«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТІРІҢДЕ СЕН БАУЫРЫМ ДЕП КЕТКЕНДЕР БҮГІНДЕ БАУЫР ЕТІҢ БАЛАҢДЫ ЖАТСЫНЫП ЖҮР…

Ата-әже… Қандай ыстық сөздер. Әкем мен ағам қайтқалы осы кісілердің құшағын аңсаумен өттім. Неге бауырларына баспады, неге бөтенсіп, кеуделерінен итерді? Осыны түсінбейақ келемін. Иә, шүкір, нағашы ата-әжем қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, өз ұлдарынан туған немерелерінен артық көріп, бір адамға тіл тигіздірмей, бар тәттіні алдыма үйіптөгіп өсірді. Бірақ сонда да «қан тартады» деген бар ғой.

Кішкентай кезімде аса қатты көңіліме алмай, аса көп ойлай қоймайтын едім, мүмкін бала болғасын шығар. Ал қазір есейдік, өзіміз де ана атанып, бір үйдің түтінін түтетіп отырғаннан болар, бауыр іздейді екенсің. Әкемнен қалған жалғыз қыз болғандықтан іштей жалғызсырайсың. Әкем мен ағам өмірден өткелі 25 жыл, мен өмірге келгелі 25 жыл болды. Зымыраған уақыт-ай. Менің бір түсінбейтінім, неге атаәжелер ұлы өмірден кетсе, артында қалған ұрпақтарын да ұлымен бірге ана өмірге аттандырып жібереді. Өмірде жоқ есепте санап, біржола араларын үзіп тастайды. Туған немерелерінен, туған қандарынан бас тарта салады. Оп-оңай. Қалай тыныш ұйықтап, қалай тамақтарынан ас өтеді. Әрине, бәріне топырақ шашпаймын, бірақ көпшілігі сондай. Жарайды, кемпір-шалдың тірлігі солай бола қойсын, ал бірге өскен, бір нанды бөліп жеген бауырлары ше, оларға бауыр керек емес пе?..

«Әкем жаман адам болған ба сонда?» деп өз-өзімді жегідей жейтін едім. Есейе келе әкемнің көзін көрген, ауылда бірге ойнап доп тебіскен, бір ұжымда қызметтес болған адамдардың аузынан тек жақсы сөздерді ғана естідім. «Сенің әкең кіріп келгенде отырған жеріміз жарқырап кететін еді, өте ақкөңіл және еңбекқор еді. Үйінде ең керемет адам сенің әкең еді, жоқ деген сөз естімейтін едік» дегендерді ғана естідім. «Сонда қалай, неге бұлай болды?» деген сұрақтардың әлі жауабын таппадым. «Әлде менің кінәм әкемнің артында ағам емес, менің қалғанымда ма?» деген де ойлар мазалайды.

Ауылға әкем мен ағамның зиратына барған сайын бауырла рының үйіне барғым келеді. Бірақ барғанда не деймін, «мен Дарханның қызымын ғой» деймін бе? «Мені бір іздемегендерді мен не деп іздеймін» деймін де артқа бұрылып кете беремін… Сосын әкеме іштей мұң шағамын: «Тіріңде сен бауырым дегендер, көзің кеткенде қызыңды жатсынды» деймін…

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Ғалымдар коронавирусқа төтеп беретін антидене мөлшерін анықтады

admin_mugalzhar

Қазақстанда қай өңір тұрғындарының табысы жоғары екені анықталды

admin_mugalzhar

Ертең кей өңірде 41 градусқа дейін ыстық болады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.