«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Қысқы Олимпиада — қыр астында

Санаулы күндерден кейін спорт әлемінің Барыс жылындағы басты оқиғаларының бірі — XXIV қысқы Олимпиада ойындары басталады. Қытайдың үш қаласында өтетін жаһандық жарыс биылғы дүниежүзілік додалардың шымылдығын ашпақ. Пандемияға байланысты мұндағы көпшілік жарыс көрерменсіз өткізілгелі отыр. Тағы бір ерекшелік — Бейжің қысқы және жазғы Олимпиада ойындарын қабылдайтын ең алғашқы қала атанғалы тұр.

Спортсүйер қауым, жалпы ақ қар һәм көк мұзды, әдемілікті сүйетін жұртшылық үшін үлкен мерекеге айналғалы отырған халықаралық дода қандай болмақ?

Спорттың 7 түрі. 109 медаль

4-20 ақпан күндері аралығында өтетін Олимпиада ойындары қытайлықтар үшін ерекше маңызға ие. Алғашқы ерекшелікті сөз басында келтірсек, екіншісі — Қытайдың Жаңа жылымен немесе елдің басты ұлттық мерекесі — Көктем мерекесімен(олар жыл басын осылай атайды — А.Т.)  тұспа-тұс келіп тұр. Сондықтан жер-жерден спортшыларды қабылдайтын мемлекет бұны қазірден-ақ айрықша шара ретінде бағалап үлгерді.

Олимпиада ойындарының ұраны — «Таза мұз бен қардағы қуанышты күн». 2008 жылы Қытайда жазғы Олимпиада ойындары өткізілген соң, негізінен, сол кезде салынған алаңдар пайдаланылмақ. Ресми мәліметке сүйенсек, ұйымдастырушы тарап халықаралық жарысқа 3,9 миллиард доллар жұмсағалы отыр. Бұл — алдын ала есептелген қаражат.  Кейін көбеюі бек мүмкін.

ЖарыстарҚХР астанасы — Бейжіңнен басқа Яньцин мен Чжанцзякоу деген жерлердеұйымдастырылады. Яньцин — ел астанасының маңындағы, Ұлы Қытай қорғанының әйгілі бөліктері — Бадалин мен Джунгугуан орналасқан аудан. Онда шаңғы, бобслей, скелетон және шана спорты бойынша медальдар ойнатылады. Ал Чжанцзякоу солтүстік-батысқа қарай көршілес Хэбэй провинциясында орын тепкен. Онда орналасқан танымал қысқы курорт Чунли сноубординг, шаңғы спортының барлық түрі және биатлоннан өтетін жарыстарды қабылдайды. Жалпы, Олимпиада ойындары 13 спорт нысанында өтеді.

Дүниежүзілік додада спорттың жеті түрінен 109 медаль жиынтығы сарапқа салынғалы отыр. Атап айтсақ, биатлон, бобслей (скелетон), керлинг, конькимен сырғанау (конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек), шаңғы спорты (тау шаңғысы, скандинавиялық аралас, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл, сноуборд), шаңғымен сырғанау және хоккей.

Басты белгі

Суретші Линь Цуньчжэнь жасаған 2022 жылғы Олимпиаданың эмблемасы Қытайдың дәстүрлі және заманауи мәдениетінің элементтерін біріктіреді. Сонымен қатар автор сол арқылы қысқы спорт түрлеріне деген сүйіспеншілігін көрсетеді.

Логотип қытайлық «қыс» (冬) иероглифіне негізделген. Жоғарғы бөлігінде эмблема конькимен жүгірушінің бейнесіне, төменгі бөлігінде шаңғышының мүсініне ұқсайды. Ұшатын таспаның мотиві Қытайдың тау жоталарын, спорттық нысандарды, шаңғы тебуді және мұз айдындарын білдіреді… Эмблема Олимпиада ойындары Қытайдың Жаңа жылымен сәйкес келетінін және көрсетеді.

Ұйымдастырушылар мұндағы көк түс арманды, болашақты, сондай-ақ мұз бен қардың тазалығын білдірсе, қызыл және сары — Қытай туының түстері екенін жария етті. Бұлар ұмтылысты, жастықты және өмірлік энергияны  әйгілеп тұр.

АЙТПАҚШЫ…

Аталған Олимпиада Қазақстанда да өтуі мүмкін-ді… 2013 жылдың тамыз айында Алматы қаласы бірінші болып Халықаралық Олимпиада комитетіне ресми өтінім берді. Ақырында дүниежүзілік доданы өткізу құқығы үшін  Бейжің мен Алматы қалалары өзара бәсекеге түсті. Шешуші сәтте бар болғаны 4 дауыс (44:40) басымдықпен Қытай астанасы жеңіске жетті.

