«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҰЛТТЫҚ ЖОБА — ЖҰМЫССЫЗ ЖАНДАРҒА ЖОЛ АШАДЫ

ЕЛІМІЗДЕ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫ ДАМЫТУ МАҚСАТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА. СОНЫҢ БІРІ — «2021-2025 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН «КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ. АТАЛҒАН БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА ЖҰМЫССЫЗ ЖАНДАР ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛЫП, ҚАЙТАРЫМСЫЗ  ГРАНТҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗІП, ЖАҢА КӘСІППЕН АЙНАЛЫСУДА.

99 АДАМ МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТҚА ИЕ БОЛДЫ

Ұлттық жобаның басты бағыттарының бірі «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 462 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсына жолданған. Олардың арасынан өз бизнес-идеяларын ұсынып, жобаларын үздік қорғағандар 400 АЕК көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болған. Аудандық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Жайнагүл Аманбаеваның айтуынша, грантқа ие болғандар мал шаруашылығын дамытуға, тігін шеберханасын, оқу орталығын, наубайхана ашуға, кондитерлік өнімдер дайындауға, массаж кабинетін, жылыжай кешенін, монша, бокс мектебін, фото салон, жиһаз, дәнекерлеу цехын, жиһазды химиялық тазалау, ұялы телефон жөндеу орталығын, күркетауық өсіру секілді бизнес түрлерін ашуға ниетті екен.

Аталған бағдарлама әлеуметтің әлсіз топтарына біршама көмегін тигізіп отыр. Осы жылы қайтарымсыз грант үшін республикалық бюджеттен жалпы көлемі 65 940 000 теңге бөлінді. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 99 мұғалжарлық 1 225 200 теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Оның 50-і 29 жасқа дейінгі жас, 3-еуі адам аз қамтылған отбасы, яғни, атаулы әлеуметтік көмек алушы, 30-ы көп балалы жәрдемақы алушы, 3-еуі мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуші, 3-еуі асыраушысынан айырылған. Ал 10 адамның мүгедектігі бар, — деді бөлім басшысы.

250 ЖАС МАМАН «ЖАСТАР ТӘЖІРИБЕСІНЕ» ЖОЛДАМА АЛДЫ

Осы жылы ауданда 280 жас маманды «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жұмы — сқа орналас — тыру жоспарланған. Бүгінде мұғал — жарлық 250 жас маман «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасып, алғашқы еңбек қызметін бастап кетті. Бөлім басшысы Жайнагүл Аманбайқызы «Жастар тәжірибесінің» басты мақсаты түлектердің өз мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесін жинақтауына және кейінірек жұмысқа орналасуына жағдай жасау екенін айтады.

Жұмыспен қамту орталығы аудандағы бірқатар ұйыммен келісім-шарттар жасады. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелер, түрлі компаниялар бар. Біз жастарды әуелі мамандығына қарап, жұмыс орындарына жолдаймыз. Аталған бағдарлама арқылы тәжірибеден өткен жас мамандар тұрақты жұмысқа тұруға мүмкіндік алады. Ол енді өздеріне байланысты. Егер ол жастар тәжірибесі барысында өзін танытса, жұмысқа тез кірісіп кете алған болса, оған тұрақты қызметкер ретінде қалуды ұсынады, — деді ол.

«АЛҒАШҚЫ ЖҰМЫС ОРНЫ» — НАҚТЫ ҚОЛДАУ

Бөлім басшысы Жайнагүл Аманбаеваның айтуынша, түлектерді нақты қолдауға бағытталған «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы арқылы биыл аудан бойынша 11 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бүгінде жоспар толықтай орындалған.

Жалпы аталған жобаға 29 жасқа дейінгі мүлдем жұмыс өтілімі жоқ жұмыссыз жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар қатыса алады. Сонымен қатар алғашқы жұмыс орнына орналасуға көп балалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелеріне, еңбекке қабілетті мүгедектер мен техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне басымдық беріледі. Қазіргі таңда бұл бағдарлама өз нәтижесін беріп келеді, — деді бөлім басшысы.

