Биылғы оқу жылында аудан мектептері бойынша тегін ыстық тамақпен 526 оқушы қамтамасыз етіледі. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол хабарлады.
Оқушылардың тегін ыстық тамақпен қамтылуы 5 санат бойынша тағайындалады. Айталық, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардың балаларына, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілерге мектептен тегін және жеңілдетілген ыстық тамақ беріледі.
-Аталған санаттар бойынша ауданда барлығы 526 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Оның ішінде 1-санат бойынша 316 оқушыға, 2-санат бойынша 162 оқушыға, 3-санат бойынша 27 оқушыға, 4-санат бойынша 4 оқушыға, 5-санат бойынша 17 оқушыға тегін ыстық тамақ ұйымдастыру үшін бюджеттен 6 445 491 теңге қаражат жұмсалды. Ал жоғарыда аталған санаттағы оқушылары жоқ Жарық, Бұлақты, Шеңгелши негізгі орта мектептерінде, Талдысай ЖББОМ-де, Сабындыкөл, №59 бастауыш мектептерінде алдағы уаққытта буфеттік тамақтануды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, — деді Бахраман Қуанышұлы.
Бөлім басшысы аудандық білім бөлімі тарапынан барлық мектептерде тегін ыстық тамақты ұйымдастыру жоспарға сай жасалып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге мектеп асханалары толықтай қажетті ыдысаяқпен жабдықталғанын, оның тазалығына баса назар аударылатынын, барлық санитарлық-гигиеналық нормалардың толықтай сақталатынын мәлімдеді. Мектептегі ауыз су режимін ұйымдастыру да аса маңызды мәселелердің бірі екенін атап айтты.
Н.ТІЛЕП