«Аграрлық несие корпорациясы» шағын несие беру үшін онлайн өтінімдерді қабылдауға кірісті. Бұл фермерлерге үйден шықпай-ақ несиені алдын ала мақұлдауға мүмкіндік береді. Корпорацияның басым бағытының бірі – несие беру үдерісін цифрландыру. Бұл міндетті шешу үшін несие өнімдері оңтайландырылып, шағын несиеге өтінімдерді онлайн қарау жүйесі әзірленген.
Жүйе «Іскер» бағдарламасы бойынша 6 млн теңгеге дейін несие ресімдегісі келетін әлеуетті клиенттерге құжаттар жинау мерзімін қысқартуға, филиалға келуді азайтуға, өтінімді қарау барысының сапасы мен ашықтығын арттыруға көмектеседі. Үйде отырып-ақ шаруа жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы шағын несие алуға өтінім бере алады. Автоматтандырылған жүйе мемлекеттік және өзге де дерекқордың мәліметтерін пайдаланып, әлеуетті қарыз алушының төлем қабілетін тексереді. Бұл ретте, кепіл мүлік онлайн бағаланады.
Алдын ала мақұлдауды алған кезде фермер кепіл мүлік жөніндегі құжаттармен бірге корпорацияның филиалына барады. Егер қандай да бір себеппен клиент алдын ала мақұлдауды алмаса (банк немесе басқа қаржы институты алдындағы мерзімі өткен берешек, салық, теріс несие тарихы және т.б.), филиалға барудың қажеті жоқ.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Төлегеновтің айтуынша, бизнес үдерісті оңтайландыру – корпорация қызметінің маңызды бағытының бірі. Өтінімді қараудың электронды форматы адами факторды азайтады. Сонымен қатар қажетті құжаттар саны да кемиді. Онлайн несиеге өтінім беру фермердің 10 минуттан артық уақытын алмайды.
«Несиені алдын ала онлайн мақұлдау туралы өтініш беру үшін не істеу керек? Егер мал шаруашылығы немесе егіншілікті дамытуға қаржы алғыңыз келсе, agronesie.kz платформасына кіріп, әмбебап келісімге қол қойыңыз. Өтінімді жеке кабинет арқылы жолдаңыз. Кепіл берушінің деректерін енгізіңіз (ЖСН және телефон нөмірі) және мүлікті алдын ала онлайн бағалатыңыз. Ұсынылған кепіл жеткілікті болған жағдайда жүйе қарызды алдын ала мақұлдау туралы хабарлама жіберіп, Аграрлық несие корпорациясының облыстық филиалына жүгінуге қажет қажетті құжаттардың тізбесін жолдайды», делінген корпорацияның ресми хабарламасында.
Елімізде «Іскерден» бөлек фермерлерге тиімді шарттармен несие ұсынатын «Кең дала» (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 1,5 пайыздан басталады) және «АгроБизнес» (1 млн теңгеден 5 млрд теңгеге дейін береді) бағдарламалары да бар.
Бұған дейін елімізде фермерлерге ауыл шаруашылығы техникаларын жеңілдетілген лизингпен беру бағдарламасы іске қосылған еді. Ол үшін «Жасыл Даму» АҚ есебінен – 30 млрд, «ҚазАгроФинанс» АҚ есебінен 10 млрд теңге қарастырылған. Қазірге дейін бағдарлама аясында мыңнан астам өтінім тіркеліп, соның 369-ы 16,6 млрд теңге сомасына қаржыландырылған. Жалпы, қазақстандық фермерлер жалпы құны 43,6 млрд теңге болатын 1 089 ауыл шаруашылығы техника бірлігін алуға ниетті. Бірақ бағдарламаға бөлінгені – 40 млрд теңге. Сұраныстың бұл сомадан асып кеткенін ескеріп, мемлекет алдағы уақытта қаржыландыру көлемін ұлғайтуы да бек мүмкін.