«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӨНЕР ЖӘНЕ БІР ҒҰМЫР…

ЖЕЛМЕН ЖАРЫСҚАН ЖҮЙРІКТЕРДІҢ ТҰЯҒЫНЫҢ ДҮБІРІНЕН БАСТАП, ТАБИҒАТТЫҢ ТАМЫЛЖЫҒАН СҰЛУЛЫҒЫН ПАШ ЕТІП, САМАЛ ЖЕЛДІҢ СЫБЫРЫ МЕН СУДЫҢ СЫЛДЫРЫНА ДЕЙІН ДОМБЫРА ШАНАҒЫНДА ӘУЕЛЕТЕ ОЙНАТА БІЛУ – ҮЛКЕН ӨНЕР. ОСЫ БІР СИҚЫРЛЫ ДҮНИЕНІҢ СЫРЫН ЖҮРЕГІНЕ ТҮЙГЕН БҮГІНГІ КЕЙІПКЕРІМІЗ ТЕКТІ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАРЛЫҒАШЫ, АУДАНЫМЫЗДЫҢ МАҚТАНЫШЫ, ДОМБЫРАШЫ, КҮЙШІ — СӘЛИМА АЛДАБЕРГЕНОВА.

Күйшілік қасиет сүйегіне біткен, құралай дарын, күйғұмырға өмірін арнаған Сәлима Дүйсенбіқызы күні кеше 70 жасқа толған ардагер ұстаз. Өнердегі әріптестері «оның шын есімі “Сәлима Алдабергенова” болса, тағы бір есімі “күйші” дейді.

Өзім осы Ембіде теміржолшылар отбасында өмірге келсем де, отбасым өнерден құралақан емес еді. Әкем Дүйсенбі, нағашым Жеңсікбай, ағам Жаңғара домбыраның құлағында шебер ойнайтын. Бала күнімізде үйдегі он бала да тамсана тыңдап отырушы едік. Кішкентайымыздан құлағымызға сіңіп өскендіктен бұл аспапқа құмар болдық. Үлкендердің айтуынша, ес білмеген кезден бастап домбыраны қолыма алып, сабалап тартып отырады екенмін. Кейін мектепте оқып жүргенде музыка пәнінен Базарбай Изимов деген ағайымыз сабақ берді. Сол кісіден неше түрлі күйлер үйрендік. Ең алғаш рет сахнаға да сол мектеп қабырғасында шықтым. 1966 жылы халық мақтанышы, жерлесіміз, академик Ахмет Жұбанов 60 жасқа толған мерейтойына орай бір топ өнер қайраткерлерімен елге келгенде, алдарында күй тартқанбыз. Шамамен 6-класс оқып жатқан кезім. Сол кісінің батасын алып, алғысына бөленгеннен кейін домбыра менің өнердегі өмірлік сыңарым болатынын ұқтым, — дейді домбырамен достасқан сәтін еске алған кейіпкеріміз.

Өнерлі қыз аға буыннан алған батасын арқаланып, Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің қазақ ұлт-аспаптар оркестрі бөліміне оқуға түсіп, 1973 жылы “әуесқой ұлт-аспаптар оркестрінің жетекшісі” мамандығын алып шығады.

Өнердегі ұстазым жырау, ақын Нұрпейіс Байғаниннің баласы, Қазақ ССР-нің халық ағарту ісінің үздігі атанған Момын Байғанин болды. Оқу бітірген жылдары еңбек жолымды 1973 жылы Орқаш совхозындағы Михайловка ауылының мәдениет үйінде әдіскер маман болып бастадым. Осы жерден мәдениет үйінің директоры лауазымына дейін көтерілдім. Жұмыстан қол үзбей жүріп, өнерімді, білімімді шыңдау мақсатында 1975-1980 жылдары Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын бітірдім. Дарынды апаларының өнердегі еңбек жолын өздеріне үлгі ететін әріптестері де Сәлима Дүйсенбіқызы туралы өз ойларымен бөлісіп, “кейде ол кісінің бойында Дина Нұрпейісованың қаны жоқ па екен деп әзілдейтініміз де бар”, — дейді.

