Мұғалжар ауданына Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Ораз Серікбай қажы Сатыбалдыұлы келді. Ақтөбе өңіріне үш күндік сапармен келген бас муфти мұғалжарлықтармен де кездесіп, еліміздің елдігін сақтап қалу, дәстүрлі дінімізді бабалар салған жолмен ұстанып, өткенімізді түгендей отырып рухани жаңғыруға саналы түрде қадам басу төңірегінде ғибраты мол айтарымен бөлісті. Бас муфтимен бірге облыс орталығынан ауданға жол басшы болып Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев келді. Сонымен қатар, дін өкілдері де болды.
Өркендеуіміз үшін өзгере білуіміз керек
Уақыт өлшемімен қарасақ онша көп емес, ал бір адамның өмірімен өлшеп қарасақ аз да емес жылдың ішінде егемендігін алған еліміз шекарасын белгілеп, етек жеңін жинақтап, әлеуметтік ахуалын түзеп, әлемдегі алпауыттардың қатарына қосылды. Әлбетте, дамуымен қатар, өткеннен жақсы дүниелер сұрыптап, болашаққа биік мақсаттар қойған еліміз бүгінде рухани жаңғыруға бет алды. Себебі, ағын судай арқыраған, түске дейінгі тың дүние, түстен кейін салмақсыз болып қалатын сынаптай сырғыған уақыттың талабы бұл. Бас муфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы әңгімесінің кіріспесін осыдан бастады.
-Құран Кәрімде: «Адамзат баласы өзі өзгермейінше, оның айнала төңірегі өзгермейді» деген аят бар. Өзгеріске саналы түрде баруымыз керек. Олай етпесек бізді қоршаған орта төңірегіміз өзгермейді. Бүгінгі заманда санамыздың жаңғыруы аса маңызды болып тұр. Ал Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы сол бағытқа жол сілтейтін бағдаршам, — деді Бас муфти.
Адасқанның айыбы жоқ , қайтып үйірін тапқан соң
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі соңғы он жылдықта елімізде діни ахуал қылаң берді. Дін бұзған дүмшелер көбейіп, арбауына іліккен көптеген бауырларымыз жат ағымның жетегінде кетіп қалды. Осылайша талай отбасының ойраны шықты. Ел боламыз деп отырғанда ішімізден іріткен бұл жағдай қабырғамызды қайыстырып отыр. Мұғалжар ауданы ошағы болмаса да, сол мәселенің шоғы түскен жерлердің бірі еді. Әйтеуір, қазір ауданда діни ахуал азда болса тұрақталды. Оны Бас муфтиге ауданның осы тақырып төңірегінде жағдайын баяндаған аудан әкімі Ербол Данағұловтың өзі айтты. Қазіргі таңда ауданда 10 мешітте 1800 жамағат бар. Сол жамағаттың ішінде бір жарым жыл бұрын 450 жамағат жат ағымда болса, бүгінде оның саны 263-ке азайып отыр. Бұл — облыс көлемінде осы түйіні тастай түйіткілді шешуге байланысты жүргізілген жұмыстардың жемісі.
Ауданда жастар арасында дін және қоғаммен байланыс орталығы ашылды. Мешіттердің имамдары толыққанды жалақымен қамтамасыз етілді. Мұсылмандардың әрбір діни мерекелерінде жамағаттарды жұмылдыра отырып, әртүрлі шаралар ұйымдастыралады. Қасиетті Рамазан айында 30 күн ораза тұтқандарға жергілікті жердің азаматтары 30 күн бойы ауызашар беріп, мұқтаж жандарға қайырымдылық көмектер көрсетеді. Бұның барлығы елдің ішкі тұрақтылығын сақтау бағытында қолға алынып жатқан іс. Аңғалдығымен ағымға ерген бауырларымыздың бетін бері қаратуға қарекет қылған мұғалжарлықтардың істерін Бас муфти құп көрді.
-Адамды еркіне қоя берсең көп нәрсені қалайды. Соның жүйесін дұрыс қабылдай алмағандықтан ба, жасыратыны жоқ, халқымыздың ұстанған дәстүрлі діни ұстанымы мен жүретін жолынан жаңылып жүргені рас. Алайда, «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген сөз бар. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейміз. Егер біз тура жолдан жаңылған бауырларымызды кеудесінен итеріп, қоғамнан оқшаулайтын болсақ, оларды үмітсіздікке апарамыз. Қандай болса да, ол біздің туғанымыз болғандықтан көмек беріп, оның бетін бері қаратуға бәріміз жұмылуға тиіспіз. Мен имамдарға үнемі айтып отырамын, жамағатты алалап бөлуге болмайды. «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» демейміз бе, үйде болып жатқан келеңсіздікті сыртқа шығармай, елдің ақсақалдарымен шешуге тиіспіз. Себебі, біз дала заңына бағынған, сөзге тоқтай білген дана бабалардың ұрпағымыз, — деді Серікбай қажы Ораз.
Бас муфтидің айтуынша, елімізде қазіргі уақытта 3000-ға жуық мешіттер мен медреселер бар. Жалпы медреселер мен діни жоғары оқу орындарында мыңдаған шәкірт ілім, білім алып жатыр. Көптеген азаматтар қайраткерлікпен осы имандылықты дәріптеп жүр.
-Қазақ даласында бірнеше ғасырлар бұрын мамыржай заманда да ғалымдардың легі мұндай көп болған емес. Ал қазір тек шүкір дейміз. Енді біздің алдымызға қоятын мақсатымыз – осы елдің бірлігін, ынтымағын, тұрақтылығын, өзара татулығын сақтап, сұраусыз болған дүниенің ағын су секілді әп-сәтте көзден жоғалатындай әрбір істің қайыры мен берекесін тілеп отыратын дұғагөй, иманды орта қалыптастыру, — деді Серікбай қажы.
