Аудандық Мұғалжар тарихи-өлкетану музейінде «Мен жастарға сенемін» атты ауданның белсенді жастарының кездесуі өтті. Аталған кездесуге Мұғалжар аудандық гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері де қатысты. Шара басында музей директоры Шамшат Әбдірзақов мұражайдың жалпы жұмыстарымен таныстырып, бүгінгі кездесудін маңыздылығын айтып өтті.
Кездесу барысында белсенді жастар өздерінің қызмет салалары бойынша жинақтаған тәжірибелері мен осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері туралы кеңінен айтты. Айталық, аудандық мәдениет үйінің директоры Алмат Сматов өзінің өнері туралы, ол үшін қалай күрескені туралы айтып өтті. Дзюдо, самбо күресінен спорт шебері, дзюдо күресінен ҚР чемпионы Гүлмира Сағи бүгінде өзі айналысып жүрген ауыр спорт түрінің қиындығы мен қызықты сәттеріне тоқталды. Бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүрген ол бала күнгі арманынан ешқашан бас тартпағанын жеткізді. «Ізгі қала» қайырымдылық тобының негізін қалаушысы Зайырбек Есенжолов қайырымдылық жасау жүректің кеңділігі мен ардың ісі екенін тілге тиек етті. Жас болса да бірнеше кәсіптің басын қосып, өз бизнесін дамытып жүрген ембілік кәсіпкер Наурызбек Сарбасов кәсіпті серік ететін жастарға мемлекеттен берілетін мол мүмкіндікті пайдалануға кеңес берді. Мұғалжар ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматттық қорғау аға лейтенанты Аслан Берікұлы да мамандығы туралы айтып, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қандай қиындыққа төзу керектігін жеткізді.
Шара соңында Мұғалжар аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Ақылайым Еренқызы- «Ана туралы» монолог оқып, тыңдармандарын тәнті етті. Кездесуге келген өзге қатысушылар да өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, ойларын ашық айтып, пікір алмасты.