«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МАУСЫМДЫҚ АЛЛЕРГИЯ МАЗАҢЫЗДЫ АЛДЫМА?..

АПТАП ЫСТЫҚПЕН ҚОСА ӨРШИТІН ИММУНДЫҚ ДЕРТТІҢ БІРІ — АЛЛЕРГИЯ. ӘСІРЕСЕ, КӨКТЕМ АЙЫНДА БАСТАЛЫП, ЖАЗДА ҰЛҒАЙЫП, ТІПТІ КҮЗГЕ ДЕЙІН СОЗЫЛАТЫН БҰЛ АУРУ ӘРБІР ҮШІНШІ АДАМДА КЕЗДЕСЕДІ ДЕЙДІ МАМАНДАР. АЛ БҰҒАН АСА МӘН БЕРЕ ҚОЙМАЙ, ДЕРТТІҢ ДАУАСЫН ІЗДЕМЕЙ ЖҮРЕ БЕРЕТІНДЕР ТІПТЕН КӨП. «ЕРТЕРЕКТЕ БҰЛ МАУСЫМДЫҚ СЫРҚАТПЕН АУЫРАТЫНДАР СИРЕК ЕДІ» ДЕГЕНДІ ҮЛКЕНДЕРДЕН ЕСТИТІНІМІЗ БАР. РАС, ҚАЗІРДЕ ТҰТЫНАТЫН ТАҒАМ ДА, ЖҰТЫП ЖАТҚАН АУА ДА ТАЗА ЕМЕС. БӘЛКІМ, СОНЫҢ САЛДАРЫНАН АҒЗА СЫРТҚЫ ТІТІРКЕНДІРГІШ РЕФЛЕКСТЕРГЕ ДАЙЫН ЕМЕС. МҮМКІН БАСҚА СЕБЕП… ЖӘ, НАҚТЫСЫН ЕСТУ ҮШІН АРНАЙЫ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАҒА БАРДЫҚ.
Аптап ыстықпен қоса өршитін иммундық дерттің бірі — аллергия. Әсіресе, көктем айында басталып, жазда ұлғайып, тіпті күзге дейін созылатын бұл ауру әрбір үшінші адамда кездеседі дейді мамандар. Ал бұған аса мән бере қоймай, дерттің дауасын іздемей жүре беретіндер тіптен көп. «Ертеректе бұл маусымдық сырқатпен ауыратындар сирек еді» дегенді үлкендерден еститініміз бар. Рас, қазірде тұтынатын тағам да, жұтып жатқан ауа да таза емес. Бәлкім, соның салдарынан ағза сыртқы тітіркендіргіш рефлекстерге дайын емес. Мүмкін басқа себеп… Жә, нақтысын есту үшін арнайы аудандық ауруханаға бардық. Алайда, ауруханада арнайы аллерголог маманның жоқтығына байланысты біздің сұрағымызға участкелік жалпы тәжірибедегі маман Гүлжан Аекешова жауап берді.

