ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ ҮМІТКЕР САЛТАНАТ ТҰРСЫНБЕКОВА САЙЛАУАЛДЫ ҮГІТ-НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫ БОЙЫНША ӨҢІРЛЕРГЕ САПАРЫН БАСТАДЫ. ШТАБТЫҢ АЛҒАШҚЫ АЯЛДАМАСЫ — ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ БОЛДЫ.
Кандидат Қарағанды қаласында құқық қорғаушылармен, заңгерлермен, магистранттармен, сарапшылармен, құқық қорғау және сот жүйесін реформалауға, мүгедектердің, сотталғандардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ олардың мүдделерін қорғауға атсалысып жүрген түрлі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Жиынға халықтың әртүрлі әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар да қатысты.
Талқылау барысында жиналған ҮЕҰ өкілдерінің бірі Салтанат Тұрсынбекова облыстан кеткеннен кейін немесе Президент болып сайланған соң, құқық қорғаушылармен, жалпы азаматтармен байланыста бола ала ма деп сұрады. Кандидат өзінің телефон нөмірін көпшілікке жариялады.
— Мен қандай қызмет атқарсам да, Президент болсам да, болмасам да, өз бағдарламамның аясында жұмыс істей беремін! Мен толығымен ашықпын және қол жетімдімін. Маған жеке номеріме жазсаңыздар болады. Қай кезде де сіздермен біргемін, бұл жай сөз емес. Сынап та көріңіз. Елімізде құқық қорғаушылардың істеп жүргені — ерлік: мүмкіндігі шектеулі жандарға, ерекше күтімді қажет ететін балаларға, қарттарға қамқорлық жасау — үлкен шыдамдылық пен жігерді қажет ететін қиын жұмыс. Сондықтан менің сайлауалды бағдарламамда азаматтық қоғамды, азаматтық сектор институттарын дамытуға көп көңіл бөлінген, — деді Салтанат Тұрсынбекова.
Ол өзінің құқық қорғау қызметімен бес жылдан бері айналысып келе жатқанын атап өтті. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен қазақстандық әйелдердің мүддесін белсенді түрде қорғайтынын тілге тиек етті. Салтанат Тұрсынбекова өзінің сайлауалды бағдарламасында 1-2 топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларды бағып отырған азаматтардың зейнеткерлік жасын 58-ге дейін қысқартуды, ең төменгі жалақы мен күнкөріс деңгейін (зейнетақы жинақтары, жәрдемақылар және шәкіртақы) арттыруды енгізгенін айтты. Мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған тиімді шараларды қабылдау сынды маңызды жұмыстар да бар.
А.ІЛИЯС