Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен өткізілген референдум барлық қазақстандық үшін маңызды, әрі пайдалы болады деп есептеймін. Мамыр айында жалпыұлттық референдумды қолдау бойынша аудандық штаб құрылды. Аталған штабтың жетекшісі болып мен бекітілдім. Артылған жауапкершілікті істі абыроймен атқару үшін ай бойы штаб мүшелерімен бірге қалалар мен ауылдық округтерді аралап, кәсіпорындар мен түрлі мекемелерге барып, тұрғындармен, мұнайшылармен, теміржолшылармен және басқа да түрлі саланың жұмысшыларымен кездестік. Оларға референдумның шын мәнінде халыққа қажет екенін түсіндіріп, болашағымыз үшін жасалатын маңызды қадам туралы айтуға тырыстық. Штаб мүшелері Конституцияға енгізілетін түзетулердің бәрін айтып, қалай болатынын, толыққанды түсіндіріп берді. Еңбегіміз нәтижесіз болмады. Маусымның 5-де өткен референдумға аудан тұрғындары белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады. Мен де өз үлесімді қосып, аталған науқанда байқаушылардың капитаны болдым. Референдумға мұғалжарлықтар біркісідей атсалысып, Конституцияның 33 бабына енгізілген 56 түзетуді қолдады. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына Үндеу жасап, референдумды еліміз үшін тарихи оқиға деп атады. Президент жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделі қалыптасатынын атап айтып, ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал ететінін айтып, Қазақстанда тиімді құқық қорғау және сот жүйесін құруға мүмкіндік беретін реформалар әзірлену қажеттігін де тілге тиек етті. Референдумның өткізілуі қоғамымыздағы ең бір үлкен демократияның бар екенін көрсетеді. Сонымен бірге көп мәселенің түйінін тарқатады деп есептеймін.
Төлеулі МАХИМОВ, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы аудандық ұйымының төрағасы.