«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АТОМ ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ: ЖАҢАРҒАН ЭКОНОМИКАҒА ЖОЛ АША МА?

ОСЫ ЖЫЛДЫҢ 6-ШЫ ҚАЗАНЫНДА ЕЛІМІЗДЕ АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫН САЛУҒА ҚАТЫСТЫ ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ РЕФЕРЕНДУМ ӨТЕДІ. ОСЫ ОРАЙДА ГАЗЕТ ОҚЫРМАНДАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ МАҒЛҰМАТ БЕРУДІ ЖӨН КӨРДІК. АЭС ДЕГЕН НЕ? ОНЫҢ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ ҚАНДАЙ? ОДАН ҚАУІП БАР МА? ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ СҰРАҚТАР ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ЖАУАПТЫ ТӨМЕННЕН ОҚИ АЛАСЫЗДАР. СОНЫМЕН…

31 ЕЛДЕ 192 АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ БАР

Әлемде алғашқы электр станциясы 1954 жылы Мәскеу түбіндегі Обнинск қаласында салынып, дүниежүзі бойынша ең алғашқы атом электр станциясы жұмыс істей бастады. Сөйтіп, атом энергетика саласы қалыптасып, даму жолына түсті. Қазіргі уақытта әлемнің 31 елінде 192 атом электрстанциясы жұмыс істейді. Бұл станцияларда 438 энергоблок энергия береді. Әлем елдеріндегі АЭСтерде 391 878 мегаватт өндіріледі. Көшбасшылар тізімін АҚШ бастап тұр. Франция мен Жапонияда да АЭС саласы жақсы дамыған. Ресейдің атом электрстанциялары 25 242 МВт электрэнергиясын өндірсе, Оңтүстік Кореяда – 21 442 МВт, Қытайда – 16 703 МВт, Канадада – 14 398 МВт, Украинада – 13 835 МВт, Германияда – 12 696 МВт және Ұлыбританияда 10 902 МВт энергия шығарылады. Одан бөлек, Еуропа елдері – Швеция, Швейцария, Испания, Нидерланд, Бельгия, Чехия, Финляндия, Болгария, Венгрия, Румыния, Словакия, Словения, ЛатынАмерикасында – Бразилия, Мексика, Аргентина, Азия құрлығында – Үндістан, Тайвань, Иран, Пәкістан және Оңтүстік Африка Республикасында АЭС-тер негізгі жарық көзі саналады. Осы елдердіңкөбі 40-50 жылданбері АЭС-те өндірілетін электр энергиясын тұтынып келеді. Соның арқасында үлкен прогреске жетті. Өйткені мемлекеттік дамуы ресурсқа тәуелді. Көпмөлшердегі энергияны көмірмен, газбен-жұмыс істейтін станциялар бере алмайды, тек АЭС қана қамтамасыз етеді. 2025 жылы Қытай әлемдегі алғашқы бірегей атом электр станциясының құрылысын бастайды. Қытай билігі Гоби шөлінде торий балқытылған тұзына негізделген инновациялық атом электр станциясын салуды мақұлдады. Жаңа атом электр станциясы энергия алудың жаңа бағыт-бағдарын айқындайды.

1969 жылы Үндістан алғашқы реакторын салды. Содан бері атом энергетикасы саласын ілгерілетіп келеді. 2005 жылы қуаттылығы 540 МВт құрайтын Тарапур-4 станциясын іске қосты. Сөйтіп, ресми Нью-Дели елдегі реактордың санын 19-ға жеткізіп, олардан 6 290 МВт электр энергиясын алып отыр. Ал Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Беларусь сияқты елдер өз тарихында бірінші рет АЭС салғызып отыр.

БАС ТАРТҚАН ЕЛДЕР

Әлемнің көптеген елдері атом электр станциясын пайдаланып отырғанын жоғарыда айтып өттік. Дегенмен АЭС-тен бас тартқан, оны салуды ешқашан ойламаған елдер де бар. Бас тартқандардың көпшілігіне себеп — АЭС-те болған апаттар. Соңғы 60 жылда әлем бойынша үш елде ірі төтенше оқиға орын алған. Оның алғашқысы — 1979 жылы АҚШ-тың Три-Майл-Айленд АЭС-інде болған. Техникалық қызмет көрсетуде кеткен олқылық салдарынан белсенді аймақ қызып, балқып кетуге шақ қалған. Ал операторлар жанып тұрған индикаторларды көрмеген, себебі белгі беретін шамдардың үстінде басқа заттар тұрған. Бір мезетте апат қаупі туған кезде қосылатын суыту жүйесі автоматты түрде іске қосылып, соның арқасында АЭС апаттан аман қалған.

