«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МОТИВАЦИЯНЫ АУЫЛДАСТАРЫНАН АЛАТЫН КӘСІПКЕР

Елімізде кәсіпті қолға алып, іскерлігі мен ізденісін көрсетіп жүрген нәзік жандылардың жалпы үлес салмағы шамамен 60 пайызды құрайды екен. Жағабұлақ ауылында бір емес, екі бірдей дүкен ашып, ауылдастарының сұранысын қамтуға тырысып жүрген бүгінгі «Іске сәт» айдарының кейіпкері Арнагүл Ақмурзина да шағын кәсібін дөңгелетіп отырған осындай кәсіпкер қыз-келіншектердің бірі. Сұхбат барысында жағабұлақтық кәсіпкер алғашқы жұмысынан бастап, бүгінгі кәсібіне дейінгі жолымен бөлісіп, мотивация, өмірлік ұстаным туралы айтып, кездескен қиындықтарына да тоқталып өтті.

— Арнагүл ханым, әңгімеміздің әлқиссасын кәсібіңізден бастасақ.

— Жалпы отбасылық кәсіп болған соң, жолдасым екеуміз бірігіп 2014 жылы бастап қолға алған едік. Қазіргі таңда екі жерден дүкен аштық, оның бірі азықтүлікке арналса, енді бірі шағын маркет. Яғни ішінде ыдыс-аяқ, техника, киімдер, құрылыс материалдары тағы да басқа заттар жинақталған. Жалпы кәсіптегі алғашқы қадамдарым сол ауылымыздағыдүкендердің бірінде сатушы болып жұмыс жасаудан бастадым әрі тәжірибе жинақтадым десем де болады. Алғашында дайын бизнесті сатып алуды көздегеніммен, бір бастап кетуі қиындау дүние екенін тағы ойладым. Не де болса тәжірибе жинап, сауда саласындағы сауатымды толықтырғым келді. Өзім кішкентай кезімнен саудаға жақын өстім. Жалпы адам баласы неге ыңғайы, икемі келсе, міндетті түрде одан нәтиже шығады. Дегенмен еңбектенбесең, әрине, «піс, аузыма түс» деуің орынсыз болмақ. Сондықтан сүйіп істейтін ісіңде қашан да береке болады. Қиындықтар кездеспейді емес, төбе көрсетіп, шығып тұратыны бар. Оған да қатты беріліп уайымдап, сынып қалмау керек. Өмірдің өзі тартыстан тұрады ғой. Бәрі бірден біз ойлағандай әдемі болып шыға қалмайды. Оның үстіне бизнесте бұларсыз мүмкін емес. Бұл жолда қиындық болмады емес, болды. Енді бастап жатқанымызда денсаулығымыз сыр беріп, әрі балаларымыз кішкентай болып, сәл өткінші кедергілер болғаны жасырын емес. Осылайша, баспалдақтардан өтіп, бүгінде шағын ауылдың өзінен екі жерден дүкенімізді жүргізіп отырған жайымыз бар.

— Мотивацияны қайдан аласыз?

— Шынымды айтсам, мотивацияны қарапайым ауыл тұрғындарынан, яғнижан-жағымдағы адамдардан, тұтынушыларымнан аламын. Менің бұрыннан бері келе жатқан қағидам, жалпы бизнестегі басты мақсатым — халыққа жақын болу, жоғын жеткізу. Менен келіп жоқ затын сұраса, міндетті түрде келесі күні жеткізуге тырысып тұрамын. Мен ешқашан ақшаға қызығып, оның соңынан түскен емеспін. Егер де басты мақсатың ақша ғана болса, есте болсын, ешқашан дұрыс мақсатқа, табысқа шыға алмайсың. Мен адамдардың жүзінен шынайы жылулықты, ілтипаттылықты көргім келеді. Әрқашан адамдарды қуантқым келіп тұрады. Егер елдің алғысын алып, басты ниетің түзу болса, онда саған нығмет те үйіліп келе бермек.

Отбасылық кәсіп деп жатырсыз, оның қандай артықшылықтары бар?

— Иә, әрине, оның артықшылықтары өте көп. Бір-біріңе демеу болып қолдаудың өзі қандай көмек десеңізші! Әсіресе, бастапқы уақытта тіптен керек нәрсе. Ал қазір жолдасым өз алдына мемлекеттік бағдарламалар арқылы малұстап, малбасын көбейтумен айналысып жүр. Өз басым ешқандай мемлекеттік бағдарламаларға қатысып көрген емеспін. Ешкімгеалажақ-бережақболғымкелмедіме, мүмкін, басқа себеп, әйтеуір өзім жеке болғым келді.

