«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР…

Қуаныш үлкен отбасында өсті. Үйдің тұңғышы еді. Ініқарындастары Қуанышқа қарап бой түзететін. Жастайынан кітапқа құмар болды. Өйткені, әкесі Кенжеғали мектепте ұстаздық жасады. Жоғарғы сыныпқа өткен жылдары көбіне әдебиет пәніне құмарлығы артты. Ол кезде арман көп, албырт жастық шақ маза бермейді. «Ақын болсам екен» дейді, жазушы болып, достарының алдында жүргісі келеді. Жалғыз ол ма? Есі дұрыс жасөспірімдер алға ұмтылды ғой.

Әдебиет сабағының оқытушысы Жаңаберген ағай шығарма жазатын күні сыныпқа аса бір тебіреніспен кіретін. «Ал, балалар, қайсың бүгін үздік шығар екенсіңдер!? Еркін тақырыпқа шығарма жазатын боласыңдар. Тіпті өлеңмен жазуға да болады», — деп қоятын. Сол кезде кластастарының бәрі Қуанышқа жалт қарайтын. Оның сыры бар. Қуаныш қыздарға өлеңмен хат жазады. Қасындағы достары қоя ма?! Келіп жалынады: «Ана қызға өлердей ғашықпын. Маған өлеңдетіп хат жазып берші», — деп. Қуанышқа бұл дым емес. Үйдегі ақындардың кітаптарынан ғашықтық тақырыптағы өлеңдерді көшіріп алады, өзі ептеп қосады. Тым тәуір өлеңмен жазылған хат болып шығады. Оқыған қыздардың бастары айналып, ерекше күй кешеді. Ау, жігіт саған ғашық екенін өлеңмен білдіріп жатса, бұдан артық не бақыт бар!

Қуаныштың Жұбаныш деген айрылмас досы болды. Қайда да бірге жүретін. Сол махаббат дертіне шалдықты. 9-шы сыныптағы Сәбираға ғашық болды. Қыз болса төгіліп тұр. Жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, көз қарасы — ойпырмо-о-ой!

Жұбаныш қызды көргенде мыж — мыж болып сүмірейіп , дәрменсіз күй кешеді. Куаныш соған мәз. Жұбаныштың жалынуымен күнде қызға өлеңдетіп хат жазады. Қызда үн жоқ. Бірде Қуаныш Сәбираның үйіне бір шаруамен бара қалды. Туыстық жақындығы бар-тын. Кетерде Сәбира: «Қуаныш, бір өтінішім бар, орындайсың ба?» — дегені. Қыз қашанда онымен еркін сөйлесетін. «Тек ешкімге айтпайсың!» — деді қыз. Уәде аты — уәде! «Сенің досың Жұбаныш қайта-қайта хат жаза береді. Соған мен де өлеңмен жауап қайтарайын деп едім, көмектесші?! — деді екі беті албырап. Міне, қызық! Қыз Жұбаныштың хатын Қуаныш жазып жүргенін қайдан білсін!

Қуаныш мұндайда аянсын ба?! Үйге келген бойда талай ақындардың өлеңдерін ақтарып отырып, ақыры Абайдың «Қыз сөзіне» тоқтады. Содан «Қиыстырып мақтайсыз…» деп бастадыай дейсің, Қуаныш… Бірнеше күн өтті. Түн қараңғысы қоюланған кезде Жұбаныш келді. «Ей, кештетіп неғып жүрсің?» — десе, күлімсірей береді. «Хатымның жауабын алдым» — деді ол, қуанышы қойнына сыймай. «Мә, оқы! Керемет! Айттым ғой «ақылды қыз» деп, сөздерін айтсайшы!» Жұбаныш мәз-мәйрам, ал Қуаныштың іштей шек-сілесі қатып тұр.

Осылай қыс өтті. Ауылдың «Қыз Жібегі мен Төлегенінің» бірбіріне деген ынтық хаттары «үзілмеді». Көгілдір көктемде Қуаныштың сыныбы қолдарына «кәмелеттік аттестаттарын» алғасын, әркім өз өмір жолдарын іздеп, жан-жақа кете барды. Қуаныш Алматыдағы армандаған КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен тоғысқан құрдастарымен бірге студенттік өмірдің талай тамаша күндерін бастан кешті.

…Бес жыл оқуда жүрген Қуаныш дипломмен елге оралғанда оны қуана қарсы алған ағайын-туыстардың арасында Жұбаныш пен Сәбира да бар еді. «Бөпемнің аузына түкірші, — деді сонда Сәбира құшағындағы үш жасар сәбиін Қуаныштың алдына отырғызып жатып, есімі Қуанышқали». Қос ғашықтың бақытты шаңырақ көтеруіне себепші болған осы оқиғаның сыры тек үшеуіне ғана мәлім еді. Беу, сол бір жалындаған, арман қуған, аруларға ғашық болған «балалықтың соңы, жігіттіктің алды» кезгі қызыққа толы қимас жылдар-ай!..

Бақытжан НИЕТАЛЫ, ардагер журналист, Ақтөбе қаласы.

Ұқсас ақпараттар

СҮЙЕККЕ «ТІЛ БІТІРГЕН» АСАН ШЕБЕР

admin_mugalzhar

25 қазан — Республика күні болып белгіленді

admin_mugalzhar

ЕҢ АЛҒАШ ӘЛІППЕ ҰСТАТҚАН…

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.