«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МЕН ГАЗЕТ ОҚИМЫН!

Бүгінде «газетті ешкім оқымайды» дегенді арагідік естіп қалатын болдым. Осы сөз жүрегіме тиеді. Мені газет саласында қызмет ететін әрбір жан түсінеді деп білемін.

Мен «Мұғалжар» газетіне қырық жыл өмірімді арнадым. Осы жерге жап-жас болып келіп, самайымды ақ шалған уақытта зейнеткерлікке шықтым. Әрбір материалдың жазылуы, газеттің шығуы, оқырманға жетуі жолындағы қиындықтарды жыр қылып-ақ айтып берер едім, әттең уақыт жетпес!

Өзім баспаханашылар отбасында өмірге келгендіктен газет иісін бала кезден иіскеп өстім. Содан да болар, газет мен үшін – балалығым, жастығым, ес тоқтатқан ересек өмірім. Сондықтан «газетті ешкім оқымайды» деген сөзді түсіне алмаймын.

Біле-білген адамға газет – тарих! Өзім ұзақ жыл бірге қызметтес болған, аудандық басылымда редакторлық қызмет ат-қарған Бақытжан Ниеталы ағайымыз айтпақшы, «біз тоқсан жылда газет емес, тоқсан томдық кітап шығардық». Ол дегеніміз, бір газет – бір том, бір сәт және бір ғұмыр…

Ертеңгі болашақта ауданның дамуы жолындағы атқарылған жұмыстар, әрбір ғимараттың лентасы қиылған шақ, кез келген кейіпкердің айтары, жалпы ауданның тарихы мен өткенін Сіз осы газеттен ғана табасыз! Өкінішке орай, соны түсінетіннің қарасы азайып барады…

Ия, бүгінгі өмір – қолымыздағы ұялы телефонға телмірген шақ. Ақпаратты сол жақтан аламын деушілер көп. Бірақ, әрбір телефондағы өмір бүгін бар, ертең жоқ. Ал қағазға басылған әрбір әріптің тарих парақтарына жазылары хақ. Бүгінгі қоғамның қорқынышты жақтарының әрбір сәтімізге дендеп еніп кеткені де осы әлем-жәлем өмірдің уақытымызды ұрлап, миымызды улап, өз билігін құра бастағанында ма деп ойлаймын.

Бірақ бұл – көшкен көштен қалу керек дегенді білдірмейді. Заман ағымына сай даму – маңызды, әрине. Десе де, бүгінгіні таразыдан өткізіп барып қабылдау – басқа әңгіме. Барлық жаңа нәрсе – жақсы нәрсе деген сөз емес. Оны жетпіске жақындаған жасымда анық растай аламын.

Сонымен, әңгімем газетпен басталып еді ғой. Сол газетті оқымайтындарды газет оқуға шақырамын. Кітап пен газетті оқыған адамның өресі кең болады, сөздік қоры толығады, сөз саптауы өзгереді, рухани бай болады, мәдениеті артады, білімі мен білігі молаяды.

«Уақыт жоқ» деген бос сөз. Сол қолыңыздағы ұялы телефонға бір кіріп кетіп, әлеуметтік желідегі парақшалар бетіндегі өзгелердің өмірін бақылаймын деп өз өмірімізді өткізіп алып жатырғанымызды мойындау да ерлік!

Бүгінде өзім Қандыағаштан Қарағандыға көшіп кетсем де, «Мұғалжарымды» жаздырып алып, асыға күтіп оқып отырамын. Кеше газеттің тілшісі болсам, бүгін тұрақты оқырманымын. «Мұғалжарыма», әріптестеріме шығармашылық табыс пен көзі қарақты оқырман тілеймін!

Ізгілік Тағанова, ардагер журналист

Ұқсас ақпараттар

МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ТӘРТІП САҚШЫЛАРДЫҢ КӨМЕГІ

admin_mugalzhar

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ

admin_mugalzhar

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.