгінде ұмыт болған ет, сүт, дән өнімдерінен жасалынатын ұлттық тағамдардың дайындалу жолдарын түсіндіріп берді. Көрме сөресінде қазы-қарта, жал-жая, қақталған, ысталған ет өнімдерінің бірнеше түрлері, шұжық, құрт-ірімшік, қарынбүрме, майсөк, балқаймақ секілді ұлттық өнімдер болды.
Ал қолөнер шеберлерінің қолдарынан шыққан құрақ көрпеден бастап, тоқылған кілемдері, сүйек пен ағаштан дайындалған мүсіндері, әшекей бұйымдары мен ұлттық киімдері, алтын адам секілді өнер туындылары көрменің сәнін кіргізді. Шара қорытындысы бойынша «Ет өнімдері», «Сүт өнімдері», «Дән өнімдері», «Қол өнері» бағыттары бойынша жүлделі орын алғандар мен этнофестивальға белсене қатысқандар марапатталды. «Ет өнімдері» бағыты бойынша І орынды Қайыңды ауылдық округінің тұрғыны Жанар Уалиева, ІІ орынды Егіндібұлақ ауылдық округінен Әлия Жұмағанбетова, Жұрын ауылының тұрғындары Әсел Көстібаева мен Мәншүк Рахметова, ІІІ орынды Ақкемер ауылынан Жанат Айтмағанбетов жеңіп алды. Ал «Сүт өнімдері» бойынша І орынды Қандыағаш қаласының тұрғыны Азамат Азыкин, ІІ орынды Қайыңды ауылдық округінен Әдемі Қайырбаева, ІІІ орынды Еңбек ауылдық округінен Гүлжайна Тауатарова иеленді. «Дән өнімдері» бойынша І орынды Мұғалжар ауылының тұрғыны Әлия Хасенова, ІІ орынды Егіндібұлақ ауылдық округінен Назипа Кариева, ІІІ орынды Жұбанов ауылдық округінен Бағдагүл Жұмағалиева жеңіп алды. «Қолөнер» бағыты бойынша І орынды ақкемерлік қолөнер шебері Мейіз Көмекбаева, ІІ орынды Талдысай ауылынан Нұрбек Тауманов, ІІІ орынды Ембі қаласының тұрғыны Асан Исатаев қанжығасына байлады.
Кеш соңында ауыл шаруашылығы саласында нәтижелі еңбек етіп, саланың дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген шаруа қожалықтарының иелері мен шаруалар облыс әкімі О.Оразалиннің, облыс әкімінің орынбасары Ж.Иманқұловтың, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы И.Еспағанбетовтың, аудан әкімі Асқар Шерияздановтың Алғыс хаттарымен марапатталды.
Н.ТІЛЕП