«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕСТЕЛІКТЕН ЕСКЕН ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ҚАСІРЕТІ…

Кеңес дәуірінде ашаршылық және саяси қуғынсүргін қасіреті жабық тақырып болғаны белгілі. Нәубет жайлы сөз де қозғалмады, ата-бабамыз сыбырлап қана айтатын қасірет еді ол… Марқұм анам да «сол кезді адам баласына бермесін, аштықтан ел тышқан аулап жегенін әжем айтып отыратын» деп есіне алатын. Тәуелсіздігіміздің арқасында ашаршылық — кездейсоқ болған зобалаң емес, кеңестік кездегі әдейі жасалған зұлмат екенін тарихшылар бүгінде ашық жазып отыр. Музейде жинақталған көне газеттерді саралап отырып, нәубеттің 60 жылдығы қарсаңында 1992 жылдың 29 мамырында марқұм Сапан Төкеновтің және қала тұрғыны Әлима Диханбаеваның жазған мақаласын оқып шықтым. Екі шағын ғана жазылған мақалада өткен тарихтың іздері айтылған. Халқымыздың нәубет кезіндегі көрген зардабы мен қилы тағдырын кейінгі ұрпақ білу мақсатында оқырманға қазқалпында беріп отырмын. Сапан атамыздың мақаласында: «1933 жыл өте ауыр жыл болды ғой. Мұны мен жас та болсам жақсы білемін. Туған жерім осы күнгі Жаңажол совхозының орталығы. Бұл жерде Жомарт, Қуат, Кенегес аталардың балалары тұратын. Сол ашаршылық жылы бізді, яғни менімен бірге 4-5 баланы Темір қаласындағы интернатқа апарып, мұғалімдер даярлайтын училищеге оқуға берді. Бұл оқу орнын алты жыл оқып бітірдік. Оқып жүрген кезде жердің қашықтығына қарамай, ауылға жаяу келіп тұратынбыз. Көргеніміз әлі есімде, жол бойында аштан өлген адамдардың сүйегі жататын. Адамдар тышқан ұстап, сонымен күн көрді. Сол 33-ші жылы әкемнің 9 баласының үшеуі қайтыс болды. Біздің туыстарымыз Сары деген кісінің бір баласының далада өліп жатқанын көзіммен көрдім. Қазір айтуға ауызым бармайды, ол кезде балаларды ұрлаушылар болды. Сол жылы Темірдегі милиция бастығының (ОГПУ) жеті жасар қызының ұрланғанын білемін. Өлімнің көптігінен оларды көмуге шама келмей, далада ашық қалғандары қаншама еді. Көптеген адамдар күн көру үшін басқа жаққа кетіп жатты. Осыларды ойлағанда күні бүгінге дейін жаным түршігеді…», — деп жазылған. Ал Әлима апамыз әкесінің айтқан естелігінен атасына деген сағынышын «Жазық сыз жапа шеккен» тақырыбында жазылған мақаласында жеткізеді. «Бүгінде халқымыздың басынан өткен қанды оқиғалар атына лағнет айтылып, құрбан болғандар рухына тағзым етіп жатырмыз. Сол замандарда жазықсыз жапа шеккендердің бірі – біздің отбасымыз. Әкемді кінәсіз ұстап кетіп, екі баланы жетім, шешемізді жесір етіп қойса, олай демегенде не деймін?!. Ол кезде Ембі қаласынан 7 шақырым жердегі Карл Маркс колхозында тұратынбыз. Малымызды бағып, күнелтіп отырған шағын ауылдың адамдары мұндай қасіретке кезігеміз деп ойлады ма екен?.. Аштықтан енді ғана есімізді жинап, қалт-құлт тұра бастаған бізге осынау тосын оқиға оңбастай соққы берді. Әкем Диханбай Дәндібекұлын Жұрын қаласындағы базарға келіп тұрған жерінен милиция қызметкерімін деп біреу ұстап кеткен. Өзім ол кезде 10 жаста, інім 3 жаста болатын. Сол кеткеннен әкем хабарсыз кетті. Осы уақытқа дейін сүйегінің қайда қалғанынан бейхабармыз. Ол жалғыз ұсталмапты. Сол уақытта Ембі қаласынан Кәрі Қошқарбаев, жоғарыда аталған колхоздан Жолдыбай, кейіннен Мақсұм Сүлейменов жазықсыз ұсталып, темір қоршаудың арғы жағына түседі. Осы төртеуінің ішінен Кәрі ақсақал ғана елге аман-есен оралыпты. Ақсақалдың айтуынша, Сібір жерінде он екі жыл түрмеде отырған. Қалған үшеуінің өлгенін айтады. Бірақ қай жерде, қандай өлім жазасы кесілді ешкім білмейді, деректер болмағандықтан анықтай да алмадық. Жазықсыз «халық жауы» деп атылғандардың тізімі облыстық газетке берілгенде, олардың арасында да үшеуінің есімдері жоқ болып шықты. Демек, біздің облыстан басқа жерде болған деп шамалаймыз. Бала болсам да есімде бір күні шешеміз марқұм үйге келіп, «Тұтқындарды Қарағандыға алып кеткелі жатқан көрінеді. Ембінің үстінен өтеді, жолығып қалу керек, мүмкін әкелеріңді көріп қалармыз» деді. Қанша теміржолға телміргенмен әкемізді кезіктіре алмадық. Жазығы не? Не бүлдірді? Жауабы жоқ осы сауалдар өмір бойы жанды қинаумен келеді. Жас кеткен әке бейнесі осы уақытқа дейін сол қалпында елестеп, жанарға жас үйіреді. Қанды оқиға құрбандарының рухына тағзым етемін», — деп жазылыпты естелікте. Қазақтың әр баласының ата-бабалары солақай саясаттың құрбанына айналып, кесірлі күндердің құрсауында тұмшаланып, ашаршылық пен қуғын-сүргін зардабын көрген болса, олар туралы айтылмай кеткен деректер қаншама! Бұл мақала менің өзім оқып толғанған, ауыр жағдайды баяндаған талай қиыншылықтардың титтей бір бөлігі ғана еді… Бұдан бұлай халқымыздың басына мұндай зобалаң тумасын деп тілеймін.
Ұлболсын КЕРЕЙҚЫЗЫ, Ағайынды Жұбановтар мемориалдық музейінің директоры

Ұқсас ақпараттар

СӘКЕН АЛДАШБАЕВ: САЛТ-ДӘСТҮР МЕН ЫРЫМ-ТЫЙЫМНЫҢ АРА-ЖІГІН АЖЫРАТА БІЛУ ҚАЖЕТ

admin_mugalzhar

Контроль за ценами по-кандыагашски

admin_mugalzhar

Су тасқынынан зардап шеккен ауылдардың әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден төленеді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.