Биылғы жылдан бастап еліміздегі мерекелер қатары жаңа екі мерекемен толықты. Үкімет басшысының қаулысымен енді мамырдың екінші жексенбісінде «Аналар күнін», ал маусымның үшінші жексенбісінде «Әкелер күнін» атап өтетін боламыз. Отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатында жалпыхалықтық сипат алады деген үмітпен енгізілген бұл мерекелердің маңызы жоғары екені айқын. Осы орайда, биыл алғаш атап өтілмек «Әкелер күні» қарсаңында Мұғалжар өңірінде ұзақ жылдар еңбек еткен, білікті маман, ардақты жан болған және бүгінде ұрпағының ортасында шүкірін айтып отырған әзіз әкелері туралы әрқашан әкеге жақын болатын қыздары қалам тербеді…
Әкем Данғұлов Ертіс Мұхамбетұлы 1966 жылы Ақтөбе облысы Октябрь ауданында Ақтөбе совхозында, ауыл шаруашылығы мамандарының отбасында дүниеге келді. Атам Мұхамбет «Пушкин» фермасында зейнеткерлікке шыққанша басқарма болған. Әжем Маржан үй шаруасында, «Алтын алқа» иегері. Әкем 1983 жылы совхоздың Н.Крупская атындағы орта мектепті бітіріп, сол Пушкин фермасында 1983-1985 жылдары қойшының көмекшісі болып қызмет атқарды. Содан 1985 жылы әскер қатарына шақыртылып РФ Хабаровск облысының Вашино селосында №92721 әскери бөлімінде, сотталған солдаттарды тәрбиелеу ротасының бөлімше командирі қызметін атқарып, 1987 жылы әскери борышын өтеп қайтқан. Сол 1987 жылы тамыз айында Ақтөбе совхозының жолдамасымен Октябрь ауданы ІІП-не патрульдік пост қызметі милиционері лауазымына қызметке алынып, құқық қорғау саласындағы өмір жолы басталды. Сол уақыттан бастап әкем 1995 жылға дейін уақытша ұстау изоляторында патрульдік пост милиционері қызметтерін үздіксіз атқарған.
1996 жылы МТК (мемлекеттік тергеу комитеті) құрылып, сонда ауысып, УҰИ кезекші лауазымына келіп, 1997 жылы қайтадан милиция қатарына келіп, сол лауазымында жұмысын жалғастырған. Қызметті атқарып жүріп, 2002 жылы ҚР ІІМ Ақтөбе заң колледжіне сырттайғы бөліміне түсіп, аталған оқу орнын 2004 жылы бітіріп, сол жылы Мұғалжар ауданы ІІБ УПИ көмекшісіне ауысып, кіші лейтенант атағын алды. Содан ІІБ басшылығы әкемнің іскерлігін бағалап, бөлімнің анықтама тобының анықтаушысы қылып 2006 жылы тағайындаған. Анықтаушыболып қызмет атқарған уақытында қылмыстың сан алуан түрін оның ішінде жол көлік оқиғаларын тергеп жүргізген. Кейін Мұғалжар АІІБ-нің кезекші бөлімінде аға инспектор кезекшісі болып ауысып, зейнеткерлікке шыққанша осы бір аудандық бөлімде тапжылмай 25 жыл қызмет атқарып, капитан шенінде зейнеткерлікке шықты.
Әкем асқар тауым, алынбас берік қамалым, қорғаным, айбыным, әрбір әке ұл-қыздарының жақсылықтарын көрсем екен деп, қайда жүрсе де амандығын тілеп отырады. Мен әкемді жақсы көремін. Себебі, маған өмір сыйлады, жақсы тәрбие берді. Ол үнемі «өмірдің ақ-қарасын ажырата біл және қандай қиындық болса да төзе біл» деп отырады. Менің әкем екеуміздің мінезіміз ұқсас, ал анама түр-тұлғам ұқсайды. Мен әкемнің бойынан намысжігерді байқаймын. Кейде сырттай қатал көрінгенімен, оның ішкі жан дүниесі өте жұмсақ. Ол біздің жақсы, бақытты, мұңсыз өмір сүргенімізді қалайды. Осындай әкемнің барына мақтанамын. Мен әкем мен анама өмір сыйлағаны үшін, жақсы тәрбиелегені үшін рақмет айтамынІ
Гүлдария ДАНҒҰЛОВА, Мұғалжар ауданы ПБ ЖПҚб ювеналдық полиция тобының инспекторы полиция майоры.