— Ауылда кәсіп бастау қаншалықты оңай немесе қиын? Бұл орайда жастарға не айтар едіңіз? Кәсіпкер болу үшін, жалпы бизнес бастау үшін қандай кеңес айтасыз?

— Ең бастысы — қорықпау қажет. Қорқып жүре берсеңіз, неше түрлі сылтаулар артқа сүйреп, соңында өзіңізді жоғалтып алуыңыз, отыңызды өшіруіңіз мүмкін. Сол үшін «темірді қызған кезде соқ» дегендей, қандай да бір шешімге келетін болсаңыз, көп ұзамай шешімін табуға, қолға алуға тырысу керек. Сонымен қатар, қиындыққа мойымау, сынбау керек. «Хақың бар қайта тұрып, жүгіруге» демекші, тек алға қадам бастап, ниетті туралап қойсаңыз, бәрі өз орнымен реттеле береді. Қазір ауылда бәрі де бар. Бұрынғыдай заман емес. Қаладағы бар заттың бәрі де біздің ауылдан да табылады. Тек бір кемшілік тұсы деуге келеме, келмейме, тұтынушылардың арасында қарызға алуы (күліп). Онсыз тағы болмайды ғой. Түсінеміз, әрине, барынша жағдай жасауға, көмек көрсетуге дайынбыз. Ауылда кәсіп бастау қиын емес деп айтар едім. Қазір қала арасына қатынас та, жол да жақсы, жеткізудің түрлі түрлері де бар. «Кәсіпкер болу — басқаның істегенін істемеу» деген сөзге әбден келісемін. Яғни әркімнің қандай салада болса да өзіне тән «фишкасы» болуы керек. Өз еңбегін ұйымдастыра білген адам кәсібін дөңгеленте алады. Тіпті, табысты кәсіпкер болу үшін адамның бойынан табылуы тиіс жеке қасиеттерді де жан-жақты сипаттап айтуға болады. Қазір бизнес туралы сауаттылықты арттыратын, Нөлден бастап үйрететін, соған қарай икемдейтін неше түрлі сапалы курстар, шеберлік сабақтар бар. Мұндай кездесулер, жиындар, тренингтер жастардың кәсіпкерлікке бейімділігі мен болашақта кездесетін қиындықтарды анықтауға, талдауға мүмкіндік береді. Мысалы, кәсіпкерлікке ұмтылған жастарда жоғары белсенділік, инновациялық ойлау, нарық жаңалықтарын игеруге жылдам икемделу, нарықтың өзгермелі талаптарына сәйкес экономикалық білімін жетілдіріп, ақпараттардан тыс қалмау, кәсіпкерліктің бастапқы кезеңінде талап етілетін қатаң еңбек және психологиялық ауыртпалықтарға төзе білу, тәуекелге бас тігуге бейімділік секілді қасиеттер мен мінез болуы тиіс. Кәсіпкерліктің жолы тақтайдан тегіс болмайтыны да бесенеден белгілі.

Жас кәсіпкердің әлеуметтік тәжірибесінің мардымсыздығы, іскерліктің кемшін түсуі, экономикалық заңдылықтар мен тетіктерді қолданудағы тәжірибесіздігі, бастапқы капиталды қалыптастырудың мәселелері, кәсіпкерлік пен басқару органдарында жеке байланыстардың жетіспеушілігі, бюрократиялық құрылымдардың ықпалынан қорғалмау, «көлеңкелі» кәсіпкерліктің «буына» белсенді түрде беріліп кетушілік қаупі — кәсіпкерліктің жолындағы басты қиындықтар деп айтар едім. Бастысы, тағы да айтқым келіп отыр, ақшаны, келер пайданы ойламай, пайдалы, берекелі жағын ойлау керек. Әрине, бұл тұста қайырымдылық шараларды да естен шығармау қажет. Өзімізге демеуші болуға ұсыныстар түсіп жатады. Барынша қолдап, көмек көрсетіп отырамыз. Соның да бір жемісі шығар, көп қиындықтарды оңай еңсеріп келеміз…

– Әсерлі әңгімеңізбен пайдалы кеңесіңізге рақмет! Кәсібіңізге береке мен мол табыс тілейміз.

Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

Елімізде теле және радиохабар тарату уақытша тоқтатылады

admin_mugalzhar

ЖАС САРБАЗДАР ӘСКЕРГЕ АТТАНДЫ

admin_mugalzhar

БАСШИЛІ АУЫЛЫНЫҢ КІРЕБЕРІС ЖОЛЫ АСФАЛЬТТАНДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.