«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МАМАНДЫҒЫМ — МАҚТАНЫШЫМ, МӘРТЕБЕМ

«САРҚЫЛМАС ПАРАСАТТЫҢ САРАЙЫСЫҢ» ДЕП АҚЫН АҚҰШТАП БАҚТЫГЕРЕЕВА ЖЫРЛАҒАНДАЙ, ХАЛҚЫМЫЗДЫ БІЛІМ МЕН ПАРАСАТТЫЛЫҚҚА, АҚЫЛДЫЛЫҚҚА, АДАМГЕРШІЛІККЕ, ЕЛДІККЕ ТӘРБИЕЛЕЙТІН, ҚОҒАМДЫ ДАМЫТАТЫН БЕСІКТІҢ БІРІ — ОЛ КІТАПХАНА. КЕЗ КЕЛГЕН АДАМ ӨЗ МАМАНДЫҒЫНА ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАЙДЫ. ӘРБІР МАМАН ИЕСІНІҢ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ДЕҢГЕЙІ — ӘУЕЛІ ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ КӘСІПТІК ДЕҢГЕЙІМЕН АНЫҚТАЛАДЫ ДЕСЕК, МЕНІҢ 40 ЖЫЛҒА ЖУЫҚ САНАЛЫ ҒҰМЫРЫМ, ЖАСТЫҚ ЖЫЛДАРЫМ, ШАБЫТТЫ ШАҚТАРЫМ — ОСЫ КІТАПХАНАДА, КІТАПТАРДЫҢ АРАСЫНДА ӨТТІ…

Менің кәсіби маман болып қалыптасуыма — кәсібімнің мектебі, ыстық ұям-кітапхананың мен үшін өзіндік орны, қосар үлесі зор болды. Аға буынның ісін жалғастырып, солардың ұлағатты үлгісін алдым. Үйренгенім көп болды. Жауапкершілігі мол өз мамандығымның маңыздылығын түсініп, құрметтеп, оны дәлелдей білдім. Кітапханашы — ол журналист, мұғалім мамандықтары тәрізді сөйлеу мәдениетін, сөз өнерін игеру мәдениетін меңгергендер. Біздің кәсіби өміріміздің әрбір күні қызықты да мағыналы және жаңалыққа толы болып, бір күн бір күнге ұқсамай өтіп жатады.

Кітаптың маған берері көп, тағылымы зор болды. Өз мамандығымды да кітап арқылы меңгердім. Кітап — менің сөз құдіретіне бас иіп, ойыма үн беретін сөздің сылдырын емес, сырбаздығын таңдап, талғап тамаша ойларды санама жинап, алуыма септігін тигізді. Шығармашылығым жетілді. Өмірдің өзегі — еңбек. Аудан мәдениетін өркендетіп дамытудағы, ауданның мәдени өміріне қосқан сол кездегі мәдениет қызметкерлерінің еңбегін, үлгі-өнегесін бүгінгі күні зор құрметпен еске аламын.

Мен 1978 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту оқу орнының кітапхана бөлімін бітіріп, жолдамамен ауданға келгенде аудандық мәдениет бөлімін мәдени ұстанымы жоғары, аудан мәдениетіне, тарихына жетік, өте сауатты, шежірелі басшы Т.Тіленбаев (1970-1981жж) басқарды. Тоқмырза Тіленбаев ағай мені Жұрын ауылдық округі қасындағы Тәжірибе станциясындағы жаңа типте ашылып жатқан жаңа кітапханаға бас кітапханашы қылып жіберіп, мен осы жерде алғашқы кітапханалық қызметімді бастадым. Сол Тәжірибе станциясында 8 жылдай жұмыс жасаған соң, 1986 жылы Жұрын орталық кітапханасына ауыстым. «Жұрын кітапханасын үздік мәдени орталық» ретінде қалыптастырып, кітапхана беделін түсірмей, бірнеше жылдар бойына ұстап, «Ауданның үздіктер тақтасында» тұрып, абыройлы 35 жыл еңбек еткен «Мәдениет саласының үздігі», «ҚР Құрметті кітапханашысы» Р.Бұхарбаевамен, кітапхана үздігі Р.Аймағанбетовамен, Жұрын мәдениет үйінің, автоклубтың меңгерушілігі қызметінде ұзақ жылдар еңбек еткен С.Тағановтармен ауызбіршілікте 24 жыл бірге абыройлы еңбек еттім. 2007 жылы Жұрын кітапханасын кітапхана маманы А.Теребаеваға тапсырып, аудан орталығына ауысып, осы ауданда 8 жыл жұмыс жасағаннан кейін, 2014 жылы еңбек демалысына шықтым. Осы жылдар желісінде қаншама жақсы адамдармен, білікті мамандармен қызметтес болдым. Сол жандарға тоқталып кетпеу мүмкін емес…

