Қазақстанда үш аптадан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы төмендеп жатыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады деп жазады turkystan.kz.
Елімізде үш аптадан бері 6 түрлі өнімнің (қарақұмық жармасы, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат және қант) арзандағаны байқалды. Осылайша, мемлекеттің тұрақтандыру қорлары мен өңірлердің жасақталған қорларынан көкөністерді брондаудан шығару жөніндегі шаралары қазіргі маусымаралық кезеңде оң нәтиже берді.
Бүгін премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке арналған апталық баға жағдайының қорытындысы мен бағаны тұрақтандыру шаралары талқыланды.
Осы аптада қарақұмық жармасының бағасы – 1,3%, қант – 0,8%, пияз – 0,3% және картоп – 0,7% төмендеді. Сондай-ақ жалпы 3 өңірде (Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары) күнбағыс майы 1,1% арзандады, – деді СИМ Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков.
Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер қауымдастығының мәліметінше, 2022 жылғы қазан-қарашамен салыстырғанда күнбағыс күнжарасының бағасы 30%, ал күнбағыс майының бағасы өткен жылдың қарашасымен салыстырғанда 19% төмендеген.
Қазір отандық май зауыттарында өндірілетін тазартылған күнбағыс майының 1 литрі 630-680 теңгеге сатылып жатыр. Маңғыстау облысында да бағаның төмендеуі байқалды.
Сондай-ақ осы аптада Батыс Қазақстан облысында оң баға тренді (-0,1%) тіркелді. Мұнда пияздың (-2,9%) және қанттың (-3,8%) бағасы айтарлықтай төмендеді. СҚО-да баға тұрақтанды.
Делдалдық схемаларды анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы өз нәтижесін көрсетті.
«Cауда комитеті электронды шот-фактураларды талдау нәтижесінде «Шымкент» ӘКК-нен жеңілдікпен займ алған 2 жеке кәсіпкердің делдалдық схемасын анықтады. Қосымша делдалдық жасау арқылы олар бір-біріне жоғары бағамен өнім сатқан. Салдарынан өнім тұтынушыға айтарлықтай қымбатқа жеткізілген. Барлық материал аумақтық департаменттерге берілді», – деді Айдар Әбілдабеков.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек өңірлердегі қалыптасқан қорлардан көкөністерді брондаудан шығару нәтижесі мен қордың көлемі туралы айтты.
Сәуірдің соңына дейін 29,9 мың тонна картопқа қажеттілік туса, 18 өңірде бұл көкөніс түрімен қамтамасыз ету көлемі 90%-дан жоғары, қалған 2 өңірде – 69%.
Сәбізге сұраныс биыл сәуірдің соңына дейін – 6,8 мың тонна болса, Қарағанды облысын (69%) қоспағанда, қормен қамтамасыз ету 100%-дан жоғары.
Екі облыс (Жамбыл және Қызылорда) қырыққабатпен 50%-дан төмен, ал қалған барлық өңір одан жоғары деңгейде қамтамасыз етілді. Барлық облыстағы пияз қоры 50%-дан асады.
Біз тауарлық интервенциялар жұмысының нәтижесін көріп отырмыз. Бұл жұмысты ерте пісетін көкөніс түрлері жеткізілгенше жалғастыруымыз керек. Сонымен қатар азық-түлік тауарларын форвардтық сатып алуды қаржыландыруды 70%-ға дейін ұлғайтып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларын қайта қарап, айналым схемалары бойынша 30%-ға дейін төмендету қажет. Осылайша, форвардтық сатып алулардың арқасында бізде нарықтағы бағаның тұрақтануына әсер етуге мүмкіндік беретін өнім қорының кепілдендірілген көлемі болады, – деді Серік Жұманғарин.