— ЖАЛПЫ, АЛЛЕРГИЯ ҚАЙ КЕЗДЕ, НЕ СЕБЕПТІ ТУЫНДАЙДЫ?
-Біз учаскелік дәрігер болғандықтан, өз қарамағымызға қарайтын әрбір отбасы мүшелерінің денсаулығы үшін жауаптымыз. Егер қиын жағдайдағы аллергия болатын болса, арнайы құжаттар рәсімдеп, «Дамумедке» салып, облыстық емханаларға жолдама береміз. Жалпы қай аурудың түрі болса да жеңіл, ауыр деген сатылардан тұрады. Жеңіл түрі дегеніміз, тағамнан немесе басқа да заттардан туындайтын аллергия, ал ауыр сатысы демікпе тәрізді белгілер. Ондай жағдайда жоғарыда атап өткендей, жолдамамен облысқа жібереміз. Негізінен көктемдік аллергия да тұмау тәрізді болады. Бірқатар сырқаттар соны шатастырып, өз бетінше үй жағдайында ем қабылдап жатады. Бұл өте қауіпті екенін ескерткім келіп отыр. Себебі аллергия түрлі дозада дәрі-дәрмек пайдалану, шектен тыс тұтыну тәрізді дүниелерден туындап та жатады. Негізінен бұл сырқат үлкен қарияда да, кішкентай нәрестеде де кездеседі. Сондықтан мұқияттылықпен қараған дұрыс. Жалпы бұл мәселемен көктем айынан бастап келетін тұрғындар бар. Себебі көктемде поллинозға шалдығатындар өте көп.
Поллиноз — желмен тозаңданатын гүлді өсімдіктердің тозаңынан туындайтын кең таралған маусымдық созылмалы ауру. Поллиноздың басқа атаулары — тозаңға аллергия, тозаң демікпесі, шөп безгегі, көктемгі катарра. Шырышты қабық негізінен маусымдық аллергиялық ринит, синусит, назофарингит, ларингит тәрізді аурулардан зардап шегеді. Кейбір жағдайларда бронх демікпесінің дамуына дейін жөтел, ысқырықты тыныс алу, ентігу және астма ұстамалары түрінде көрінуі мүмкін. Кейбір адамдар үшін анда-санда мұрыннан су ағуы, қышынуы, көзден жас ағуы ыңғайсыздық тудырады, бірақ маңызды нәрсе емес сияқты көрінуі мүмкін. Іс жүзінде олай емес. Поллиноз қауіпті, себебі ол бронх демікпесінің дамуын тудыруы ықтимал. Ал ең қауіптісі — анафилактикалық шокқа әкеледі. Сондықтан оны асқындырмай, білікті дәрігерге бару керек . Аурудың алғашқы белгілерінде сіз аллергологқа барып, оның дәрі-дәрмекпен емдеуге, тамақтануға және салауатты өмір салтына қатысты барлық ұсыныстарын орындауыңыз қажет екенін есте сақтағаныңыз жөн.

— НАУҚАС АДАМНЫҢ ҚАНДАЙ САТЫДАҒЫ АЛЛЕРГИЯ ТҮРІМЕН ШАЛДЫҚҚАНЫН ҚАЛАЙ БІЛУГЕ БОЛАДЫ? ЖАЛПЫ ТЕКСЕРІС ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ?
-Ең алдымен диагностика жүргіземіз. Ауруды анықтаудың негізгі жолы — тері аллергологиялық тестілеу. Оның нұсқаларының бірінде білектерге кішкентай сызаттар қолданылады, содан кейін аллерген олардың әрқайсысына тамшылатылады. Егер оң реакция болса, сызат айналасында гиперемия және терінің қызаруы дамиды. Мұндай сынақтар аллергологтың бақылауымен жасалуы керек, өйткені анафилактикалық шок алудың ықтималдылығы жоғары. Диагноздың сенімділігі үшін аллергияға қарсы препараттарды қабылдауды тоқтату керек. Сондай-ақ қан сарысуындағы IgE [en] класының спецификалық антиденелерін анықтау әдісі бар, ол теріге тестілеу мүмкін болмаған кезде қолданылады, «радиоаллергосорбенттік сынама» деп аталады.

-ТӘУЕКЕЛ ТОБЫНА ЖАТАТЫН АДАМДАР ҚАТАРЫН АТАСАҢЫЗ?
— Тұқым қуалайтын Ig A секрециясының жетіспеушілігімен жұмыс істейтін және нашар экологиялық жағдайларда өмір сүретін; бронхит, бронх демікпесі сияқты аурулары бар басқа аллергиялық аурулары бар, бадамша бездерін алып тастау үшін операция жасағандар жатады.

— АЛЛЕРГИЯНЫ БАСУ ҮШІН ҚАНДАЙ ДА БІР ЕРЕЖЕЛЕРДІ САҚТАУ ШАРТ ПА?
-Аурудың өршуі кезінде ережелерді міндетті түрде сақтау керек. Күн сайын антигистаминді және кальций глюконатын қабылдау (тамырлардың өткізгіштігін төмендету үшін), күнде душ қабылдаңыз, дымқыл тазалау жүргізіңіз, күндіз терезелер мен есіктерді жауып, түнде құрғақ ауарайында жүруден бас тарту ұсынылады немесе жаңбырдан кейін бөлмені желдету ұсынылады (тозаң концентрациясы аз болғанда), құрамында аллерген мөлшері аз аймақтардағы су объектілерінің жанында демалған абзал. Ал ремиссия кезеңінде ережелер қарапайым: иммундық жүйені күшейту (спортпен айналысу, теңдестірілген тамақтану, қатайту, жаман әдеттерден бас тарту) және жыл сайын емдеуден өту.

