Өткен айда еліміздегі үлкен саяси науқанға қатыстық. Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайладық. Халық болып үкілеген үмітімізді арттық, сенім білдірдік. Егер халық пен билік арасындағы көпірді осы депуттар деп білсек, үнімізді үкіметке жеткізеді десек, бұл артқан үміт те түсінікті. Енді осы депутаттар расымен елдің қамын ойлап, халықтың дегеніне ден қойса екен деймін. Себебі менің жемқорлықсыз, дамыған, адами және рухани құндылығын жоғалтпаған мемлекетте өмір сүргім келеді. Елдегі әр адамның осыны қалайтынына кәміл сенемін.
Осы науқан бұрынғыларынан бөлек болғандай… Көп себептің бірі — «депутат боламын» деп «өкпелерін алып-ұшқандар» көп болды.Тіпті, қасымда жүрген жандардың мандатқа ұмтылып, іске мықтап кіріскені таңқалдырды. Депутаттыққа ұмтылғанына таң қалмадым, бірқатарының «қолыңнан келе ме?» деген сұраққа жауап таппағаны ойландырып тастады. Мәжіліске барғандарды түсінемін, «еліме пайдам тисін» деген ізгі ниеттен (болуы тиіс) бөлек, қолында билігі болады, оған мандат берер көптеген жеңілдіктерді қосыңыз, 1 миллионға жетіп жығылар жалақысы тағы бар… Бұл – мен тәрізді сайқал саясаттан хабары жоқ, көп нәрсені әлеуметтік желідегі шала-жансар ақпараттар мен ас үйдегі әңгіменің айналасымен бағамдайтын қарапайым жанның ойы. Мендейлер аз емес…
Ал енді жергілікті мәслихаттарға ұмтылғандардың ойында не бар екен? «Олар неге қызықты?» деген сұрақ қой баяғы… Барлық нәрсеге материалдық жағынан ғана қарайтын көрсоқыр көрмеңіз. «Айлық алмайды ғой, несіне барды» деп отырғаным жоқ. Атаққа ғана қызықты ма деген күдік бар. Көпке топырақ шашудан аулақпын, әрине. Мандатқа қол жеткізгендердің арасында «сары бала мен қара қазан қамы үшін» атқа мінгендердің барына сенемін, сенгім келеді… Әйтсе де, «депутат» деген атаққа қызығып немесе өзінің жеке ісін алға сүйреу үшін барғандар да жоқ емес деп ойлаймын. Осы жерде тас лақтырсаңыз да, жеке ойым осы.
Қош, сонымен сайлау бітті. Үміт артқанымыз дауыс бердік, сенімге селкеу түскеніміз қолды бір сілтедік… сайлауды өткіздік. Су жаңа депуттар іске кірісті. Енді кешегі кандидаттардың бүгінгі Парламент үйіне барғандарынан күтеріміз көп. Бірқатары әлден елдегі түйткілі тарқатылмай келе жатқан мәселелерді биік мінберден көтеріп-ақ жатыр. Қатты-қатты сөйлеп, тұщымды ой, саналы сұрақ қоюда.
Күні кеше осы сайлауға сыни көзбен қараған өзімнің көкейімде үміт оты сығалай бастағанын жасырмайын осы жерде. Жергілікті мәслихат депутаттары да ауылдағы ағайынның қамын жеп, мәселесіне мән артар, естір құлаққа жеткізер деп сенемін. Тек… «Күлтөбенің басында күнде жиын» болмаса болғаны…
А.САҒАТ, Ембі қаласы
Алдыңғы
Келесі