Ақтөбе облысында «Бұхара-Орал» магистральдық газ құбырының үшінші желісін салу бойынша ауқымды жобаны іске асыру басталды. Өңірде газ тасымалдау жүйесінің өткізу қуатын ұлғайту қажеттілігі бұрыннан бар. Мәселен, өткен қыста қолданыстағы екі желіге 170% жүктеме артылған.
Хромтау ауданында бастау алған жобаның салтанатты рәсіміне Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов қатысты.
Өңір басшысы жалпы құны 43 млрд теңге болатын жобаның Ақтөбе облысының одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы, Ақтөбе қаласының жаңа өндірістік кәсіпорындары мен тұрғын алаптарын газдандыру үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының қолдауының арқасында біз өңір үшін өмірлік маңызы бар жобаны іске асыруға кірістік. Қолданыстағы газ құбырлары өткен ғасырдың 60-80 жылдарында салынған. Бүгінгі таңда аймақтың белсенді дамуына және өткен жылдардағы халық санының өсуіне байланысты газбен жабдықтау қуатын арттыру қажет. Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласын, іргелес елді мекендер мен өнеркәсіптік объектілерді газбен жабдықтау «Бұхара-Орал» магистральдық газ құбыры арқылы жүзеге асырылады. Газ құбырының жаңа үшінші желісінің қуаты сағатына 526 мың текше метрді құрайды. Аталған газ көлемі Ақтөбе мен оған іргелес елді мекендерді дамытуға бағытталатын болады. Бұл жобаның құрылысын қысқа мерзімде аяқтау қажет», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Газ құбырының үшінші желісінің жалпы ұзындығы 165 шақырымды, жылдық қуаты – 2,4 млрд текше метрді құрайды. Құрылыста 330-дан астам адам жұмыспен қамтылады. Жобаны іске асыру мерзімі – 17 ай, бірақ мердігер жұмысты 2024 жылы аяқтауға уәде береді.
Айта кетейік, жаңа газ құбырының өткізу қабілеті Ақтөбе облысының қажеттілігін 50 жылға жабады.
Бұл ретте, оның құрылысы таяу жылдары 3 триллион теңге сомасына 30 ірі инвестициялық жобаны іске асыруға мүмкіндік береді.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ, «Ақтөбе» газеті.