2025 жылы республикалық желі бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 100 пайызға дейін жеткізілмек. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 96 мың шақырым. Соның ішінде 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар болса, 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдымызға қойған басты мақсаттардың бірі – 2025 жылы республикалық желі бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін 100 пайызға дейін, ал жергілікті жол желілері бойынша 95 пайызға дейін жеткізу», — деді Қ. Өскенбаев.
Осы орайда ол көліктік-транзиттік әлеуетті дамыту автомобильдік транзиттік дәліздері арқылы қамтамасыз етілетінін атап өтті.
«Бүгінде еліміздегі 8 автомобильдік транзиттік дәліздің жалпы ұзындығы – 13 мың шақырым», — деді министр.
Бірінші дәліз – «Батыс Еуропа — Батыс Қытай», ұзындығы – 2 747 км. Екінші дәліз – «Алматы — Қарағанды — Астана — Петропавл — Ресей шекарасы Қорғанға дейін», ұзындығы – 1 868 км. Үшінші дәліз – «Астана — Қостанай — Ресей шекарасы Челябинскке дейін», ұзындығы – 860 шақырым. Төртінші дәліз – «Қытай Халық Республикасының шекарасы — Майқапшағай — Қалбатау — Семей — Павлодар — РФ шекарасы Омскке дейін», ұзындығы – 1 116 км. Бесінші дәліз – «Алматы — Талдықорған — Өскемен — Шемонаиха — РФ шекарасы Барнаулға дейін». Алтыншы дәліз – «Ақтөбе — Қандыағаш — Мақат — Атырау — РФ шекарасы Астраханға дейін», ұзындығы – 893 шақырым. Жетінші дәліз – «Атырау — Орал — Саратов», ұзындығы – 587 шақырым. Сегізінші дәліз – ТРАСЕКА.