Мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында ауданда «Нұр-Әлем» үкіметтік емес ұйымы өз жұмысын бастады. Аталған ұйым Қандыағаш қаласында арбаға таңылған жандарға және ерекше балаларға қызмет көрсетеді.
Наурыз айынан бастап жұмыс жасаған ұйым І топ мүгедектеріне, тірек қимылы бұзылған және ДЦП ауруына шалдыққандарға инватакси қызметін көрсетеді. Бүгінгі таңда қала бойынша аталған қызметті 34 ересек адам және 27 бала пайдаланып отыр. Аталған үкіметтік емес ұйым басшысы Жанар Ешбаева «Нұр-Әлем» ұйымы сонымен қатар, ерекше балаларға арналған жартылай стационарға да қызмет көрсететінін жеткізді. Ол жерге 9 ерекше бала келіп, арнайы мамандардан кешенді емдік дене шынықтыру (ЛФК), массаж секілді қызметтер алады.
— Ерекше балаларға арнайы қызмет көрсету барысында біз олардың тасымалдануын өз мінде-тімізге аламыз. Бір айта кетейін дегенім, инватакси қызметін тек қоларбамен жүретін мүгедектер ғана ала алады. Біз І топ мүгедегі саналатын көзі көрмейтін адамдарға қызмет көрсетпейміз. Инватакси тек қана мүгедектер арбасы үшін арнайы жабдықталған, — деді Жанар Ешбаева.
Н.АБАТ