Аудан әкімі Асқар Шериязданов Бұлақты ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аудан басшысы ауданда атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ақпарат беріп өтті.
Өткен жылы Бұлақты негізгі орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық табынға 10 120 га жер қайтарылды.
Қаракөл ауылынан Бұлақты ауылына газ құбырын тарту, жаңа ауылдық клуб пен медициналық пункт ғимараттарын салу жұмыстары жоспарлануда. Сондай-ақ ауылдық медициналық пунктке жаңа УАЗ жедел жәрдем автокөлігін беру мәселесі де қарастырылып жатқандығы айтылды. Ал округ әкіміне аудан басшысы, көне ауылдық клуб ғимаратын спорт зал ретінде қайта жасақтап, күрделі жөндеуден өткізуге, негізгі мектепке қарасты екі ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізуге және тағы да басқа округтегі өзекті мәселелерді жергілікті ауылдық қоғамдық кеңестің күн тәртібінде қарап, талқылап, аудан әкімдігіне нақты ұсыныстар беруді тапсырды.
Бүгінгі күні аудан әкімдігі тарапынан Миялыкөл ауылына КБМ кешенді блок модулі ауыз су ұңғымасын (скважина) қазып беру, телемұнара орнату жұмыстарына дайындық шаралары жүріп жатқандығын жеткізді.
Сонымен қатар аудан әкімі «Ембі-Бұлақты-Құмсай» жолының 40-41 км көктемгі су тасқыны кезінде жырылған жері қайта қалпына келтірілетіндігін баяндады.
Кездесуден кейін аудан әкімі Асқар Шериязданов, аудан прокурорының орынбасары Ғалымжан Ермағамбетов, Ембі қалалық полиция бөлімінің бастығы Бақыт Ізімов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, оларға құқықтық, күнделікті шаруашылық бағыттарындағы сауалдарына жауап беріп, пікірлерін тыңдады.