Мені жұмысқа қабылдаған Т.Тіленбаевтан кейін мәдениет бөлімінің басшылық қызметінде әлем халықтары жазушыларының мүшесі, журналист Н.Балмаханов (1981-1984жж), ал 1985 жылы Қ.Байменова жетекшілік етті. Ал 1986 жылдан бастап аудандық мәдениет бөлімін үздіксіз 30 жылдан астам уақыт бойы, ата дәстүрінен, ана тілінен нәр алған, арнаулы кәсіби білімі, басқарушылық тәжірибесі бар, өз саласының білікті де білгір маманы, мәдениеттен жол тапқан екі мәрте мәдениет қайраткері, шебер ұйымдастырушы Ә.Алдаберген басқарып, бар білімін, өнерін ортаға салып, ортамызды шаттыққа бөлеген, аудан мәдениетін өрге шығарып, республика көлемінде ерен еңбегімен облыс мәдениетіне зор үлес қосқан, талай таланттар мен дарабоздарды тәрбиелеп өсірген, мәдениеттің абыройлы майталманы, ауданның беделді, сыйлы азаматы еді. Сонау тоқырау кезеңінде ауылдық округтердегі мәдениет мекемелері мәдениет үйі мен кітапханалар жабыла жаздаған кезде, таршылық кезде жол тапқан осы басшының ықпалымен мәдениет ғимараттары сақталып қалып, соның арқасында өз кәсібізді нық сеніммен әрі қарай жалғастыра білдік. Оның қыруар еңбегі аудан тарихында өшірілмес өрнекті із болып қалды.

Алғаш жұмысқа тұрған жылдарымдағы кітапхана директоры С.Төреханова (1970-1980жж) кітапхананы орталықтандырылған кітапхана жүйесіне көшіруде іскерлігін көрсеткен, өз кәсібінің білікті маманы, іскер басшысы болды. Содан кейін 15 жылға жуық аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры қызметін абыроймен атқарған, «Үздік жұмысы үшін» төсбелгісінің иегері З.Акшина (1981-1996 жж) елеулі де абыройлы еңбек етті. Акшина Зина Шерінқызы зейнет жасына жеткен соң, осы кітапханада 1976 жылдан бері әр бөлімде басшылық қызмет жасап, кітапхана жұмысының қыр-сырын жетік меңгеріп, қызмет атқарып жүрген замандасым Ә.Ниязбекова (1996- 2016жж) кітапхана директоры болды. Жауапты басшылық қызметті атқара жүріп, әр уақыттың өз қиыншылығын көтеріп, нарық кезеңдерінде кітапханаға түскен біраз ауыртпалықты бастан кешіріп, кітапхана жұмысының тоқтамауына белсене атсалысты. Жаңа бастамалармен кітапхана жұмысы жанданып, заман талабына сай, жаңа тұрғыда қалыптасып, кеңейтіліп, жаңа технологиямен жабдықталып, интернет желісі жұмыс жасап, республикалық » РАБИС» бағдарламасы іске қосылды.Оқырмандарға жағдай жасалып, кітапхана өрлеу сатысымен жаңа белестерге көтерілді. Жұрын, Ақкемер, Ащысай, Талдысай ауылдық кітапханалары «Модельді ауыл кітапханасы» атағына ие болды. Ол кітапханаларда РАБИС бағдарламалары іске қосылды. Ақтөбе облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшылығымен аудандық кітапханаға 2013 жылы «Үздік кітапхана-2013» атағы берілді. Ерен еңбегі еленіп, кітапхана басшысы Әлима Мәден қызына «Ең үздік мәдениет директоры», «Кітапхана саласының үздігі» атағы берілді. Осындай жоғары буын өкілдерінің сол уақыттарда елді мекен кітапханаларында еңбек етіп, ерен еңбектің үлгісін көрсеткенін қадір тұттық, ақыл-парасаттың, үлкен ұстамдылықтың, биік адамгершілік көзқарас иелерінің көзін көріп, олардың өнегелі істерін жалғастырдық. Атап айтсам, кітапхана саласының ардагерлері — Ащесай ауылдық кітапханасынан А.Жанкулова, одан соң кітапханашы династиясын жалғастырған өз мамандығының шебері Б.Башеева, Еңбек ауылдық кітапханасында қызмет еткен Л.Кушерова, одан әрі кітапханалық қызметті З.Беккарнаева жалғастырды. Талдысайдан А.Мамбеталина, одан әрі Г.Артықбаева кітапханалық қызметті жалғастырды. Ал Ақкемер ауылдық кітапханасында М.Шунукова ұзақ жыл еңбек етіп, кейін ол жұмысты С.Жолжанова қолға алды. Сонымен қатар мәдениет саласының еңбек ардагерлері — Г.Аймағанбетова, З.Макашева, Р.Токова сынды әріптес апаларымды құрметпен атаймын. Ал аудан кітапханасында, орталықта, бір ортада жұмыс жасаған кітапхананың хас майталмандары, бүгінгі таңдағы кітапхана ардагерлері — Г.Лұқпанова, Р.Медетбаева. Б.Құлбаева, Б.Қанымқұлова, Г.Байгожаева, Г.Жанабергенова, Ғ.Жұбаниязова, З.Аділханова ,Р.Қарағұловалармен бірге осы саланың ыстығы мен суығына көніп, уақытпен санаспай, ең төменгі жалақысына да қарамастан, бір ауызбіршілікте еңбек еткен жылдарымнан сыр шерте отырып, іскер басшылар Ә.Алдаберген, Ә.Низбекова бастаған ұжымда 40 жылға жуық қызмет еткенімді мақтанышпен айта аламын.

