«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ералы Тоғжанов Ақтөбедегі жолдарды асфальттау жұмыстарын тексерді

Облыс орталығында көппәтерлі үйлердің аулаларын және кіреберіс жолдарын асфальттау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгін өңір басшысы Ералы Тоғжанов Ә.Молдағұлова даңғылы, ағайынды Жұбановтар, Вавилов, Тургенев көшелері бойында орналасқан көпқабатты үйлердің аулаларында жүргізіліп жатқан асфальт жабындысын төсеу жұмыстарының барысын қарады.

Аталған аумақтарда облыс әкімі тұрғындармен кездесті. Олар бұл жерлердің көп жылдан бері жөндеу көрмегенін, бүгінде жұмыс белсенді түрде жүріп жатқанын сөз етіп, кейбір мәселелерін жеткізді. Тургенев көшесіндегі 102/1, 102/2 және 102/3 нөмірлі көппәтерлі үйлердің ауласына балалар ойнайтын алаңдар салынады. Ералы Тоғжанов осы үйдің ауласындағы сақталған тазалықты өзгелерге үлге етті. Аула сыпырушы болып жұмыс істейтін Зару Ғабдуллақызына жанашырлығы үшін алғысын білдіріп, әрбір адам тазалықты өз ауласынан бастау керек екенін айтты.

«Тазалық өз аулаңнан басталуы тиіс. Әрбір осы үйде тұратын адам жанашырлық танытып, тәртіпті сақтап, жан-жағын тазартып отырса, ол денсаулыққа да, табиғатқа да пайдалы. Тұрғындар ауызбіршілікте болғанда ғана, қала дамиды», – деді Ералы Тоғжанов.

Қазіргі уақытта 40 ауланы абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құрмыш, Шанхай, Тұрғынқалашығы аудандарындағы аулалар және Ақтөбе қаласының орталық көшелері, Есет батыр мен Тургенев көшелеріндегі аулаларды жөндеу қарастырылған. Жыл соңына дейін 45 ауланы жөндеу жоспарланған, қазіргі уақытта бұл конкурстық рәсімдер сатысында.

Ал Ақтөбе қаласында аула аумақтарының жалпы саны 800-ден асады. Биылғы жылы 100 аулаға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде былтыр басталған 15 аулада, яғни Әуеқалашығы, 11 және 12 мөлтек аудандарының аулалары жұмыстар биыл аяқталды.

Сондай-ақ, облыс әкімі Кірпішті тұрғын үй алабындағы Ақжар трассасы, Украинка тұрғын үй алабындағы №75 орта мектепке барар автомобиль жолындағы жөндеу жұмыстарын бағамдады. Елек өзені үстінен өтетін «Оңтүстік айналма жол» автожолындағы көпірдің күрделі жөндеу барысын тексерді.

Осы жылдың 17 шілдесінде басталған жұмыстарға   «Казкомсервис» ЖШС жауапты. 20 адам және 10 бірлік мамандандырылған техника деформациялық тігістердегі ақауларды жою бойынша жұмыстар жүргізіп, кейін оқшаулағыш материалмен жабу, қорғаныс қабатын және асфальтбетон жабынын орнатады.

Айта кетейік, 2022 жылы өңір басшысының тапсырмасы бойынша жол төсемінің жай-күйі тұрғындардың наразылығын тудырған көпірде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімі сол уақытта шұңқырларды жөндеу – бұл уақытша шешім екенін айтып, 2023 жылдың жазында 200 метрлік жол өтпесінде күрделі жөндеу жүргізуді тапсырған еді.

«Южпромснаб» битум қоймасы – облыс әкімі барған соңғы нысан болды. Ералы Тоғжанов бүгінгі күні облыс аумағында жүргізіліп жатқан ауқымды жол жөндеу жұмыстарына битум жеткілікті екеніне көз жеткізді. Қазіргі уақытта қоймаға Ресейдегі бірнеше компаниядан битум тасымалдануда.
Биылғы жылы өңірде 800 шақырым автожолдарды жөндеу және салу жоспарланған. Барлығы 98,6 мың тонна битум қажет болды. «Южпромснабтан» алынған 38 700 тонна битум компанияларға берілсе, 13 мың тоннадай битумды мердігерлер тамыз айында алады. Қазір қоймада 7 мыңға жуық өнім сақтаулы.

Д.АЙДАР, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

ҚАНДЫАҒАШТА КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ САЛЫНУДА

admin_mugalzhar

+46°С. Шымкент пен еліміздің барқатар өңірінде дауылды ескерту жарияланды

admin_mugalzhar

ГРАНТ – БІЛІМ және МҮМКІНДІК

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.