Күйшілік қасиет Сәлима апайдың бойында туа бітті пайда болған дарын деп білеміз. Оның домбыра ұстап отырғаны, фактурасы, домбыраны сағасына дейін қолының жылдамдығымен жүгіртіп өтетіні, күрделі күйді ойланбай-ақ, қиналмай, емін-еркін тартып отыратынына қайранбыз. Сонау ғасырдан келе жатқан күйлерді ойнайтын адам жай адам емес деп айтар едім. Оны түсінетін, тарихын білетін, ол шығарманың ішкі дүниесін сезініп, ұғынып, оны сол қалпында сондай суретпен жеткізіп орындап беру — үлкен өнер. Сәл кейінге шегінсем, әлі есімде, ең алғаш Ембіде саз мектебі ашылған уақыт. Ол кезде білім бөлімінің меңгерушісі Білісбай Сәулебаев деген ағай еді. 1977 жылы осы мектепті ашып, жетекші ұстаз ретінде Сәлима апайды шақырған еді. Көптеген шәкірттер тәрбиелеп, шыңдап жарыстарға апарып жүрді. Нәтижесінде 1980 жылдары ұлт-аспаптар оркестрін құрып, қаншама еңбектенгеннің арқасында Республикалық байқаудың қорытындысымен “Халықтық” атағына ие болды. Бұл — аудан тарихына, мәдениетіне енген үлкен жаңалық еді. Сәлима апай барлық өмірін өнерге арнаған нағыз майталман деп айтар едім, — дейді Ембі қалалық мәдени орталығының директоры Нұржамал Шамуршанова.

Сол «Халықтық» атағын алған 1984 жылы Алматыда телеарна арқылы Құрманғазы, Дина, Қазанғап, С.Хұсайновтардың күйлерін дара орындап, лауреат атанып, оркестр де тамаша концерт береді.

Қазір ақпараттың көп заманында құлақты таза ұстау, менің ойымша, мүмкін емес. Күйдің бәрін құйма құлақ тәсілімен үйрену керек. Біз тыңдау арқылы қабылдадық. Ал әрі қарай дамуға әрине, еңбек керек. Оған оқуың, тоқуың, ізденуің, үйренуің жатады. Сондай бір ауыр күйлерді де лезде жаттап алатынбыз, — дейді өзі.

Бірде Дина Нұрпейісованың бейнесін сомдаған күйші, әрі актриса Бақыт Қарабалина өзінің кездесу кешінде күйші қыздың өнеріне тәнті болып, Алматы консерваториясына шақырады.

Бірақ жаным аса қаламады. Мен жоғарыда айтқандай, танымал болуды емес, сүйікті ісімнен ләззат алып, бар білгенімді қағып алатын шәкірттер тәрбиелеуді армандадым. Арманыма жеттім деп ойлаймын. Қазір мен ұстаздық еткен шәкірттер Республика көлеміне белгілі Қанат Айтбаев, Шыңғыс Бейісов, Шарбат Шолпанова, Ұлболсын Сүлейменова, Оңғарбек Тасқарин, Жандос Бралин тәрізді өнер иелері осы салада қызмет атқаруда, — деп шәкірттерімен мақтанып алды ұстаз.

Біз сұхбат барысында күйшінің өнегелі істері мен дәріпті дәрістерін өмірі мен өнеріне үлгі еткен шәкірттерін де сөзге тарттық.

