Ақкемер ауылында 1 қазан — Халықаралық қарттар күні «Өткенге тағзым» — Листая памяти страницы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Асқар Шериязданов және ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысты. Мерекеге орай Ақкемер ауылдық округінде (бұрынғы Пролетарий совхозында) еңбек еткен еңбек ардагерлері Қуандық Әлішев, Қайырқожа Елеусізов, Жолай Тапанбаев, Төлеген Кушкенов, Жалғас Назаров, кітаптың авторы Нағашыбай Балмаханұлы және ауылдың байырғы тұрғындары шақырылды.
Ақкемер орта мектебінде өткен іс-шарада аудан басшысы жиналғандарды 1 қазан — Халықаралық қарттар күнімен және «Өткенге тағзым» — «Листая памяти страницы» кітабының тұсаукесер рәсімімен құттықтады.
Мерекелік іс-шарада сөз алған Ақкемер ауылдық округінде (бұрынғы Пролетарий совхозы) еңбек еткен еңбек ардагерлері Қуандық Әлішев, Қайырқожа Елеусізов, Жолай Тапанбаев, Жалғас Назаров, кітаптың авторы Нағашыбай Балмаханов ауылдың құрылу тарихында болған естеліктерімен бөлісті.
Бұдан кейін ауыл тұрғындары атынан сөйлеген Ақкемер ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәлет Сыдықов округтің тарихы жазылған жаңа кітаптың кейінгі толқын жастарға берер пайдасы мол екенін айтып алғысын білдірді.
Мерекелік іс-шарада аудан әкімі еңбек ардагері Қуандық Әлішевке құрмет көрсетіп иығына шапан жапты. Сонымен қатар 85 жасқа толған Ақкемер ауылының ардагері Мырзағали Шабаровқа облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, сый-құрмет көрсетті.
Еңбек ардагері Нағашыбай Балмаханұлы жаңа кітапқа шолу жасап, Ақкемер ауылдық округінің кешегісі мен бүгіні, ауылдық округтің киелі жерлері мен әлеуметтік дамуы, осы округте еңбек еткен еңбек ардагерлерінің естеліктері жазылғандығын атап өтті.
Жаңа кітаптың тұсауын еңбек ардагері Қуандық Әлішев, кітаптың авторы Нағашыбай Балмаханұлы және Ақкемер ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәлет Сыдықов кесті.
Мерекелік іс-шараға жиналғандар «Көтібар батыр» кесенесіне барып тағзым етіп, құран бағыштады.
Іс-шара қазыналы қариялардың құрметіне ауылдың мәдени демалыс орталығында жалғасын тауып, аудан өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.