Бүгінде облыс орталығы Ақтөбе қаласында Ұлттық бірыңғай тестілеу өтуде. 18 мамыр мен 5 шілде аралығында өтетін аталған тестілеуге қатысуға аудан бойынша 478 оқушы ниет білдіріп, өтініш берген.
Аудандық білім бөлімінің мамандары 11-сынып оқушылары республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранты конкурсына қатыса алатынын, оларға тестілеуді 2 рет тапсыру мүмкіндігі берілгенін жеткізді.
— 2022-2023 жылы оқу жылында аудан бойынша мектептерде 11-сыныпты 511 түлек, 9-сыныпты 1140 түлек бітіреді. Ауданымыздан қаңтар, ақпан, наурыз айларында өтетін ұлттық бірыңғай тестілеуге 23 жалпы білім беретін орта мектептерден 478 оқушы қатысуға ниет білдірді. Оқушылардың көпшілігі қоғамдық гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық бағытты таңдады, — деді аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Жандос Байтақов.
Оның сөзінше 11-сынып бітіретін 511 түлектің ішінде 50 оқушы «Үздік аттестатқа», 24 түлек «Алтын белгіге» үміткер.
Н.АБАТ