Өнерлі жанның өнегесін мақтан тұтып, оны кейінгіге паш ету барысында сөзімді әріден бастасам деймін. Ұстазымның домбыраға деген құштарлығы атадан дарыған. Жақсылардан дарыған өнер тектілігі күй айдынында жүзуге жол ашқан да болар. Негізі ұстазым өнер жолында Момын Байғанин, Қайырғали Қожанбаев, Бақыт Қарабалина, Өтеген Убайдуллин сынды керемет өнер иелерінен бата алған жан. Аталы батаның рухы да қуат беріп, өнер жолының өркендеуіне септігін тигізген де шығар. 9-шы класта оқып жүрген кезінде Ақтөбе қаласында өткен домбырашылар байқауына қатысып, аспапта ойнау шеберлігімен қазылар алқасын тәнті етті. Сол жарыста алқаның  төрағасы, әйгілі күйші, Ақтөбе мәдени ағарту училищесінің  мұғалімі Момын Нұрпейісұлының «біздің училищеге кел, мынадай тамаша өнеріңмен біліміңді шыңдау керек» дегені де естеліктерде айтылады. Ұстазым бір естелігінде өнер қайраткерлері Алматы консерваториясына шақырғанын да сөз етті. Мүмкін сол кезде Алматыға кетіп қалғанда өнер жолы басқаша болар ма еді, кім білсін… Ал менің ұстазым ауылдан алыстамай, Алла берген өнерін халқына сыйлай білді. Ембі қаласынан мектептің ашылуына мұрындық болып, домбыраны алғашқы нота сауатымен үйреткен де өзі еді. Нотаны шемішкідей шағатын оқушыларды іріктеп, оркестр құрамына отырғызып, күй үнінің бояуын нәрлендіре бастады. Оркестр репертуарында Құрманғазы, Дина, Қазанғап күйлерімен қатар халық әндері «Дедімай-ау», «Ахау керім», «Қарлығаш», А.Жұбановтың №1,4,5 «Тәжік билері» және орыс композиторларының шығармалары орын алды. Көрермендердің көзайымына айналған оркестр 1984 жылы «Халықтық» атаққа ие болып, құрамы 30-ға жуық өнерпаздармен толықты. Бұл әрине, Салима Дүйсенбіқызының қиындығы да, қызығы да мол еңбегінің шығармашылық жемісінің бір тармағы болса, ал ұстаздық жолы танымы мол үлкен тарих. 50 жылға жуық  ұстаздық және шығармашылық жолында саналы еңбек етіп, жас жеткіншектерді  домбыра аспабына баули білді. Бүгінде сол шәкірттері еліміздің өнер саласының дамуына үздіксіз еңбектерін қосып жатқаны белгілі. Ұстазым қайсар мінезімен, қарапайым болмысымен, ұйымдастырушы шеберлігімен талапты да қоя білетін жан. Сан қырлы, күрделі күйдің тарихын, көркемдік сырын, ойнау техникасын жүрекпен сезінген күйшінің репертуарының көлемі де ауқымды. Салима Дүйсенбіқызы жерлесіміз академик Ахмет атамыздың өнердегі сара жолын жалғастырып, Мұғалжар өлкесінен алғашқы халық аспаптар оркестрін ұйымдастырса, ал ұстаздық жолында күйдің дара орындаушылық жолын қалыптастыра білді. Бүгінде өзі жетекшілік етіп келе жатқан халық аспаптар оркестрі жарты ғасырға жуық халықтың ықыласына бөленіп келеді. Бірде менің «Өнер жолында әттең-ай деген жерлеріңіз болды ма? — деген сұрағыма — жоқ болмады, менің арманым өмірімнің соңына дейін қазағымның қоңыр домбырасын жаныма серік етіп, шәкірттеріме үйретуден жалықпаймын», — деп жауап берген еді. Бұл сөздерінің ар жағында ұлағаттылықтың нұры есіп тұрғаны сөзсіз. «Болмасаң да, ұқсап бақ» дегендей, бала кезімнен өнерге баулыған ұстазыммен бүгінде әріптес болып, қырық жылға жуық уақыт оркестрде қобыз аспабында ойнап келе жатқанымды мақтан етемін және ұстазымның  киелі өнеріне басымды иемін, — дейді шәкірті Ұлболсын Сүлейменова.

Жарты ғасыр өмірін өнерге арнаған Сәлима Дүйсенбіқызы бүгін де өнер ордасынан алыста емес. Зейнеттік жасында болса да, Даража Қоспағамбетова жетекшілік ететін әжелер ансамбілінің көркемдік сүйемелдеушісі. Өнердегі әріптестері мен шәкірттері ұстаздың әлі күнге дейін домбырасын жанынан тастамайтынын, өмірде де, өнерде де сыңарындай болып кеткенін айтады. Алыс сапарларға жолға шыққанда міндетті түрде күй орындап беруін өтінеді екен. «Сәлима апайдың күйінің күшімен тылсым әлемге барып қайтқандай болып, діттеген жерімізге қалай тез жеткенімізді білмей қалатынбыз» дейді өз әңгімелерінде.

Еңбегінің еленгені болар, жылдар желісінде атақ пен марапаттан да құр қалмады. 1981 жылы «Халық – талант қайнары» байқауында лауреат атанды. 1984 жылы ҚазССР мәдениет министрінің Құрмет дипломымен, 2015 жылы Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының Құрмет грамотасымен, облыстық, аудандық әкімдердің Алғыс хаттарымен марапатталып, өткен жылы кеудесіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі атынан берілген «Еңбек ардагері» медалі мен «Құрманғазы Сағырбайұлы» атындағы төсбелгісін тақты.

Мен өнерге толы өмір жолымда бар білетін өнеріммен бөлісіп, жақсы көретін ісіммен айналыстым. «Адам өзіне ұнайтын іспен айналысса, бір күн де жұмыс жасамайды» деген сөз бар. Яғни, сүйікті істі жұмыс деп емес, өмірлік ісім деп білу керек. Мен үшін де өнер — өмірлік жолым, — дейді күйшінің өзі.

Күні кеше Сәлима Дүйсенбіқызы мерейлі 70 жасқа толғанын айтып өттік. Өнер иесінің ендігі арманы сахнада жүрген 50 жылдығына арнап үлкен көлемде шығармашылық концертін беру. Жарты ғасыр, бір адамның ғұмырындай уақытта сахнаның саңлағына айналған бүгінгі кейіпкеріміздің өнерге деген махаббатын шын сезінгендейміз. Өнер және бір ғұмыр…

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда әрбір баланың Ұлттық қордан ақша аударатын есепшоты болады

admin_mugalzhar

35 қазақстандық университет Азияның үздік жоғары оқу орындарының рейтингіне енді

admin_mugalzhar

ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.