«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«АУЫЛ АМАНАТЫ»: 9 ЖОБА МАҚҰЛДАНДЫ

ӨТКЕН ЖЫЛЫ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВТЫҢ БАСТАМАСЫМЕН ҚОЛҒА АЛЫНҒАН «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫН ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ. БҰЛ ТУРАЛЫ ГАЗЕТІМІЗДЕ БІРНЕШЕ РЕТ МАҚАЛА ЖАЗЫЛЫП, АҚПАРАТ БЕРІЛДІ. АУДАНҒА ЖОБАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ҮШІН 2,5 ПАЙЫЗДЫҚ НЕСИЕГЕ ЖАЛПЫ КӨЛЕМІ 10 МЛРД 696 МЛН ТЕҢГЕНІ ҚҰРАЙТЫН ҚАРЖЫ БӨЛІНГЕНІ ТУРАЛЫ ДА АЙТЫЛДЫ. АЛ БИЫЛ ЖЫЛ БАСТАЛҒАЛЫ БІРҚАТАР АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ АТАЛҒАН ЖОБАНЫҢ ТАУАРЛЫ НЕСИЕ БАҒЫТЫ БОЙЫНША ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАРЫНАН ҰСАҚ МАЛ АЛЫП, КӘСІБІН БАСТАП ТА КЕТТІ. ЕНДІ МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАР «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА НАУБАЙХАНА, ШАШТАРАЗ, ЖЫЛЫЖАЙ, ТІГІН ЦЕХТАРЫН АШЫП, ӨСІМДІК ЖӘНЕ ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА НИЕТТЕНІП ОТЫР.

АУДАН БОЙЫНША 34 ЖОБА ҚАРАЛУДА
Бұл туралы айтқан аудан әкімінің орынбасары Сансызбай Мұқанов «Ауыл аманаты» жобасына қазіргі таңда жалпы саны 135 тұрғын қатысуға ұсыныс білдіріп, бизнес жоспарларын жасақтап жатқанын жеткізді.
Тұрғындарды кәсіпкерлікке тарту, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды мақсат еткен «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы бүгінгі таңға ұсынылып отырған жобаларға 612 млн теңге бөлініп отыр. Жобаға қатысуға ниет білдірген тұрғындарға ауыл әкімдері, одан қалды ауыл шаруашылық бөлімінің мамандары мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы барынша демеу беріп, құжаттарын жасақтауға көмектесіп жатыр. Айталық, Бизнес-жоспарларын құруға, кепілдікке салынатын мүліктің бағалануына, құжаттардың «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылуына, жобаның қорғалуына барынша қолдау көрсетуде, — деді Сансызбай Қалмырзаұлы.
Осы уақытқа дейін «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жалпы саны 34 жобаның құжаттары жасақталып, тапсырылған. Бүгінде оның тоғызы мақұлданған. Олар — өсімдік шаруашылығы, тігін цехы, наубайхана және жылыжай. Мақұлданған 9 жобаның төртеуі Жұрын ауылдық округі аумағында жүзеге асырылады. Атап айтсақ, Жұрын ауылында тұратын Марат Саршин өсімдік шаруашылығын қолға алып, картоп егуді жоспарлауда. Ол өз кәсібін ашуға «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан 2,5 пайызпен 1,9 млн теңге сұрап отыр екен. Ал құлпынай егуді қолға алғалы отырған Айнагүл Бөкееваға да әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мақұлдама берген. Осы уақытқа дейін өзі үшін құлпынай өсіріп келген ол енді өз үйінің ауласындағы жерді үлкейтіп, қызығушылығын кәсіпке айналдырмақ. Жұрын ауылынан кәсіп ашуға мүмкіндік алғандардың тағы бірі — Қуатбай Асабаев. Ол өсімдік шаруашылығын дамытып, картоп өсіруді жоспарлауда. Ол үшін аталған жоба арқылы жеңілдетілген пайызбен 2 млн теңге көлемінде қаржы сұраған. Ал жұрындық Ержан Жүнісов «Toma&Pipino» атты кооперативін ашып, жылыжай кешенін ашпақ.
«Ауыл аманаты» жобасы біз секілді ауыл тұрғындарына таптырмас мүмкіндік болып отыр. Мен ұсынған жобаны әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мақұлдады. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін 10 млн теңге қажет. Бүгінде жоба бойынша курстардан өтудеміз. «Ауыл аманаты» қоғамдық қорының көмегі арқылы жылыжай салатын құрылысшылармен де келістік. Жылыжайда қияр, қызанақ, көк жуа өсіремін. Жұмысым әрі қарай жанданған жағдайда лимон өсірсем бе деген жоспарым бар, — деді Ержан Жүнісов.
Бизнес-жоспарлары мақұлданған жобалардың көпшілігі — Еңбек ауылдық округінің тұрғындары. Еңбектіктер жылыжай кешенін, шаштараз, өсімдік шаруашылығын, тігін цехын ашып, кәсіптерін дөңгелетуді мақсат етіп отыр.