— АЛЛЕРГЕТИКТЕРГЕ ҚАНДАЙ ДА БІР КӨМЕКТЕР КӨРСЕТІЛЕ МЕ? ЕСЕПТЕ ТҰРҒАНДАР БАР МА?
-Жалпы жоғарыда айтып өткендей, алғашқы көмек көрсетіп, оған кетпейтін болса, облыстық емханаларға жібереміз. Сол дәрігерлердің жазған рецептері бойынша науқастың жағдайына қарай күндізгі стационарға орналастырып, рецептте бар дәрілер біздің ауруханада болатын болса оларды тегін береміз. Тағы бір айта кететін мәселе, ентікпе тәрізді аллергиялық генезбен араласып кеткен жағдай кездесетін болса, оларға тегін көмек көрсетіледі. Біз жолдамамен жіберген науқасқа тағайындалған ем-шараларды әрі қарай участкелік дәрігерлер қадағалап отырады. Алайда бұндай аурумен ауыратын адамдарды диспансерлік есепке алып, аллергиямен айналысатын маман, кеңесшілер аудан бойынша жоқ.

— ҚАНДАЙ ЕМ-ШАРАЛАР ҰСЫНАСЫЗДАР?
-Үш негізгі қосымша терапия бар: әдетте антигистаминдерді (алерзин, супрастин) және жергілікті глюкокортикостероидтарды қолдануды қамтитын өршу кезіндегі патогенетикалық және симптоматикалық терапия, шиеленісу кезеңінен тыс жүргізілетін себеп-салдарлық маңызды аллергенмен аллерген-спецификалық иммунотерапия; аллергендерден қорғаудың тосқауылдық әдісі. Ең тиімді әдіс — аллергендердің назофаринске енуіне жол бермеу, яғни қорғаныстың тосқауыл әдісі. Бұл жағдайда мұрынға арналған мамандандырылған сүзгілер, көзге көрінбейтін респираторлар қолданылады. Тағы бір айта кететін мәселе, аллергия кезінде қызыл тағамдар мүлдем тұтынбау керек. Керісінше, сырқатты өршітіп жібереді. Мәселен, қызанақ, қызылша, құрма, алкогольді сусындар, сүт тағамдарды рационнан ала тұрған дұрыс.

— АЛЛЕРГЕТИКТЕРГЕ ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?
1.Ең бірінші ағзаңыз нені қабылдамайтынын тексертуіңіз керек. Әрине оны анықтайтын түрлі тәсілдер бар (арнайы емханаларда қан сараптамасы және теріге тітіркендіргіштер енгізу арқылы анықтап береді). Сақтық үшінүй-ішіңіз, достарыңыз, араласатынадамдарыңыздың барлығы неге аллергияңыз бар екенін білулері керек. Ал ауырып қалған жағдайда дәрігерге міндетті түрде ескертесіз.
2. Кейбір адамдар ит-мысық сияқты жануарларжүніненаллергиясыболуымүмкін. Сондай кезде олармен контакт үзу керек. Яғни үйде ұстамай, тыс жерге апарғаныңыз абзалырақ. Жақпайтыназық-түлікті тұтынбайсыз, терезегебірнешеқабаттағандәкематаұстап, шаң-тозаңнан аулақ жүресіз, күніне екі рет үйді ылғал шүберекпен сүртіп, өзіңіз де жеңіл душ қабылдап жүруіңіз керек т.б.
3. Дәрі-дәрмегіңізді үнемі жаныңызға алып жүріңіз. Негізінен аллергия ұзақ курстармен емделеді. Дегенмен, аяқ астынан ауырып қалғанда жағдайыңызды жеңілдететін антигистаминдік препараттар үйде тұрғаны дұрыс.
4. Қазір медицина аллергияны жеңді. Яғни толық курсалып, құлан-тазаауруданайығуға болады. Тек үзбей 3 жыл шамасында емделу керек. Мысалы, маусымдық поллинозда күзден бастап, қыстажәне ерте көктемде бірбір курс ем аласыз. Ал жаз кезінде онсыз да дәрілердің көмегіне жүгінесіз. Жыл бойы дәрігердің бақылауында болып, емделсеңіз сізде бәрі қалыпты болады.
5. Химиялық қоспаларыбар тұрмыстық тазалағыш заттарды көп тұтынбағаныңыз жөн. Қазірде түрлі аллергия мен тері ауруларына осы химиялық қоспадағы заттар әсер етуде. Осыған байланысты табиғи құрамда дайындалатынсантүрлі тұрмыстық тазалағышзаттар шығып жатыр. Соларды тұтынуға кеңес берер едім.

