«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ: ӘЛІППЕСІ — ӘДЕП, МІНДЕТІ — ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ

ӘРБІР ЖУРНАЛИСТІҢ АҚПАРАТ АЛАТЫН «ӨЗ АДАМДАРЫ» БОЛАДЫ. ОЛ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕЛЕРГЕ ДЕ ҚАТЫСТЫ. СҰРАҒАН МӘЛІМЕТ ПЕН РЕСМИ АҚПАРАТТЫ ТЕЗ ӘРІ ТОЛЫҚҚАНДЫ БЕРЕТІН БІРҚАТАР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР АУДАНДЫҚ БАСЫЛЫМНЫҢ ТІЛШІЛЕРІМЕН ТЫҒЫЗ ӘРІПТЕСТІК БАЙЛАНЫСТА. ӘРИНЕ, СҰРАҒЫМЫЗҒА ЖАУАП БЕРМЕЙ, ТЕЛЕФОН СОҚСАҚ КӨТЕРМЕЙ, ІЗДЕП БАРСАҢ ҰСТАТПАЙ, ӘЛЕККЕ САЛАТЫНДАР ДА ЖОҚ ЕМЕС. СОЛ СЕБЕПТІ МЕРЕКЕЛЕРІ ҚАРСАҢЫНДА ГАЗЕТПЕН ТЫҒЫЗ ЖҰМЫСТЫҢ ТҮК ТЕ «ҚОРҚЫНЫШТЫ ЕМЕС» ЕКЕНІН, МӘЛІМЕТ БЕРУ ҮШІН УАҚЫТ СОЗУДЫ ҚАЖЕТ ДЕП ТАППАЙТЫН ӨЗ ІСІНІҢ МАМАНДАРЫН СӨЗГЕ ТАРТТЫҚ…

Біздің дерек: Мұғалжар ауданында 154 мемлекеттік қызметші бар. Оның 64-і елді мекендерде қызмет атқарса, 90-ы қалалық мемлекеттік мекемелерде еңбек етуде. Ал мемлекеттік қызметтегі әйел адамдардың үлесі 51 пайыз болса, ер адамдардың үлесі 49 пайызды құрайды.

«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп алаш арысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, қарапайым халықпен жұмыс істеу үшін жайлы мінезқұлық керек. Халыққа қызмет ететін әрбір адамның адалдығы және әділдігі, өзі атқаратын жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сеніміне селкеу туғызбауы – мемлекеттік қызметкердің басты міндет. «Ақ жағалылардың» ел арасында осы қызмет туралы дұрыс пікірі мен оң көзқарасының қалыптасуы да өздері атқаратын жұмыстың нәтижесіне байланысты болмақ. Бұл орайда мемлекеттік қызметшілердің атқаратын міндеттері мен олардың қызметтегі әдебі туралы білу үшін Мұғалжар ауданының әдеп жөніндегі уәкілі Гүлпарам Ахметовамен байланыстық. Ол бұл қызметке осы жылдың 8-ші маусымында тағайындалған екен.

Мемлекеттік қызметші дегеніміз – қоғам мен биліктің ортасындағы көпір тәрізді. Ақпарат уәкілдерімен байланыс орнатып, түрлі оқиғалармен бетпе-бет келетін мемлекеттік қызметкердің жұмысын жеңіл деуден аулақпыз, әрине. Десе де, дөрекілік танытып жататындар да кездеседі.

Бұл мәселе төңірегінде редакцияға келіп, мұңын айтып, арызданған тұрғындар да баршылық. Міне, осындай оқиғалар мемлекеттік қызметшінің «жағымды портретін» қалыптастыруға кері әсерін тигізіп, сенімсіздік ұялатады.