АУЫЛДАҒЫ ҮЙЛЕР КЕПІЛ БОЛА АЛАДЫ
Қазіргі таңда Қайыңды, Егіндібұлақ, Жұрын, Еңбек, Ақкемер, Ембі, Талдысай, Құмжарған ауылдық округтерінен жеңілдетілген несие алуға ниетті тұрғындардың құжаттары «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылған. Бүгінде құжаттары қаралуда. Аудан әкімінің орынбасары Сансызбай Мұқановтың айтуынша, Қандыағаш қаласы бойынша 11 жоба ұсынылған. Оның ішінде екеуі құс, екеуі шаштараз, үшеуі жылыжай, екеуі наубайхана, бір тігін цехы және тағы бір кондитер өнімдерін дайындайтын орын бар. Ал Ембі қаласы бойынша 4 жоба дайындалуда. Оның екеуі жылыжай кешені болса, екеуі құс шаруашылығы.
Ақкемер ауылдық округінің тұрғындары несиеге қол жеткізіп, наубайхана мен шаштараз ашып, жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ балық шаруашылығын дамытуға ниет білдіріп отырған адамдар да бар. Ал Ащысай ауылдық округінің тұрғыны кондитерлікті, Батпақкөл ауылдық округінің тұрғындары кондитерлік пен шаштараз ашуға ниетті. Жұбанов ауылдық округінен 4 жоба ұсынылған. Аталған округтің тұрғындары наубайхана, шаштараз, жылыжай ашуды жоспарлауда. Тағы бір тұрғын сабын өндірісін ашпақ, — деді ол.
Сонымен қатар Құмсай ауылы мен Талдысай ауылдық округінен екі-екі жобадан ұсынылған.
Ал Құмжарған ауылдық округінің жеңілдетілген несиеге ниетті тұрғындары құс, жылыжай, жартылай өңделген ет өнімдерін өндіруді жоспарлауда. Қайыңды ауылдық округі бойынша 11 жоба дайындалуда. Ауыл әкімі Нұрболат Жалғастың айтуынша, оның екеуі, яғни қаз және тауық шаруашылығына арналған жобаның құжаттары «Ақтөбе» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясына тексерілуге өткізілген. «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниет білдірген құмсайлық 2 тұрғын құс және егін шаруашылығын дамытамыз деп отыр. Екеуі де бұл мақсатқа 2 млн теңгеден қаржы қажеттігін алға тартты.
Бұл жобаға қатысушыларға жер телімі керек болған жағдайда ауыл әкімі өзіне қарасты округ аумағынан 1 гектар жерге дейінгі жер телімін бере алады. Осы жерде айта кету керек, әрбір ауыл әкімі өз тарапынан жер беруге шешім шығаруға құқылы. Сонымен бірге тұрғындар жобаға қатысу үшін ауылдағы үйлерін кепілдікке қоя алады. Бұл да болса, аталған жобаға қатысып, кәсіп ашуға мол мүмкіндік беріп отыр, — деді Сансызбай Мұқанов.

МҰҒАЛЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ КАРТАСЫ ЖАСАҚТАЛУДА
«Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниетті ауылдардың қатарын Мұғалжар ауылы толтырады. Аталған ауылдан 6 жоба ұсынылған. Олар – шаштараз, наубайхана, өсімдік және құс шаруашылығы. Сонымен қатар монша, техникалық қызмет көрсету орны, оның ішінде ауыр жүк көліктерінің қозғалтқышын жөндейтін орын ашуды жоспарлап отырған жандар бар екен. Аудан әкімінің орынбасары Мұғалжар ауылының өндірістік әлеуеті жоғары ауылдардың қатарына жататынын айтып, бұл кәсіп дамытуға мүмкіндіктің мол екенін жеткізді.
Мұғалжар ауылында 8-ге жуық қиыршық тас зауыты бар. Онда 2000-ға жуық тұрғын тұрады. Ауыл теміржол мен тас жолдың бойында орналасқан. Осыған орай, «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға мүмкіндіктер ашатын ауылдың технологиялық картасы дайындалуда. Аталған карта жасақталса, ауылда монша, техникалық қызмет көрсету орындары көптеп ашылары сөзсіз, — деді Сансызбай Қалмырзаұлы.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ЕМБІ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ САЙЛАНДЫ

admin_mugalzhar

АТАМ ЖАСАҒАН ҰРШЫҚ — ҚҰНДЫ ДҮНИЕ

admin_mugalzhar

ДОМБЫРА КҮНІНЕ ОРАЙ МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.