«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

СТУДЕНТТІК ӨМІР ЕҢ СОҢҒЫ КЕЗЕҢІ… ЕРКЕ ШАҒЫМНЫҢ

Мен «Мұғалжар» газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген студентпін. Кезекті газетті жоспарлау кезінде бас редактордың «студенттер күніне арналған материалды кім дайындайды?» деген сұрағына жауап әрине, өзінен-өзі белгілі еді… Содан «алыстан арбаламай-ақ, жақыннан дорбалау» ниетімен фото-видео түсіретін аға әріптестеріммен бірге аудан орталығындағы екі колледжге барып, студенттердің тыныстіршілігімен танысып қайттық. Сонымен..

СТУДЕНТКЕ БІЛІМ БЕРІП, ЖАҒДАЙ ЖАСАУ — БАСТЫ ТАЛАП

Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжі — 76 жыл тарихы бар білім ордасы. Бүгінгі таңда 268 студент білім алып отырған оқу орнында 36 педагог қызмет етеді. Колледжде 9 мамандық бойынша, атап айтсақ, кондитер-безендіруші, аспазшы, наубайшы, компьютерлік ақпараттық қамтамасыз ету операторы, бухгалтер-кассир, бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматикаға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі слесарь, локоматив машинасының көмекшісі (түрлері бойынша), газ құбырларын пайдалану және жөндеу слесарі, авариялық-қалпына келтіру жұмыстарының слесарі, оператор, электргазы мен дәнекерлеуші мамандықтары бойынша кадр даярланады. Білім алушылар бүгінде өндірістік практиканы арнайы мекемелермен, қызметтік серіктестермен келісім-шарт жасасу арқылы өтеді.

2017 жылдан бастап оқу корпусының 1-қабатынан 40 орындық жатақхана ашылды. Бүгінгі күні 12 студент орналасқан колледж типтік ғимаратта 8 жатын бөлмесі бар, оның ішінде 1 ас бөлмесі, 1 демалыс бөлмесі, 2 санитарлық-гигиеналық бөлмелері бар және жатақханада тұрып жатқан студенттер колледждің асханасын, кітапханасын, акт залын, гимнастикалық залын пайдалануда. Колледж ғимараты және жатақхана іші толық интернет желісімен қамтылып, қазіргі таңда студенттер тегін түрде қолдана алады. Бүгінде кәсіптік-техникалық білім берудің жаңа механизмі бойынша жастарды жұмысшы мамандықтармен барынша қамту жүйесі қолға алынып отыр. Сонымен қатар мамандық алған жастардың жұмысқа орналасуы бойынша да көрсеткіш жоғары. 2022 жылы колледж бітірген 107 түлектің 94 пайызы жұмысқа орналасқан. Айта кету керек, бүгінде аталмыш оқу орнында әрбір студентке шәкіртақымен бірге тегін тамақ беру жүйесін енгізу көзделіп отыр. Қазір колледж студенті 21787 теңге шәкіртақы алып отыр. Ал ыстық тамақ әзірге берілмегенмен, бір күнге 600 теңгеден есептеліп, айсайын студенттің есепшоттарына аударылады. Сонымен қатар колледж тарапынан басқа елді мекендерден келген студенттерге жылына 2 рет ауылына барып-келу жолақысы беріледі. Студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында спорттық секциялармен түрлі үйірмелер, дебатжәне патриоттық клубтар ұйымдастырылған.

КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛУЫ ҚАРҚЫНДЫ

Мұғалжар гуманитарлы-техникалық колледжі 2011 жылдан бастап жұмысын бастап, қазіргі таңда 372 студент білім алуда. Олардың ішінде 88 студент мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. Студенттерге 25 педагог білім береді. Колледж базасында кітапхана, шеберхана, зертхана — лық кабинет, спорт залы бар. 2016 жылдан бастап білім беру бағдарламасының міндеттерін оңтайландыру үшін техникалық база жаңартылды. Оқу ғимаратына жаңа құрал-жабдықтар сатып алынып, студенттерге арналған шеберханалар ашылды. 2014 жылдан бастап колледжде қысқа мерзімді курстар, ал 2015 оқу жылынан бюджеттік топтарды оқыту басталды. 2020 жылы колледж астанадағы тәуелсіз Қазақстан аккредиттеу орталығының аккредитациясынан сәтті өтті. Колледж жұмыс істеген жылдар ішінде оқу орнын облыстың өнеркәсіп саласының әр түрлі салаларында кәсіби қасиеттерін танытып, өңірдің дамуына лайықты үлес қосқан ондаған мың мамандар аяқтады.

2019-2022 оқу жылдары аралығында бітіруші түлектер бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші де өте жақсы. Соңғы 3 жылдық көрсеткіш бойынша 2019-2022 оқу жылында түлектердің жұмыспен қамтылуы 84,2% болса, 2019-2020 оқу жылында 86%, 2020-202 1 оқу жылында 90% құрап отыр. Спортзал құрылысы ҚР тәу — елсіздігінің 30 жылдығына арналып басталып, қазірде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, 2023 жылдың 1 қыркүйегінде іске қосылады деп күтілуде. Мұғалжар гуманитарлы-техникалық колледжінде 8 мамандық бойынша кадр даярланады. Олар: бастауыш білім беру, құқықтану, есеп және аудит, радиоэлектроника мен байланыс, мұнай және газ скважиналары және бұрғылау жұмысының технологиясы, теміржол жылжымалы құрамдарын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету, электрмен қамтамасыз ету, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру.