«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сөз бар ғой. Сөздің құдіретін қазақтан асып түсінер халық жоқ шығар, сірә. Күрмеулі істің мән-жайын ақтаруға халық, әсіресе, ауыл әкімдері мен сала басшыларына көп жүгініп жатады. Сондықтан сыпайылық, сөз саптау — мемлекеттік қызметшінің этикасына жататын қарапайым ғана дүниелер. Мемлекеттік қызметші іс-әрекетіне жауаптылықпен қарап, жоғары орындаушылық, өзіне және әріптестеріне талап қоя білу, тәртіптілік және мүлтіксіз адамгершілік қасиеттеріне ие болуы тиіс. Мемлекеттік қызметшінің сыртқы мәдениеті мен ішкі дүниесінің ұштасып жатуы, әдептіліктің нышаны. Олардың моральдық-этикалық бейнесі мен кәсіби сапасына Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі жоғары талап қояды. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауына мониторингті және бақылауды жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығына сәйкес жаңа институт – әдеп жөніндегі уәкілдер институты енгізілді, олардың арнайы Ережесі бекітілді. Жалпы әдеп жөніндегі уәкіл дегеніміз – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін (бұдан әрі – Әдеп кодексі) бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші.

Сондықтан бүгінгі күні мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде. Өйткені, кәсібилік пен әдептілік қосылып, мемлекеттік қызметшінің тұтас имиджін көрсетеді. — Мемлекеттік қызметте жүргеннен кейін -халықтың сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асыру басты парызымыз. Бұл бәріміз үшін жауапты қызмет. Өз халқың үшін қызмет ету түсіне білгенге зор бақыт. Халық пен билік арасындағы дәнекер іспеттес мемлекеттік қызметшіден мемлекеттік билікке деген сенім басталады. Олардың біліктілігі мен кәсіби қабілеті, ел экономикасын көтеруге, мемлекетіміздің гүлденген және қауіпсіз ел болуын қамтамасыз етуге үлкен үлесін қосады. Әдеп жөніндегі уәкіл өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады, мемлекеттік қызметтің оң бейнесін қалыптастыруға өз үлесін қосады. Сонымен қатар мемлекеттік органның оң имиджін және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқан қызметшілерді көтермелеу туралы ұсыным білдіреді. Осылайша, әдеп жөніндегі уәкіл сыбайлас жемқорлықты ұлттық құндылыққа жат құбылыс ретінде сезіну, қабылдамау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастырудағы өз үлесін қосады. Осы мәртебелі лауазымға тағайындалғаныма аз уақыт болса да, ағымдағы жылға жоспарым көп,— деді әдеп жөніндегі уәкілі Гүлпарам Серікқызы.

Жүрген жолына бір шолу жасаған Гүлпарам Ахметова мемлекеттік қызмет білім, тәжірибе одан әрі жан-жақтылық пен шапшаңдықты, тез шешім қабылдап, нақты жоспарлауды талап ететінін тілге тиек етіп, «Әрине, қиындық тудыратын сәттер кездеседі. Дегенмен маған сеніп тапсырған қызметті аброймен атқарсамдеймін. Өз еңбекжолымды саралап қарап отырсам, баспалдақтың әр сатысына көтерілген сайын жауапкершілігі мен қиындығы қатар жүрген кезеңдер болғанын сезінемін. Бірақ осы уақыт аралығында үлкен тәжірибе жинақтап, кейінгі буын жас кадрларға ақыл-кеңесімді айтып, тәлімгерлік жасап, тәжірибеммен бөлісіп отырдым. Мемлекеттік қызмет әрбір адамның тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізетіні сөзсіз. Сенім мен үміт үдесінен шығу үшін уақытпен санаспай, дамылсыз қызмет ету керек деп ойлаймын. Иә, осы жылдары түрлі мадақтама, марапаттарға ие болсам да, нақ мемлекеттік қызметші үшін марапаттың көптігі маңызды емес, ол өз ісін шексіз сүйіп, адалдықпен еңбек ете білуінде. Халыққа қол ұшымды беріп, пайдам тисін деп тер төккім келеді. Туған елдің қызметінде болумен үшін үлкенмәртебе», — деп сөзін аяқтады.

Ұқсас ақпараттар

Президент Үкіметті отставкаға жіберді

admin_mugalzhar

КЕЗДЕСУ ЕКПЕ МӘСЕЛЕСІНЕ АРНАЛДЫ

admin_mugalzhar

АҒАЙЫННЫҢ ҮЙІНДЕ АЛАҢСЫЗ ЖАТАТЫН ЕДІК…

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.