Араға жеті жыл салып, 1986 жылы Совет Одағындағы Чернобыль АЭС-ында жарылыс болды. Радиоактивті бұлт бірнеше елге жайылды. АЭС айналасындағы 30 шақырым жер өмір сүруге жарамсыз болып қалды. Апаттың нақты себебі айтылған жоқ. Совет үкіметі қызметкерлерді айыптады. 1990 жылдары апатқа реактор конструкциясындағы кемшілік себеп болуы мүмкін екені айтылды. Үшінші апат — 2011 жылы орын алған Жапониядағы Фукусима-1. Оған жойқын жер сілкінісі мен цунами, жобалау кезіндегі кемшіліктер мен қызметкерлер жұмысындағы қателіктер себеп болды. Бірнеше жойқын толқыннан кейін станциядағы электр қуаты желісі істен шығып, апат болған жағдайда суытатын жүйе жұмыс істемей қалды. Үш реакторда отын балқыды. Кейін апаттың себебін тексерген комиссия станция мұндай ауқымды апатқа дайын болмаған деген тұжырым жасады. Қазір онда апат салдарын жою жұмысы әлі жүріп жатыр. Осы апаттардың әрқайсының әлем елдерін шошытқаны соншалық, мұның аяғы АЭС-тен бас тартуға дейін әкелді. Мәселен, АҚШ-тағы оқиғадан кейін төрт жыл ішінде ондаған реактордың жұмысын тоқтатқан. Дегенмен, Құрама Штаттар ядролық энергиядан біржола бас тартқан жоқ. Бүгінде мұндай станциялардың күшімен барлық энергияның шамамен бестен бірін алып отыр.

Чернобыльдегі апатқа дейін Италияда 4 АЭС жұмыс істеп тұрған. 1987 жылы елде өткен референдум қорытындысы бойынша, Италия атом станцияларынан біржола бас тартты. 1990 жылға қарай Италия барлық 4 атом станциясын жапты. 1998 жылдан бастап Австралияда АЭС-ке толық тыйым салынған. Жаңа Зеландияда тыйым салмағанымен, станция салуға мұқтаж емес. Бұл елдерде басқа энергия қоры жеткілікті Аумағында ешқашан АЭС болып көрмеген елдің бірі – Израиль. Израильдегі негізгі энергия көзі – газ. 2009 жылы бұл ел аумағынан ірі кен орны табылған.

ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

Материал дайындау барысында интернет көздерін ақтарып, АЭС туралы мағлұматтарды іздедік. Тигізер пайдасымен қатар зиянын да зерделедік. Көп жерден көзімізге ілінгені — АЭСтің артықшылығы мен маңыздылығы. Бүгінде дамыған елдер игілігін көріп отырған АЭС үлкен көлемде электр энергиясын өндіре алады, әсіресе халық саны көп аймақтар үшін таптырмайтын мүмкіндік екені айтылған. Сондай-ақ, атом электр станциялары парниктік газдарды аз шығарады, бұл климаттың өзгеруіне қарсы күресте маңызды рөл атқарып, тұрақты түрде энергия өндіре алады. Жел немесе күн энергиясымен салыстырғанда едәуір артықшылыққа ие. Біріншіден, Қазақстан АЭС салу арқылы сыртқы елдерге энергетикалық тәуелділіктен арылады. Қазіргі уақытта елде электр энергиясы негізінен көмірден өндіріледі, ал атом энергиясы бұл саладағы әртараптандыруға ықпал ете алады. Ал екіншіден, экономикалық тиімділік болады. Ұзақ мерзімге арзан әрі тұрақты энергия көзі болады. Бұл ел экономикасының дамуына және өнеркәсіптің өсуіне үлес қосады. Үшіншіден, технологиялық даму жолы қалыптастырылып, технологиялық саланы дамытуға,

ғылым мен техниканың алға жылжуына септігін тигізеді. Сарапшылар да АЭС салу Қазақстан экономикасына маңызды оң әсерлер әкелетінін жарыса жазуда. Ал кемшіліктеріне келер болсақ, АЭС апат жағдайында үлкен қауіп тудырады. Чернобыль мен Фукусима апаттары оның ауыр зардаптарын көрсетеді. Сонымен қатар ядролық қалдықтарды қауіпсіз сақтау үлкен проблема болып табылады. Олар жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойы радиациялық қауіп төндіруі мүмкін.