СІЗ НЕ АЙТАСЫЗ?
Күлшара БАЙҚОЖАЕВА, Қала тұрғыны:
-Мені осы маусымдық аллергия алаңдатады. Себебі 20 жылдан астам уақыт бойы алысып келе жатырмын. Көктем айынан басталып, күн салқындай бастаған уақытта жаймендеп бәсеңдейді. Бұл маусымдық болғаннан кейін бе аса мән бере қоймаймыз ғой. Негізінен қыс айында тексерілу керек екен. Қыс айында ауырмағандықтан, ұмытып кететініміз рас.
Ұлболсын БЕРКІМБАЕВА, Қала тұрғыны:
-Аллергиямен ауыратындардың жанын тек сол сырқатпен ауырып жүргендер ғана түсінеді. Адам түрлі заттардан да аллергия болады екен. Мен оны тексерілу барысында білдім. Қыс айында толық диагностикадан өтіп, сары түсті тағамдық заттардан аллергия екенімді білдім. Содан бері банан, лимон, апельсин тәрізді тағам мен сусындарды мүлдем тұтынбаймын.
Самат САПАРҒАЛИ, Қала тұрғыны:
-Маусымдық аллергиямен арпалысып жүргендер көп. Соның бірі өзім. Күн ыссы уақытта өрши түсетіні тағы бар. Жасыл шөп тозаңдарынан түшкіру, көздің жасаурауы тәрізді белгілер адамның мазасын қашырады. Қазіргі уақытта өте көп адамның осы сырқатпен күресіп келе жатқанын байқаймын.
Лаура ӨТЕМІС, Қала тұрғыны:
— Менің бала кезімнен сарымсаққа аллергиям бар. Жемек түгілі, иісінің өзінен түшкіріп, үстім қышынып, берекетім кетеді. Одан кейін есейе келе, дәрі ішемін деп, өзге де тағамдарға, оның ішінде қышқыл, ащы тағамдарға аллергиям өршіп кетті. Сондықтан күтініп, үнемі қатаң диета сақтауға тура келеді.

Р.S. Аурудың жақсысы жоқ, әрине. Дегенмен аллергияны ауруға санамай немқұрайлы қарайтынымыз жалған емес. Мүмкін маусымдық, өткінші болғасын да шығар. Дер кезінде ем алмаса, асқынған үстіне асқынып, қасіретке апаруы мүмкін екенін де естен шығармаған жөн. Кейбірі аллергияны «сылтау» санап, сан шаруадан, артылған істен қашу үшін «сән» қылып жүргендерді де көріп келеміз. Келеке қылғың келеді кейде… Хош, өз денсаулығымызға салғырттықпен емес, сауаттылықпен қарайық. Себебі денсаулықтың өзі бізге берілген — аманат. Ал аманатқа қиянат жасалмайды.
Айдана АЛТЫБЕВА

Ұқсас ақпараттар

ҮЛКЕН САХНАДА ӨНЕР КӨРСЕТУДІ АРМАНДАЙТЫН АЛТЫНБЕК

admin_mugalzhar

ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ — БАСТЫ МІНДЕТ

admin_mugalzhar

Қазақстан оқушылары халықаралық олимпиададан 33 медаль жеңіп алды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.