Ақтөбенің қоғамдық көлік паркі 10 жаңа автобуспен толықты.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов “Автопарк” ЖШС-нің сыйымдылығы 110 орындық 10 жаңа автобусын қарап шықты. Кәсіпорын №19 бағыттағы автобустарын жаңартуды жоспарлап отыр.
“Биыл осымен 55 автобус әкелдік. Келесі жылы тағы да 50 автобус әкелуді жоспарлап отырмыз. Барлық автобустар жайлы, заманауи. Автобус ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың отыруына арналған орындар, пандустар және әр автобуста 5 бейнекамера, 8 жылытқыш қондырғы (печка) орнатылған. Әрқайсысына 110 жолаушы сыяды”,- деді “Автопарк” ЖШС директоры Ақарыс Тілеулесов облыс әкіміне.
Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов қоғамдық көлік қызметін пайдаланатын тұрғындарымызға сапалы қызмет көрсетілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
“Қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру – күн тәртібінде тұрған, кезек күттірмейтін мәселе. Ақтөбе қаласын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету үшін әлі де 50-ден астам автобус қажеттілігі бар. Тұрғындардың сұранысы, қойып отырған талабы дұрыс. Біз халыққа жағдай жасауымыз керек. Қоғамдық тасымалмен айналысушы компания келесі жылдың бірінші тоқсанында автобустар паркін тағы да жаңартуға уәде беріп отыр.
“Yutong” маркалы автобустардың онын бүгін әкеліп отыр. Қазақстанда жинақталған автобустар жолаушылар үшін қолайлы. Бұл автобустарды өзіміздің қоғамдық көлік нарығына қосу арқылы біздің компаниялар отандық өндірісті қолдауға бетбұрыс жасап отыр”, – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Еске сала кетейік, Ақтөбе қаласында қоғамдық тасымалмен 4 компания айналысады. Биыл жыл басынан бері олар автрбустар паркін 100-ге жуық автобуспен жаңартты.
Ал бүгін 10 “Yutong” автобусын әкеліп отырған “Автопарк” ЖШС осы уақыт аралығында 6 маршрутты жаңа автобустармен толықтырды. Осыған дейін №15, 21, 16, 25, 2 бағыттар жаңа автобустармен қамтылған болса, осы жолы №19 бағыттың автобустары жаңаратын болады. Облыс басшысы бұл жүйелі жұмысты үнемі бақылауда ұстап, келесі жылы да жалғастыруды тапсырды.
Н.ДАБЫЛ, «Ақтөбе» газеті.