Мемлекеттік «Күміс жас» бағдарламасы аясында ауданның егде жастағы тұрғындарын жұмысқа қабылдау жүргізілуде. Бұл туралы аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары хабарлады.
Бағдарламаға меншік нысанына қарамастан, бір жылдан астам жұмыс істейтін, тұрақты түрде салық және басқа да әлеуметтік аударымдар жүргізетін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ жұмыс берушілер қатыса алады.
— Жобаға зейнеткерлік жас алдындағы жұмыссыз тұлғалар мен зейнеткерлікке шығуға екі жыл қалған адамдар да қатысады. Экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, субсидия мөлшері жалақы мөлшерінің 50%-ын құрайды, бірақ 30 АЕК-тен аспайды. Бұл жерде салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыларды және банк қызметтерін ескерген жөн, — деді орталық басшысының орынбасары Венера Урумбаева.
Сонымен бірге жұмыс беруші электрондық еңбек биржасында «Жеке кабинет» ар-қылы жұмыспен қамту орталығына осы жылға «Күміс жас» бағдарламасына қатысуға электрондық өтінім береді.