Салауатты өмір салтын қалыптастырып, ауылдағы бұқаралықкөпшілік спортты дамыту мақсатында елді мекендерде түрлі спорттық нысандар салынуда. Соның бірі — Сағашилі ауылында құрылысы басталған ангар типті спорт кешені.
Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қазбек Аққайыр бүгінде аталған кешеннің іргетасы құйылып жатқанын жеткізді. Жалпы көлемі 1117 шаршы метрді құрайтын спорт алаңының құрылысын «BASPANA BUILD» ЖШС-і жүргізуде. Аталған кешеннің спортзалында 20-ға жуық адам бір мезгілде жаттыға алады. Сонымен бірге әйел адамдар мен ер адамдарға арналған бөлек жуыну, киініп-шешіну бөлмелері, дәрігер кабинеті, өзге де қосалқы бөлмелері болады. Құрылысқа бюджеттен 184 млн 922 мың теңге бөлінген. Бұл жұмыстар 2023 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Алдағы уақытта спорт кешенінен волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі, күрес тағы басқа спорт түрлеріне арналған үйірмелер ашылып, халық игілігі үшін жұмыс жасайды.
Н.ТІЛЕП