Әріптестерім кітапхана жұмысының қыр-сырын жетік меңгеріп, өз мамандықтарының беделін көтерді, өнегелі еңбек етіп, үлгілі істер қалдырды. Еңбек еткен жылдарымызда жыл қортындысында, мерекелерде кітапхана қызметкерлерінің еңбегі еленіп, марапат иелері атанды. 1999 жылы «Жыл адамы» болған Б.Құлбаева, осындай атақты 2000 жылы мен, 2008 жылы Г.Ұлықпанова да алды, ал 2001 жылы «Ең үздік селолық кітапханашы» атанған Б.Башеева, 1996- 1997 жылдар қорытындысы бойынша ҚР Мәдениет министрінің Құрмет грамотасын иеленген Р.Медетбаева, Б.Қанымқұлова, Б.Құлбаева, Г.Ұлықпанова, 2018 жылы «Кітапхана ісінің үздігі» атанған Г.Артықбаева, дәл осы марапатқа 2021 жылы ие болған Г.Жанабергенова және биыл «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» атанған Р.Бұхарбаеваларды мақтанышпен атар едім. Кітапханашылар мәдениет үйі, музей, кітапхана жұмысы деп бөліп-жармай, небір мәдени шараларға белсене қатысып, бел ортасында жүрді. Мәдениет үйі жанындағы Халықтық театрының жетекшісі А.Мусинаның шебер ұйымдастырушылығының арқасында талай біз, кітапханашылар түрлі рөлдерді сомдап, күрделі образдарға кіріп, өз қабілеттерімізді шыңдап, жетіле білдік.

Кітапханашылар мерекесі қарсаңында осы мерекеде ортамызда жоқ басшымыз Ә.Алдабергенді, әріптес апайымыз Г.Ұлықпанованы әріптестері болып, сағынышпен еске аламыз. Бүгінде Ә.Салқымбаева бастаған Мұғалжар аудандық кітапхана ұжымына, кейінгі буын А.Теребаева, Н.Ешова, К. Есмұханова, Э.Сматуллаева, М.Махамбетова, А.Қарашбаева, т.б. жас толқын әріптестерімді кітапханашы мерекесімен құттықтай отырып, жаңа технологиялық жағдайларға сай, жаңаша ой-үрдіспен, кітапхана саласын өркендетіп, интернеттегі бетті емес, жанды кітапты оқитын кітапхана оқырмандарын көбейтіп, еңбектеріңіздің алдыңғы лектен көріне берулеріне тілектестігімді білдіремін!

Ғалияш ЖАНЕСОВА, кітапхана ардагері.

Ұқсас ақпараттар

4 мамырдан бастап фотосалондар мен шаштараздар жұмысын бастайды

admin_mugalzhar

Дүниежүзілік банк сарапшысы Қазақстандағы қашықтан білім беру жүйесіне баға берді

admin_mugalzhar

АУДАН ТЫНЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.