АЭС-ТІ КІМ САЛАДЫ?

Атом электр станциясын кімдер салатыны, қайда салатыны қазір көптің көкейінде жүрген маңызды сұрақ. Түрлі талқылаулар жүріп жатыр. Әзірге таңдалып отырғаны — Алматы облысындағы Жамбыл ауданына қарасты Үлкен ауыл. Референдум нәтижесі АЭС-ті салуға шешім шығарған жағдайда осы аймақтағы Балқаш көліне жақын жерде бой көтеруі мүмкін. Балқашты таңдап отырған себебі – Балқаштың суы үшін емес. Ол тоғыз жолдың, электр желісінің торабы. 50 пайыз қазақстандықтар осы өңірде тұрады. Солтүстіктен оңтүстікке жеткізу үшін өтетін торап сол жерде. Сол жерге салса, оңтүстік өңірді қамтамасыз етеді. Атом электр станциясы бой көтерсе, қуаты 2,8 гигабайт болады. Министрлік өкілдері екі энергоблок салу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Нәтижесінде Оңтүстік өңірдегі энергия тапшылығы түбегейлі шешіледі. АЭС-тің көпшілігі дамыған елдерде салынғанын жоғарыда айтып өттік. Біздің елімізде салынатын АЭС-ке 4 елдің технологиясы қарастырылып отыр. Біреуі – Ресейдің «Росатом» корпорациясы болса, екіншісі – Қытайдың China National Nuclear Corporation, үшіншісі – Француздың Electricite de France, төртіншісі – Оңтүстік Кореяның Korea Hydro & Nuclear Power кәсіпорындары. Америка мен Жапониядан түскен техникалық ұсыныстар кіші модульді реакторлар салумен байланысты. Алайда болашақта, яғни 2035 жылға қарай елімізде энергия тапшылығы қатты сезілетіні болжанып отырғандықтан, бірден үлкен реакторлы станса салу жөн саналуда.

Қазақстанда АЭС жобасына «Самұрық-Қазына» қорының еншілес кәсіпорыны «Қазақстан атомэлектр станциялары» компаниясы жауапты.«Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШСнің жетекші инженері Асуан Сиябе-ков elordainfo.kz сайтына берген сұхбатында қай елдің реакторын таңдаса да, ең алдымен, қауіп-сіздік мәселесіне басты назар аударылатынын айтып, ұсыныстар бойынша тәжірибеде қолданылып тұрған реакторларға басымдық берілетінін айтқан.

ҚҰРЫЛЫС ҚҰНЫ ҚАНША? НЕШЕ ЖЫЛҒА СОЗЫЛМАҚ?

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда салынуы мүмкін қуаты 2800 МВт дейін жететін атом электр станциясының құрылысына 10-12 млрд доллар қаржы қажет болуы мүмкін. Сондай-ақ қаржы АЭС-ті салатын елмен қосымша тағы да қарастырылатыны айтылған.

«АЭС құрылысының құны жобаны іске асыру моделі, қаржыландыру және инвестицияларды қайтару шарттары, реактор технологиясы, станция қуаты, станцияның орналасқан жері сияқты көптеген факторға байланысты. АЭС салудың әлемдік тәжірибесіне сәйкес үлкен қуатты екі блокты АЭС құрылысы шешім қабылданған сәттен бастап шамамен 10-11 жыл ішінде іске асырылады» делінген ресми сайтта. Энергетика министрлігі Алмасадам Сәтқалиев атом станциясы шығынының өтелу мерзімі тарифтерге байланысты екенін мәлімдеп, «Бүгін мемлекет басшысы тарифтердің әлеуметтік жауаптылығы туралы нақты белгі қойды. Тариф неғұрлым аз болса, өтелу мерзімі соғұрлым ұзақ болады. Жалпы энергетикалы қ жобалардың бәрі энергияны қажет етеді. Бұл атом электр станциясына ғана емес, жалпы көмір станцияларының құрылысына да қатысты. Бастапқыда кем дегенде 10-15 жыл осы жобалардың қаржылық моделіне салынады. Инфляцияны ескере отырып, тарифті болжау үшін қосымша есептеулер қажет. Станция бойынша шешім қабылдау сатысында осы есептеулер жүргізіледі», — деді.

