Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласының шығармашыл жастарымен кездесті.
Жиынның басты тақырыбы өңірдегі креативті салаларды дамытудың келешегін талқылау болды. Сұхбат еркін түрде өтті. Жастар өз ойларымен бөлісіп, толғандырған мәселелерін ортаға салды.
Ералы Тоғжанов креативті салалар экономиканың драйверіне айнала алатынын және бұл саланы дамытуда дарынды жастар маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Бүгін мен сіздің идеяларыңызды тыңдағым келеді. Шығармашылық салаларды дамытуға, дарынды жастардың мәдени әлеуетін толық іске асыруға қолайлы жағдай жасау үшін не қажет деп ойлайсыз?», – деді облыс әкімі жиналғандар алдында.
Шығармашыл жастарға арналған коворкинг орталықтарын ашу, цифрлық білім беру контентін құру бойынша жас мұғалімдер арасында байқау ұйымдастыру, киберспорт федерациясының филиалын ашу, IT мамандарының тартымды орнына айналатын ІТ-парк құру туралы және аймақтағы цифрлық индустрияны дамыту орталығын ашу туралы ұсыныстар айтылды.
Ұсыныстарды тыңдаған Ералы Тоғжанов апта соңына дейін оларды жүзеге асырудың нақты жоспарларымен таныстыру міндетін қойды. Сонымен қатар, ол Ақтөбеде ақпараттық технологиялар паркін құру жұмыстары басталып кеткенін айтты.
«Мен қысқа мерзімде ІТ-парк құруды тапсырдым. Идея қажет. Әрине, материалдық базамен қамтамасыз ету жағынан қолдау көрсетіледі. Коронавирустық пандемия IT саласын дамытудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Бірнеше жылдан бері ақпараттық технологиялар әлемдік экономикадағы ең қарқынды дамып келе жатқан сала екенін былай қойғанда, қазіргі уақытта онсыз жедел шаралар қабылдау мүмкін емес», – деп атап өтті аймақ басшысы.
Облыс әкімі мен ақтөбелік жастардың шығармашылық салаларды дамыту бойынша ұсыныстарын толығырақ қарастыру жөніндегі кезекті кездесуі осы аптаның соңында өтеді.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ, «Ақтөбе» газеті.