«ҰРПАҚТАР КЕЛІСІМ ШАРТЫ» — ЖАСТАРҒА МҮМКІНДІК

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі — «Ұрпақтар келісім шарты». Аталған бағдарлама аясында аудан бойынша 11 жас маманды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Жұмыспен қамту орталығының басшысы Ғалым Дәрімбетов жоспардың толық орындалмағанын, осы уақытқа дейін 3 маманның ғана жұ-мысқа орналасқанын жеткізді.

Аталған бағдарламаның мақсаты жас мамандарға жұ-мыс ұсыну әрі зейнеткерлікке шығатын мамандардың орнын ауыстыру процесіне дайындық. Жобаға оқуды аяқтағанына екі жылдан және жасы 29-дан аспаған түлектер қатыса алады. Ол белгілі бір мекемедегі зейнетке шығуға кемінде 6 ай уақыты қалған қызметкерді алмастырады. Қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін сол мекеменің басшылары жас маманды тәлімгердің бос жұмыс орнына немесе басқа бос орынға ауыстыруға міндетті. Жобаға қатысу мерзімі 6 айдан аспайды, ал жалақы мөлшері 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төленеді, — деді ол.

21 МҰҒАЛЖАРЛЫҚ «КҮМІС ЖАСТЫҢ» ИГІЛІГІН КӨРУДЕ

Ауданның егде жастағы тұрғындары мемлекеттік «Күміс жас» бағдарламасы аясында тұрақты жұмысқа орналасуда. Аудан бойынша 21 жұмыссыз азамат орталыққа жүгініп, өздеріне жұмыс тапқан.

Бағдарламаға меншік нысанына қарамастан, бір жылдан астам жұмыс істейтін, тұрақты түрде салық және басқа да әлеуметтік аударымдар жүргізетін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ жұмыс берушілер қатыса алады. Жобаға зейнеткерлік жас алдындағы жұмыссыз тұлғалар мен зейнеткерлікке шығуға екі жыл қалған адамдар да қатысады, — деді орталық басшысы.

140 ЖҰМЫССЫЗ ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ КУРСТАРҒА ҚАТЫСТЫ

Бөлім басшысы Жайнагүл Аманбаева 2022 жылы Мұғалжар ауданы бойынша қысқа мерзімдік курстарға жоспар бойынша 130 орын берілгенін айтты. Жоспар артығымен орындалып, 140 жұмыссыз қысқа мерзімді курстарға жолдама алып, шаштараз, тігінші, электромонтер, дәнекерлеуші, аспаз мамандықтарын меңгерген.

Оқуға ниетті жұмыссыздарға Қандыағаш өнеркәсіптікэкономикалық колледжіне, Мұғалжар гуманиталық техникалық колледжіне, Ембі қызмет көрсету саласы колледжіне және Қандыағаш қаласындағы «Білім», «Миланья» оқу орталықтарына жолдама бердік. Оқу барысында әрбір жұмыссызға шәкіртақы және ауылдық округтерден келгендерге жол жүру ақысы мен материалдық көмек төленеді, — деді ол.

2568 АДАМ ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНА ЖІБЕРІЛДІ

Аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары жыл басынан бері ай сайын жұмыссыз жүрген азаматтарға және нысаналы топтарға бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізіп келеді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде аудан аумағында орналасқан түрлі мекемелерге жалпы саны 2568 адам тұрақты жұмыс орындарына жолданып, жоспар 98 пайызға орындалған.

Аудан аумағындағы жұмыссыз жүрген жандарды «Қазтермогрупп», «Коммунальщик», «Неохим» «Кентавр» мекемелері секілді өндіріс орындары жұмысқа алуда. Біз жолдама бергендердің ішінде 78 адамның мамандығы сәйкес келмегендіктен мекемелер оларды жұмысқа қабылдаудан бас тартты, — деді бөлім басшысы Жайнагүл Аманбаева.

P.S. Әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған ұлттық жоба әліде жалғасын табады. Демек, мақсаты айқын бағдарламаның игілігін ел көреді деген сөз.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

АҒЫЛШЫН КУРСЫ БАСТАЛДЫ

admin_mugalzhar

Қазақстанда 665 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады

admin_mugalzhar

Бейбітшілікті сақтауға бәріміз мүдделіміз – Президент

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.