Дегенмен, АЭС салу мерзімі мен жобаның нақты құны ядролық технологияны таңдап, жобалық құжаттаманы әзірлегеннен кейін анықталады. Егер атом электр станциясы салынса, құрылыс жұмыстарына 8000 адам қажет екен. Тағы 2000 адам тұрақты жұмыс істемек.

РАДИОАКТИВТІ ҚАЛДЫҚТАРДЫ РЕТТЕУ ДЕ – МАҢЫЗДЫ

Ресми ақпараттарға көз жүгіртіп, осы саладағы сарапшылардың сөзіне сенсек, атом электр станциясын салып беретін елге тәуелді болмау үшін Қазақстанда қажетті мамандар даярлауға басымдық берілмек. Сондай-ақ ауқымды жұмысқа жергілікті өндірістер мен жұмыс күші тартылады.

– Бізде АЭС-ті басқара алатын кадрлық әлеует тапшы деп айтуға болмайды. Министрлікке қарасты екі мықты институт бар. Олар — Ядролық физика институты және Ұлттық ядролық орталығы. Бұдан бөлек, еліміздегі басқа да жоғары оқу орындарын жыл сайын жас мамандар тәмамдап жатыр, – дейді ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Ғұмар Серғазин.

Қазір еліміздегі уран қоры дүниежүзіндегі жинақтың 14 пайызын қамтиды. 2009 жылдан бері Қазақстан әлемдік өндірістің 40%-ға жуығын шығарып, уран өндіруде әлемдік көшбасшы елге айналды. Ресми деректерге көз жүгіртсек, елімізде 900 мың тоннадан астам уран бар. Уран қоры бойынша еліміз әлем елдерінде көш бастап тұр. Шетелдік сарапшылар осындай қоры мен ғылыми әлеуеті бар Қазақстан ұзақ жылдар бойы АЭС-ті уранмен қамтамасыз ете алатынын айтуда. Ядролық отын өндірісіндегі нөмірі бірінші металл — әрине уран. Радиоактивті химиялық элементтің тауықтың жұмыртқасындай ғана бөлшегі 88 тонна көмірден алынатын электр қуатын бөледі екен. Ал енді АЭСтен шыққан радиоактивті қалдықтар адамзат үшін қауіпті болып саналатыны сөзсіз. Себебі қанша жерден дабыра қылсақ та, радиоактив қалдықтарды сақтау мен өңдеу – шешімін таппаған күрмеулі мәселе. Ұзақ мерзімді радиоактив заттарды қауіпсіз күйде сақтау мәселесі қанша жылға созылатыны белгісіз. Мәселен, АҚШ-тың Yucca Mountain жобасы радиоактив қалдықтарды сақтау орны ретінде біраздан бері жоспарланған. Алайда жобаға қарсы сыни пікір көп айтылып, әлі күнге дейін күрес жалғасып келеді. Сонда егер ертең Қазақстанда АЭС салар болсақ, радиоактив қалдықтарды қайда және қалай сақтайтынымыз елді ойландыратын мәселе болмақ.

Сарапшылар радиоактив қалдықты сақтайтын арнаулы орындарды салуға көп қаражат кететінін жарыса айтып, ал олардың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – одан да бетер қиын шаруа екенін жарыса жазуда. Мамандар қауіпті АЭС-тің өзінен емес, оның қалдықтарынан іздеген жөн дегенді алға тартады. Ресми деректерге сүйенсек, әлемде бүгінге дейін ядролық қалдықтарды утилизациялайтын тәсіл табылмаған.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

30 градусқа дейін аяз. 25 қаңтарға арналған ауа райы болжамы

admin_mugalzhar

Тоқаев Құрбан айтта жағдайды ушықтырып алмауды тапсырды

admin_mugalzhar

АУДАНҒА «СЫР ДИДАРЫ» ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКТОРЫ КЕЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.