Ұрпаққа жақсы тәрбие керек
Ұлы ақын Абайды мәшһүр еткен ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзі бар. Жаһандық көшке ілесіп, қатардан қалмай өркенетті ел боламыз десек, ұрпағымыз түзеу болу керек. Бүгінгі күні бас ауыртып отырған діни ахуалдың басты рөліндегі кейбір жастардың қате қадамдарын қаперге алып, тентегін тізгіндеп, тәртібін түзеген бабалар жолын мысал етіп, сөз қылған Серікбай қажы ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығын түсіндірді.
-Мұхаммед (оған игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың үмбеттеріне айтқан мынадай насихаты бар: «Сендер балаларыңа жақсы тәрбиеден артық ештеңе қалдыра алмайсыздар». Расында «балам қиналмасын, дүниелі болсын» деп тәрбиені дүние-мүлікпен өлшеу бекершілік. Өйткені, «Әкенің малы балаға мал болмайды» деп бабаларымыз айтқан. Баланың маңдайына жазылған ырзық несібе болмаса ештеңе болмайды. Сондықтан ұрпаққа тек жақсы тәрбие керек. Абайдың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өнегесімен тәрбиелесек, қазіргі қоғамдағыдай қатыгез ұрпақтар өсіп шықпайды. Ұрпақты намысты, сөз айтса турасын айтатын немесе үнсіз қалатын имандылықпен ұштасқан тәрбиемен тәрбиелеу керек. Тек бір отбасының баласын емес, бір қоғамда өмір сүріп жатқандықтан бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай болып тентектерімізді түзетуіміз абзал іс. Сонда ғана елде ынтымақ бірлік қалыптасып, ертең осы елдің тізгінін ұстап қалатын жақсы азаматтар өсіп өнеді, — деді Қазақстан діни басқармасының төрағасы.
Көркем мінезді болу исламнан
Ислам дінін қылыштың жүзінен қорқып емес, саналы түрде қабылдаған қазақ халқы өздерін әлімсақтан мұсылманбыз деп атап, талай нәубетті заманды бастан кешсе де ата дінінен ажырамаған ел. Ұлағатты ұрпағын бейбітшіліктің діні Исламнан сусындаған өнегелі жолмен тәрбиелеген дана халық. Өкінішке орай, тыныштықты қалайтын дінімізді бұрмалаған жат бауырлардың әрекеттерінің салдарынан бүгінгі қоғамның діннен секем алғандығы рас. Алайда, мұсылманның бір-бірімен «Ассалаумағаликум», «Уағаликумәссалам» деп сәлемдесуінің өзінде тыныштық тілеп тұратындығын көбіміз біле бермейміз. Ал негізі осыдан-ақ, Ислам дінінің дүниедегі ең мейірімді дін екендігін ұғыну қиын емес.
—Мұсылманның мұраты – ислам діні арқылы Құдайға лайықты құл, пайғамбарға үмбет, еліне Отанына лайықты тұлға , ұл болу. Хадистерде көп келеді «Шынайы мұсылман тілімен де, қолымен де зиян келтірмейді». Шынайы мұсылман өзі жақсы көрген дүниені өзгеге де лайықты деп көрген кезде ғана кемел мұсылман болады.
Дін – көркем мінез. Бұны пайғамбарымыздың өзі үш рет қайталап айтқан. Ең бастысы сіздің діншілдігіңізді көрсететін дүние бұл көркем мінез болуы тиіс. Сіздің Құдайға сүйікті құл болам деген құлшынысыңыз сыртқы келбетіңізбен өлшенбейді. Көптен оқшауланып жалғыз шығып, құлшылықсыз жүргендерді адасқандар деп танып, өзінікін дұрыс деп тану жаңсақ пікір. Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер кімде-кім Алладан басқа тәңір жоқ деп, иман келтіріп, жүрегімен бекітсе, ол Алла тағаланың шексіз сыйлығы жұмаққа кіреді» дейді. Бір ғана сөзді өлшем ретінде беріп тұр. Ал осы өлшемнен атасы да, анасы да момын мұсылман болып тарап келе жатқан ұрпақты «мұсылман емессің» деп айыптау дінімізге жат. Сондықтан көркем мінезді мұсылман болып, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, Алла тағала нығымет етіп берген Тәуелсіздігіміздің қадірін түсініп, басшыларымызды құрметтеп, көштен ажырамай, берекесін тілеп бірге болуымыз қажет, — деп түйді Бас муфти өз сөзін.
Алланың сәті түсіп киелі Мұғалжар топырағына аяқ басқан Қазақстан діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Оразға аудан әкімі Ербол Данағұлов ат басын бұрып келгендігіне елдің атынан алғысын білдіріп, Мұғалжар ауданының 20 жылдығы мен Қандыағаш қаласының 50 жылдығына орай шыққан «Мұғалжар туған байтағым» атты кітапты сыйға тарту етті. Өз кезегінде Бас муфти де қонақ кәдесін көрсетіп, «Ұлы дала төсіндегі Ислам» атты кітабын сыйлады.
Үлкен кездесу жиынынан кейін Бас муфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы Қандыағаш қаласындағы аудандық орталық «Нұртай» мешітінің жамағатымен де жүздесті. Олармен бірге бесін намазын оқыды.
Әнуар ЕСҚАРА