Экомекен, роботтардың «ескертуі» және ерекше ас мәзірі

Ұлттық Олимпиадалық комитетінің хабарлауынша, қысқы ойындар ресми түрде 4 ақпанда ашылғанымен, жарыстар одан екі күн бұрын басталып кетеді.

Белгілі болғандай, спортшылар тұрақтайтын олимпиадалық ауылдардың саны — үшеу. Ойын өтетін әр кластерде бір ауылдан бар. Бұл — спортшыларға ыңғайлы болуы үшін жасалған қадам. Мәселен, Яньцинде сынға түсетін спортшы жатын орнына жету үшін көп уақыт жоғалтуы мүмкін. Сондықтан Бейжің, Яньцин және Чжанцзякоуда бір-бірден олимпиадалық ауыл салынған.

Үш олимпиадалық ауылдың жалпы аумағы — 330 мың шаршы метр. Спортшыларды 20 ғимаратқа орналастырады. Кейіннен бұл нысандар тұрғын үйге айналып, халық игілігіне берілмек. Ұйымдастырушылар олимпиадалық ауылды экологиялық тұрғыдан таза және сенімді етіп салуды көздегенін алға тартты.

Ойынды ұйымдастырушылардың мәліметінше, олимпиадалық ауыл «жасыл құрылыс» стандарттарына толығымен сай келеді. Яньциндегі құрылыс барысында 130 жергілікті ағаш сақталып, олимпиадалық орманға 24 мың ағаш егілген.

Олимпиадалық ауыл толығымен қытай стилінде безендірілген. Бұл ойынды қабылдаушы мемлекетті қатысушылар жақсы түсіну үшін жасалды.

Яньциндегі ауыл теңіз деңгейінен 900 метр биіктікте орналасқан. Мұндағы корпустардың барлығы да жылытылған дәліздермен жалғастырылған. Демек, спортшылар аязда тоңып қалмайды.

Олимпиадалық ауылдағы бөлмелер әртүрлі. 1-2 спортшыға арналған бөлмелер бар. Әр бөлмеде жылытқыш пен кондиционер орналастырылған. Бұның бәрі смартфондағы қосымша арқылы басқарылады.

Кереуеттерді биіктігіне, ұзындығына қарай реттеуге болады.

Олимпиадалық ауылда спортпен шұғылдануға бар жағдай жасалған. Фитнес құралдарының 27 түрі бар, жалпы есебі 139 тренажер қолданысқа беріліпті.

Фитнес-орталық та тәулік бойы жұмыс істейді. Бұдан бөлек спортшылар демалатын орын, дәмхана, банк бөлімшелері де бар.

Әрбір олимпиадалық ауылда 18 бөлімшесі бар үлкен аурухана жұмыс істейтінін де айта кеткен абзал. Егер спортшылардың бірінен коронавирус анықталса, оны жедел жәрдеммен басқа ауруханаға алып кетеді.

Нысандарда спортшыларға бетперде тағып, қолын жиі жуып, артық әңгімелесуден аулақ болуды «ескертетін» роботтар бар.

Ұлттық Олимпиадалық комитетінің дерегінше, олимпиадашыларға арналған ас мәзірі 4 жыл бойы дайындалған. Қорытынды мәзірге 678 тағам енген. Осы орайдабіраз жайт есепкеалынды: диета, діни көзқарас және тағы да басқа (вегетериандық ас, халал тамақ). Әрине, ас мәзірінде дәстүрлі қытай тағамдары да бар.

Асханадағы тамақ ішетін ыдыстар да экологиялық таза болып есептеледі. Пандемияға байланысты асханада спортшыларға бетперде мен қолғап, спирт жағылған мақта мен санитайзерлер беріледі.

БІР ДЕРЕК

XXIV қысқы Олимпиада ойындарына әлемнің 95 елінен спортшылар бақ пен бабын ортаға салғалы отыр.

Қайсар жандар да қатысады

Ал наурыз айында сол Бейжіңде қысқы Паралимпиада өз бастауын алады. Бұл —  мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған сайыс. Мұнда спорттың алты түрінен 78 жарыс болады. Дәстүр бойынша Олимпиада ойындарынан кейін шымылдығын түретін мұндай дода 1976 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

P.S. Сонымен, әр 4 жыл сайын өтетін ақ Олимпиада екі аптадан кейін жалауын желбіретпек. Осымен 24-ші рет ұйымдастырылатын  жаһандық жарыста жерлестерімізге жеңіс тілейміз!

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ,«Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

Көші-қон заңын бұзған 5 азаматқа айыппұл салынды

admin_mugalzhar

Әлем чемпионатында Галышева күміс жүлде еншіледі

admin_mugalzhar

ЕЛАМАННЫҢ ЖҮЛДЕ ҚОРЫ ТАҒЫ ТОЛЫҚТЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.