«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ДӘСТҮР: ЖАҢҒЫРҒАН, ӘЛДЕ ЗАМАНАУИ?…

Соңғы жылдары түрлі қолдан жасалған «салт-дәстүр» көбейіп кетті. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, бір қазақтың әр өңірдегі әдет-ғұрыптары да түрліше. Бірақ, бүгінде көп ішінде үрдіске айналған гендер пати, қыз ойнақ (девичник), тағы сол тәрізді кейбір жаңа «дәстүрлер» өңірге емес, заманға сай өзгерген, өткені бар ғұрып тәрізді. Олай дейтініміз, сол гендер патидің өзі кешегі қазақ тойлаған «құрсақ шашу», ал қыз ойнақ бұрынғы қыз ойнақ пен бастаңғының жаңа нұсқасы дейді білетіндер. Сонымен…

«BABY SHOWER»

Бұл үрдіс дүниеге келмеген нәресте мен анаға арналған, америкалықтарда ХХ ғасырда пайда болған. Бірақ бұл «Алпамыс» батыр эпосында сипатталғандай ежелгі дәстүріміздің бірі – «Құрсақ шашуға» пара-пар дүние болып шықты. Құрсақ шашу — ертеде келін жүкті екенін білгенде, өзінің енесінен «сүйінші» сұраған. Қуанышты хабарды естіген ене құдағи мен алыс-жақын туысты көршілерін шақырып, мол дастарқан жайып, келініне яғни болашақ анаға «шашу» шашқан. Гендер пати — Бұл кештің мәні — аяғы ауыр келіншек немесе отбасының жақын достары құрсақтағы шарананың жынысын болашақ әкесіне сүйін-шілеп, тосынсый жасайды. Ультрадыбыстық зерттеу нәтижесін, яғни баланың жынысы туралы жазылған құпия қағазды қолына алған әйел оны түрлі әдіспен білдіре алады. Жағымды жаңалық шардың түсі, тәтті торттың түсі немесе қорапқа жасырылған басқа да атрибут арқылы жеткізілуі мүмкін. Нарықта бұл кешті арнайы ұйымдастырып беретін қызмет түрлері бар. Аталмыш «дәстүрдің» қазақ қоғамына келгеніне көп бола қойған жоқ. Оның мағынасы ағылшынның «gender» сөзінен шыққан. Ол — адамның жынысы дегенді білдіреді.

“HENS PARTY”

“Hens party” немесе “Hens night”, сөзбе-сөз аударғанда “Тауық кеші” – бұл қалыңдықтың құрбылары той алдында бас қосатын отырыс. Қалыңдыққа арналған қыздардың кеші әлемнің көптеген елдерінде ұйымдастырылып жүр. Хен пати түсінігі Ұлыбритания, Ирландия, Аустралия мен Жаңа Зеландияда кең таралған. Ал АҚШ пен Канадада бұл кешті «Тұрмыс құрмаған қыздар кеші» (Бэчалорет пати) деп атайды. Бұл да ұмыт болған қазақтың дәстүрі. Яғни ол «қызойнақ» деп аталады. Қызойнақ – тұрмысқа шығатын қыз құрбыларымен оңаша бас қосады. Ол кешке жеңгелері мен апалары да қатысады. Сөйтіп босаға аттағалы тұрған бойжеткен балалық шағымен, тентектігімен, еркелігімен қоштасып, құрбылар сырласып, әңгімелеседі. Бұл кеш таңға дейін жалғасып, таңертең бірін-бірі қимай тарқасады. Сөйтіп болашақ келінге жаңа өмірдің қыр-сырын түсіндіреді, жеңгелері ас үйдің тыныс-тіршілігімен таныстырады, ақыл-кеңестер, өсиеттер де айтылады. Оны қыз құрбыларымен бірге отырып тыңдайды. Бұл кеш ұзатылатын қыздың үйінде жасалады. «Hens party» немесе «Hens night» (девичник) — тұрмысқа шығатын қыз тойдың алдында құрбыларын жинап, бойжеткен шағымен қоштасу кешін жасайды.

БАЛАУЫЗ ШАМЫН ҮРЛЕУ

Бұл жаңа «үрдістің» әлемнің түкпір-түкпіріне таралып кеткелі қашан?! Алайда оның шығу тарихын, неліктен осылай жасалатыны туралы біреу білсе, біреу білмес. Ғаламтордағы дереккөздердің жазуынша, Германияда ХVIII ғасырда тек балалардың туған күнінде шырақ жағу дәстүрі болған. Сол күні көзге көрінетін жерге тәтті бәліш қойылып, оған шырақ жаққан. Шырақ саны баланың жасынан бір санға артық болыпты. Қосымша шырақ болашақты білдірген деседі. Шырақ күні бойы жанып тұрған, сөнсе жаңасына алмастырған. Ал кешке туған күн иесі ішінен өзінің арманын айтып, шырақты үрлеген.

Сенім бойынша шырақтан көтерілген түтін бала тілегін құдайға жеткізуі тиіс. Қазір кез келген туған күн тәтті бәлішсіз өтпейді. Хош дейік. «Өмірі осы торттай тәтті болсын» деген ниет те шығар, бәлкім. Оның үстіне батысқа еліктеушіліктен туған қызылдыжасылды от жағу дәстүрі тағы бар. Қазақтың туған күндері мен тойларында еуропаша дәу торт әкелу, оны жарықты сөндіріп, отшашумен бұрқылдатып кіргізу дәстүрімізге еніп барады. Және ең бір сұмдығы, сол тортқа бектілген шырақтарды қуаныш иесіне, сәбилерге үрлетіп өшіргізеді. Бұл қазақы ұғымтүсініктерге, салт-дәстүрімізге жат. Қазақ халқы отты өшіруді емес, керісінше, оттың лаулағанын тәуір көреді. Сондықтан да қазақта жаңа түскен келінге «отқа май құйғызады», «отқа шақырады», «түтіні түзу шықсын» дейді.

Біреуге ренжіп қарғағанда, «шырағың өшсін» деп жатады. Сондықтан ағайын-туыстың қуанышында, әсіресе, кішкентай балалардың туған күндерінде торттағы шырақтарды үрлеп сөндіру қазақ қоғамына жат әдет, әрі нанның үстіне балауыз шамдарын қадау да – ас атасы нанды қадірлемеуге жатады. Бұл дәстүрімізді былғау, жамандыққа бастау.

P.S. Қазақтың мағынасына мән артылған өз салт-дәстүрлері тұрғанда, сырттан енген «кірме сөздер» тәрізді жаңа дүние қосудың қажеті де жоқ шығар, сірә. Біздің білетін жоралғыдан гөрі білмейтініміз қаншама?! Түптеп келгенде, әр нәрсеге ыңғайлы қылып жөн-жоралғыны жөнімен қолданған қазақпыз ғой. Сондықтан ата дәстүрден аттап, жат әдептерді «үрдіс» демей, керісінше, ұмыт қалған дәстүрлерімізді жаңғыртқанымыз да дұрыс болар, бәлкім…

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы қалай есептеледі

admin_mugalzhar

2023 жылы жаңа халықаралық рейстер ашылады

admin_mugalzhar

АЭС САЛУ — ҮЛКЕН ТӘУЕКЕЛДІ ШЕШІМ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.