 СТУДЕНТТІК ӨМІРЛЕРІ ТУРАЛЫ ЖАСТАРДЫҢ ӨЗДЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Ернар ҚОЗБАҒАР, 1 курс студенті, Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжінің жастар ісі жөніндегі комитетінің мүшесі:

Мен колледжде осы жылдың қыркүйек айынан бастап электргазымен дәнекерлеуші мамандығында оқимын. Оқудан бөлек колледждің іс-шараларына атсалысып жүрмін. Оқу барысында сабақ үлгерімім де жақсы. Бүгінгі мереке қарсаңында студенттерге, қайталанбас ғажап сәтті басынан өткеріп жатқан құрбы-құрдастарыма ұмытылмас әсерге толы шуақты күндер тілеймін!

Оралбай ТОЛЫБАЕВ, 1 курс студенті:

Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжінде локоматив машинасының көмекшісі мамандығына оқимын. 1 қыркүйектен бастап жатақханада тұрамын. Бір бөлмеде екі баламыз. Жатақхана қажетті құрал-жабдықтармен, т.б. керек заттарменжабдықталған. Жалпы жатақхананың болуының өзі студент үшін үлкен мүмкіндік. Бұл жерде тұрудың бір жақсы жері өмірдің ағы мен қарасын, жақсы мен жаманын, жалпы айтқанда, оңың мен солыңды танисың деп айтқым келеді. Яғни, еркелейтін ата-анаң жаныңда емес, өзің шешім қабылдап, шынығып, өзіңмен-өзің өмір сүруді үйренесің. Қазір күнде кешкісін көлік жуу орталықтарына барып жұмыс жасап, өз күнімді өзім көрудемін. Бұл – жоқтықтың белгісі емес, әрине. Өзімді жауапкершілікке үйретіп, еңбекке баулудың бір жолы деп білемін.

Русалина ТӘҢІРБЕРГЕНОВА, 2 курс студенті, Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжі студенттері ұйымының вице президенті:

Бүгінде еліміздің студенттері тек білім алып жатқан жан ғана емес, қоғам жұмысына белсене араласып, өз үлестерін тигізіп отырған білікті де, білімді, қайырымды да, қайырлы жастар деп толықтай айта аламын. Өзім осында оператор-программист мамандығына оқимын. Көріп жүргенім сол, қазіргі жастар, оның ішінде біздің колледж жастары өте белсенді. Қай істе болмасын жұдырықтай жұмылып, ауызбіршілік танытып жатады.

 

Зарина ӨМІРЗАҚОВА, 2 курс студенті, Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжі студенттері ұйымының  президенті:

— Колледж табалдырығын 9-сыныпты бітіргеннен кейін аттап, қазіргі таңда оператор-программист мамндығында оқып, колледжіміздің дамуына өз үлесімді қосып келемін деген үміттемін. Өзім оқып жатқан колледжіммен мақтана аламын. Себебі колледжіміздің тәлімгерлері білімі жоғары, білері мол болашақ мамандарды даярлауда.

Нұрби ИМАНҒАЗИНА, Мұғалжар гуманитарлы-техникалық колледжінің 1 курс студенті:

— Мен бастауыш білім беру мамандығына оқимын. Мұғалім болу бала кезгі арманым еді, сол арманым жетелеп, осы колледжге әкелді. Оқудан бөлек спортпен айналысқанды ұнатамын, соның ішінде дзюдомен. Студенттік кездердің өз ерекшелігі, қызығы болады, әрине. Мен де сол кезеңді есте жақсы жағымен қалатындай өткізуге тырысудамын. Ең бастысы, осы кезеңді терең, сапалы білім алып, білікті маман атануға арнасам деймін.

Дастан БАХТИЯРОВ, 3 курс студенті:

Бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматикаға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі слесарімамандығы бойынша оқимын. 2020 жылдан бастап Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжінің студенті атанып, содан бері барлық іс-шараларға белсене қатысып, өзіме тәжірибежинақтаудамын. Болашақта осы мамандығымды Орал қаласына барып жалғастырып, жоғары білім алғым келеді. Оқудан бөлек спорттық секцияларға қатысып, бос уақытымды сол жаққа арнаймын.

Нұрқанат ЕЛЕУСІЗОВ, — Мұғалжар гуманитарлы-техникалық колледжінің 2 курс студенті:

-Студенттің басты мақсаты — білім алу, болашақ маман иесі болу. Оны жақсы білемін. Қазіргі таңда 2 курста оқып жатырмын. Арман қуып оқуға келген студенттерге де, өзіме де бұл кезеңнің ерекше есте қалуын тілеймін. Себебі студенттік шақ адам өміріндегі маңызды уақыт. Ол ешқашан ұмытылмайды және алдағы уақытта қандай адам, қандай маман болуымызға іргетас бола алады деп білемін.

Ә.ӨМІРТАЕВ, С.САПАРҒАЛИ, З.ЕСЕНЖОЛОВ

 

Ұқсас ақпараттар

11 наурызға арналған ауа райы болжамы

admin_mugalzhar

Қазанда Республика күніне орай демалыс күндері ауыстырылады

admin_mugalzhar

ПОДДЕРЖАЛИ БИЗНЕС-ПРОЕКТЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.