«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ақкүміс СҮЙЕУОВА: БАЛАНЫҢ ӨМІРГЕ КЕЛУ СӘТІ – ЕРЕКШЕ ҚҰБЫЛЫС!

Ресми дерекке сүйенсек, елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық әйел өмірге бала әкеледі екен. Ал ол нәрестелердің дүниеге келуіне көмектесетін жандар, әрине, акушерлер. Сол жандардың бірі — Ақкүміс Сүйеуова. Оның есімі қандыағаштық келіншектерге жақсы таныс. Ол 13 жылдан бері талай сәбидің өмірге аман-есен келуіне атсалысып, қаншама ананың бақытты сәтінің куәсі болды. Осынша жыл өтсе де, әрбір баланың өмірге келу сәтінде қобалжып, осы мезетті үлкен бір тебіреніспен қарсы алатынын айтады кейіпкеріміз. Сонымен…

Биыл еңбек өтіліне 17 жыл толып отырған Ақкүміс Асқарқызы 1985 жылы Шалқар ауданы Айшуақ-Бегімбет ауылында дүниеге келген. Ауылындағы Б.Сүлейменов атындағы орта мектебін аяқтағаннан кейін 2003 жылы Ақтөбе медициналық колледжіне акушерлік іс мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2006 жылы оқуын тәмамдайды. Сол жылдан бастап Мұғалжар аудандық ауруханасында жұмыс жасап келеді.

— Бастапқыда гинекология бөлімінде медбике қызметін атқарып, 2010 жылдан бастап перзертхана бөлімінде акушер қызметіндемін. Негізі отбасымда медицина саласында жұмыс жасайтын адам жоқ. Жалпы бұл салаға келуіме мектеп кезіндегі валеология пәніне деген қызығушылығымәсер етті, білем, — деп еске алды өткенді Ақкүміс.

Оның жұмыс кестесі әр минутына дейін жазулы. Таңда жұмыс ауысымын қабылдап, арнайы қағазда бөлімшеге түскен әйелдер туралы ақпаратты қарап шығады. Жұмыс уақыты таңертеңнен кешке дейін дамылсыз созылады.

— Жұмыс күні қаншалықты тыныш болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Себебі, кез келген уақытта жүкті әйел толғақпен келеді. Босануға келген әйелдерді қабылдап, жағдайын қадағалап, босанғанға дейін тексерулер жүргізіледі. Босанғаннан кейін кіндігі кесіліп, бой-салмағы, тағы да басқа медициналық өлшемдері өлшенеді. Содан кейін нәрестесімен бірге екі сағат босану бөлмесінде болады. Содан соң нәрестені киіндіріп, анасының қолына табыстап, сәбиімен бірге палатаға ауыстырылады. Әрі қарай баланың өміріндегі ең алғашқы екпесі салынады. Одан соң анамен балаға қатысты арнайы қағаздарды толтырып, келесі жүкті әйелге көшеміз. Қарбаласқа толы күн болса, түскі асымызды кешкі уақытта ішетін де кездеріміз де болады. Себебі, бізде басқа мекемелер секілді нақты белгіленген түскі үзіліс уақыты жоқ. Босанған келіншектерді уақытылы қадағалап, жағдайын сұрап, палаталарды тексеріп отырамыз, — дейді өзі жұмысы туралы.

Ұзақ уақыт баласызжүрген отбасылардың кішкентайлы болған кездегі қуанышына куә болу — ерекше сезім екенін жеткізді Ақкүміс.

-Мұндай сәттер әрине, жүрегіңді елжіретеді. Негізі бір күндегі босану санына келер болсақ, әрқалай болады, кейде біреу, екеу, кейде бес-алтау болуы мүмкін. Сәбидің қалай туылатыны акушерге ғана қатысты емес. Жүкті әйелдердің бала туу сәтіне қаншалықты психологиялық дайындықпен келгені де өте маңызды. Мұндай сәттерде барлығы жүкті әйел бақылауда болған амбулатория немесе емхана мамандарының қалай жұмыс істегеніне де байланысты, — деп жалғады сөзін кейіпкеріміз.

Жас та болса, жұмысын үлкен жауапкершілікпен атқарып жүрген дәрігерлер ішіндеАқкүміс Сүйеуованың жұмысындағы ең маңызды қажет қасиет — шыдамдылық. Себебі жанын шүберекке түйіп келген болашақ анаға барлық жағынан қолдау көрсете біліп, кез келген қылығына шыдамдылық танытып, босандыру процесіне үлкен төзіммен қарай білу керек.

— Жұмыста қызықта, қиын сәттер көп болады. Себебі біздің жұмысымыз жауапкершілігі көп жұмыс, бір емес екі адамның өмірі. Бастысы, ана мен бала амандығы. Келген әрбір анаға бақыт сыйлау, нәрестесімен аман-есен қауыштыру. Сол сәттің куәсі болу — ең керемет сезім, — дейді акушер Ақкүміс.

Гиппократ антына адалдық танытып жүрген бүгінгі кейіпкеріміз Байғанин ауданының келіні. Жолдасы Мырзабек екеуі 1 қыз, 3 ұл өсіріп, тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Балалары мектеп оқушылары.

— Екі адамның өміріне бірдей жауапты болу оңай емес. Өмірде текке жүрмегеніңді түсінесің. Кейде көпшілік орындарда, көшеде көріп, танып қалған ата-аналар кішкентайларын қолдарына көтеріп жүргендерін көріп, бойымды керемет сезім билейді. Олар да тоқтап, алғыс білдіріп жатады. Өзің өмірге әкелуге көмектескен бала мен оның атаанасының алғысы – біз, акушерлер үшін үлкен жетістік! – деді сөз аяғында Ақкүміс Асқарқызы.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ ТЕМІРЖОЛШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

admin_mugalzhar

2025 жылға қарай халықтың 99%-ы интернетке қол жеткізеді — Мамин

admin_mugalzhar

КӨЛДЕНЕҢ ТЕМІР АУЫЛЫНА АУЫЗ СУ ҰҢҒЫМАСЫ ОРНАТЫЛАДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.