«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Хромтауда жел электр стансасы ашылады

Жұма күні Хромтау ауданында  «Хромтау» жел электр стансасының капсуласын салу рәсімі өтті. Бұл — осы сала бойынша облыстағы ірі жобалардың бірі.
Салтанатты шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ERG директорлары кеңесінің төрағасы мен мүшелері Александр Машкевич, Патох Шодиев, Шухрат Ибрагимов, сондай-ақ БАҚ өкілдері мен жұмысшылар қатысты.  

«Хромтау» деп аталатын ERG-дің алғашқы жел электр стансасы кәсіпорындардың декорбонизация бағдарламасы аясында әрі ESG қағидаттарына сәйкес салынып жатыр. 155 мегаватты жаңғыртымды қуат көзі 2024 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Осылайша Хромтау ауданындағы 150 гектар аумақта жел генераторының паркі бой көтермек.
ЖЭС жобасы тың инжиниринг әрі технологиялық әзірлемелерге сүйене отырып қолға алынған. IEC S санатындағы қуатты турбиналар жергілікті ауа райына лайықталған. Жел қарқыны секундына 3 метр болса да, 25 метрге дейін үдесі де сол желден қуат алады. Бұл қажетті көлемде қуат өндіріледі деген сөз.
— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «жасыл экономикаға» өту аясында энергияның баламалы және қалпына келтіріліп жатқан түрлерін өндіру жұмыстарын дамыту міндетін қойғаны белгілі. Аталған тапсырманы орындау аясында біздің өңірде үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі қуатты жел электр стансасының құрылысының басталуы — соның бір көрінісі. Әрі бұл облыс үшін маңызды оқиға бұл. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызы зор  «Қазхром» компаниялардың қарқынды дамып жатқанына қуаныштымыз, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Жаңа стансадан алынатын электр қуаты облыстағы ірі өндірістік кәсіпорындардың бірі — «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатына жеткізілмек. Бүгінде кәсіпорын 45 мегаватқа жуық электр қуатын тұтынып отыр. Келешекте өндіріс қуаты ұлғайып, жаңа жобалар жүзеге асырылатынын ескерсек, комбинаттың қуат тұтыну мөлшері  80 мегаватқа дейін артуы мүмкін. Өз кезегінде бұл аймақтың энергожүйесіне айтарлықтай сеп болады. Жел электр стансасы сол арқылы Дөң ТКБК-ның ғана емес, іргелес орналасқан өзге де өндірістік кәсіпорындарын қуатпен қамти алады. Осылайша өңірде туындауы мүмкін қуат тапшылығы мәселесі толық шешіледі.
Жел электр стансасынан алынатын таза қуат Қазақстанда көмірден электр энергиясын өндіру көлемін азайтуға сеп. Нақты осы жобаны жүзеге асыру нәтижесінде атмосфераға көмірқышқыл газы шығарындылары жылына 520 мың тоннаға қысқаратыны айтылды. Жалпы ERG қолға алған Экологиялық стратегияны жүйелі жүзеге асыра отырып, СО2 шығарындыларын 2 млн тоннаға азайтуды жоспарлап отыр. Бұл бағытта жаңғыртымды қуат көздерін дамыту, энергетикалық тиімділік пен қуат үнемдеуді арттыру көзделген. 2030 жылға қарай шығарындылар көлемі — 56%-ға, төкпелер көлемі — 30%-ға, су тұтыну мөлшері — 33%-ға төмендетіледі.
ERG алғашқы жел электр стансасы жобасына шамамен 110 млрд теңге көлемінде инвестиция салмақ. Құрылыс кезеңінде мұнда 300-ге тарта жұмыс орны ашылады. Ал станса іске қосылғанда 30 адам тұрақты еңбек етеді деп күтілуде.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылы Қазақстан көміртегі нейтралитетіне қол жеткізуі керек деді. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз.
Дөң тау-кен байыту комбинатын жел электр қуатына көшіре отырып, ұтымды бастамаға нық қадам жасап отырғанымызға сенемін. Кейін бұл сәтті кейсті ERG-дің өзге де кәсіпорындарында тыңғылықты қайталай аламыз деген үміт бар. Түпкі ұмтылыс – электр энергиясын табиғи жолмен өндіру, — деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.
Сонымен қатар салтанатты жиында ERG-дің экологиялық стратегиясы аясында компания Хромтаудағы Дөң ТКБК-да «Шлам өндейтін байыту фабрикасын» салу бастамасына 2030 жылға дейін 900 млрд теңге қаражат бөлуді жоспарлап отырғаны хабарланды. Бұл кәсіпорында қордаланған шлам көлемін азайтуға сеп болады. Жоба хром оксидін алу тимділігін арттыруға бағытталған. Сол арқылы жылына 1,7 млн тонна шикізат қайта өңделмек. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде биылдан бастап концентрат тапшылығы азаяды деген болжам бар. Фабриканы 2023 жылы толық қуатына шығару көзделген. Жобаға жұмсалған жалпы инвестиция көлемі — 50 млрд теңге. Мұнда 270 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Компанияның тағы бір стратегиялық маңызды жобасы — «Қазақстан Тәуелсіздігінің онжылдығы» шахтасының 2-ші кезеңінің құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. Соның жай-жапсарымен танысқан облыс әкіміне шахтаның жаңа кезеңі  хром кенінің өндіріс көлемін жылына 7,5 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік беретіні туралы баян етілді. Ең бастысы, жаңа өндіріс орнында 1 мың жұмыс орны ашылмақ.
Осы үш жобаны да «ERG Capital Projects» компаниясы жүзеге асырып жатыр. Соңғы аталған компания ERG-дің Қазақстандағы ірі инвестициялық жобаларын әзірлеп, іске асыру үшін арнайы құрылған.
Бұдан бөлек ERG директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич журналистерге баспөсөз мәжілісін өткізіп, сұрақтарға жауап берді. Айталық, алпауыт компания иесі соңғы жылдары қалдықтардың өзін қайта өңдеуге ерекше мән беріліп отырғанын, сол арқылы бұның экологияға да пайдасы зор екенін атап өтті. Зауыттың шығатын газ hәм түтін шығарындыларын азайту үшін кешенді бағдарламалардың іске асырылатынына уәде етті.
Бұл күні Кеншілер күніне арналған мерекелік бағдарлама ұсынылып, бір топ жұмысшы марапатталды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.
Ақтөбе-Хромтау-Ақтөбе. 

Ұқсас ақпараттар

Әліппе 2021 жылы енгізіледі

admin_mugalzhar

Юрий Ильин төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды

admin_mugalzhar

АЛЛА ҮЙІНДЕ САДАҚА БЕРІЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.