«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАРДЫҢ ҚАЛА КҮНІНЕ ТАРТУЫ

ӨТКЕН АПТАНЫҢ СОҢЫНДА АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫ МЕН АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТУҒАН КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ. АТАЛҒАН ШАРАҒА ӨЗГЕ АУДАНДАРМЕН БІРГЕ МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАР ДА АТСАЛЫСТЫ. ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ АБАЙ ДАҢҒЫЛЫНДА ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТА КИІЗ ҮЙ ТІГІЛІП, АУДАН ӨНЕРПАЗДАРЫ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ҚОЙЫП, АҚТӨБЕЛІКТЕРГЕ КӨТЕРІҢКІ КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАДЫ. АУДАН ТАРИХЫНАН СЫР ШЕРТЕТІН КІТАП ЖӘНЕ ҚОЛӨНЕР КӨРМЕЛЕРІ ЖАСАҚТАЛДЫ. МЕРЕКЕГЕ КЕЛУШІЛЕР СПОРТТЫҚ ШАРАЛАРҒА ҚАТЫСЫП, ӨЗ БАҚТАРЫН СЫНАДЫ. СОНЫМЕН ҚАТАР БҰЛ КҮНІ АРЗАН БАҒАДА АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ӨНІМДЕРІ САТЫЛЫП, ТЕГІН БАУЫРСАҚ ТАРАТЫЛДЫ.

ӘН МЕН БИ ШАШУ ШАШТЫ
Арнайы тұрғызылған сахнада Мұғалжар ауданының өнерпаздары «Ақтөбе — алтын бесігім» атты мерекелік шара ұйымдастырып, қала тұрғындарына ән мен биден шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Даңғыл бойына жиналған халықты Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шериязданов Ақтөбе облысының 90 жылдығы және Ақтөбе қаласының туған күнімен құттықтады. Мерекелік ісшараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, «Amanat» партиясының Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов және Мұғалжар ауданында ұзақ жылдар еңбек етіп, өңірдің өркендеп да муына үлес қосқан еңбек ардагерлері қатысты. Мерекелік кеш аудан өнерпаздарының гала-концертіне ұласты. Кеш барысында мұғалжарлық жерлесіміз Д.Айтжанов «Ақтөбе — құтты мекен», К.Сүндетбаева «Желдірме», А.Балгарина «Гүл-гүл жайна» әндерін орындады. Сондайақ Т.Тоқаева, Ж.Үргенішбаев, О.Жақсылықов, Ж.Баспаев, Т.Наурызғали түрлі тақырыптағы әндерін орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді. «Жасын» және «Көзайым» вокал топтары да өнер көрсетті. «Алтынзер» би ұжымының қыздары жастар биіне мың бұрала биледі. Мерекелік кеште түрлі әуендердің авторларын табу бойынша ойын өткізіліп, жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталды.

КЕШТІҢ КӨРІГІН КӨРМЕ КІРГІЗДІ
Мерекелік шара Мұғалжар ауданының тарихынан сыр шертетін көрмемен жалғасты. Аталған көрмеге аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақталған құнды жәдігерлер апарды. Көрмеге ауданнан шыққан Ұлы Отан соғысының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері, ауданның танымал тұлғалары туралы мәліметтер қойылды. Сонымен бірге көрмеден аудан аумағындағы киелі жерлер санатына кірген 5 тарихи ескерткіштер туралы білуге болады. Бұл жерден қойнауы байлыққа толы Мұғалжарда орналасқан кен орындарынан шығатын өнімдер де табылды. Мұғалжар аудандық орталық кітапханасы өлкетану бағытында «Келешегі кемел, рухы биік, болашағы нұрлы — Мұғалжар» тақырыбымен кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге ауданның тарихы таспаланған «Ақтөбе», «Мұғалжар» энциклопедиялары, «Мұғалжар — туған байтағым», т.б. кітаптар қойылды. Кітап көрмесіне кітапханашы Ақылайым Еренқызы шолу жасап, кеш қонақтарына түсіндіріп берді. Сонымен бірге қолөнер көрмесіне Қандыағаш, Ембі қалаларының қолөнер шеберлерінің туындылары да қойылды. Ақкемер ауылында тұратын «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары Көмекбаевтар отбасының отанасы Жанбөпе Сырғабекованың қолынан шыққан қолөнер туындыларын ақтөбеліктер қызыға тамашалады. Сонымен қатар Қандыағаш қаласындағы аула клубының ұстаздары мен оқушыларының өз қиялдарынан шыққан көркем суреттер көрмесі келушілерді таңғалдырды. Көрме барысында «Қыз көркем» шеберханасының тігіншілері тіккен аниматорлық костюмдер киген өнерпаздар келушілердің көңілін көтерді.

СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН СЫНҒА ТҮСТ
Өткізілген іс-шара барысында спорттық сайыстар да ұйымдастырылды. Мерекелік кешке келген қала тұрғындары мен қонақтары арқан тарту, ләңгі тебу, гір тасын көтеру сынды спорттық ойын түрлерінен сайысқа түсті. Әр қолымен 24 келі гір тасын көтеру сайысына жалпы саны 10 адам қатысып, 52 рет көтерген Әлішер Сағынтаев І орынды жеңіп алды. Ал 24 рет көтерген Әділет Оспанов ІІ орынға, 10 рет көтерген Адайбек Нұрғалиев ІІІ орынға ие болды. Ләңгі тебу ойынына 30 адам қатысып, Есет Сүндетов І орынды қанжығасына байлады. ІІ орынды Талғат Жұманбетов, ІІІ орынды Айбат Қадірбек місе тұтты. Арқан тартыс бойынша ересектер арасында 5 команда жасақталып, жүлделі орынды «Әкімдер» командасы жеңіп алды. Ал кішкентай қыздардан құралған командалар арасынан І орынды иеленген «Жұлдыздар» командасы жеңімпаздар тұғырынан көрінді. Арнайы жас ұрпаққа алдыңғы аға буын өкілдерінің өнегелі жолын үлгі етіп, ұлттық ойын түрлерін дәріптеу мақсатында өткізілген шара барысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сый-сияпаттар жасалып, бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

ТЕГІН БАУЫРСАҚ ТАРАТЫЛДЫ
Қала күніне орай өткізілген іс-шарада аудандық ауылшаруашылық бөлімінің ұйымдастыруымен ауылшаруашылық көрмесі өтті. Мерекеге келген қонақтарға Мұғалжарда жасалған өнім «DARiNAAQUA» суы және балаларға балмұздақтар берілді. Сонымен бірге қандыағаштық кәсіпкер Азамат Азикин көпшілік назарына сүт өнімдері мен ұлттық сусындарын қолжетімді бағада ұсынды. Қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында мерекелік кешке жиналғандарға тегін бауырсақтар мен түрлі тәттілер таратылды.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ, Самат САПАРҒАЛИ

Ұқсас ақпараттар

ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

admin_mugalzhar

Бейбітшілікті сақтауға бәріміз мүдделіміз – Президент

admin_mugalzhar

Қазақстанға келген туристер саны 2,3 есе ұлғайды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.